Жасотандықтар ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «30 игі іс» республикалық акциясына белсенді атсалысу үстінде. Өткен аптаның соңындағы жаздың жаймашуақ күнінде олар қоршаған ортаны қорғау мақсатымен жаппай республикалық экологиялық акция ұйымдастырды.
Елордадан бастау алған акция, еліміздің облыс, аудан орталықтарында да өтті. Оған қатысушылар көшелерді, арықтарды, қоқыс орындарын тазалауға көмектесті. Бәрі де әлеуметтік қашықтықты және медициналық маска тағу режімін қатаң сақтады.Мысалы, Ақмола облыстық Jas Otan ЖҚ филиалы Көкшетау қаласының орталық саябағында акция ұйымдастырса, Алматы жастары қаланың ағаштарымен жасыл желектерін күтiп ұстау мен қорғауға атсалысты.Jas Otan ЖҚ төрағасы Нұржан Жетпісбаев атап өткендей, әрбір экологиялық акция тәрбиелік сипатқа ие. Ол қоршаған ортаға деген сүйіспеншілікті күшейтіп, экологияны қорғаудың өзекті мәселелеріне назар аудартады.«Экологиялық акция өзінің тікелей міндетінен басқа, тағы бір маңызды функцияны орындайды. Ол азаматтық ұстанымы биік тұлғаларды «Бұл – менің қалам. Мен оны таза және жасыл етемін!» идеясымен біріктіреді. Бұл іске жастардың көптеп келуі және қаламыздың келбетін жақсартуға өз үлестерін қосқаны мені қатты қуантады. Өйткені «30 игі іс» акциясы адамдар мен қоғам үшін арналған нақты іс-шараларға, мейірім мен жақсылықты арқау еткен акцияларға негізделген», деді Нұржан Жетпісбаев.Өз кезегінде Biz Birgemiz қозғалысының волонтері Руслан Бахтияров әрбір акция қаланы көркейтуге және еріктілер қозғалысына өз үлесін қосуға үлкен мүмкіндік беретінін атап өтті.«Мен мұндай акцияға бірінші рет қатысып отырған жоқпын. Мамыр айында біз Екінші дүниежүзілік соғысы батырларының құрметіне ашылған саябақтарды, аулаларды және ескерткіштерді тазарттық. Бүгін біз елордамыздың шалғай аудандары мен көшелерін тазаладық. Аталған сәтті пайдалана отырып, жастарды табиғатқа ұқыпты қарауға шақырамын», деді ол.Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «30 игі іс» акциясы шеңберіндегі іс-шаралар әрі қарай жалғасып, келесі айларда мынадай тақырыптарға арналады: шілде – Baqytty otbasy, тамыз – Damý, қыркүйек – Bіlіm, қазан – Ómіr syıla, қараша – Sana, желтоқсан – Egemendіlіk.