• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 30 Маусым, 2021

Қой экспортына тыйым салына ма?

601 рет
көрсетілді

Үкімет мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп тірі қойдың экспортына толық тыйым салу туралы ұсынысты қарады. Ұсынысты Қазақстанның қой өсірушілер ұлттық қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев жолдаған болатын.

Ұлттық статистика бюросы­ның деректеріне сүйенсек, жыл басында елдегі қойдың басы 20,05 млн-ды құраған. 2020 жылдың қорытындысы бойынша өсім 902 мың басқа (4,7 пайызға) тең. Бұл соңғы 10 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Осы жылдың басынан бері төл есебінен қойдың басы 7,1 млн-ға ұлғайды. Осылайша, 1 маусымдағы дерекке сәйкес Қазақстандағы қойдың саны 27,1 млн-ға жетті.Жыл сайын елімізде 172,4 мың тонна қой еті өндіріледі. Ішкі нарықты қамтамасыз ету көр­сеткіші – 100,7 пайыз. Осы жылдың төрт айында Бірік­кен Араб Әмірліктеріне, Өзбек­стан, Бахрейн және Ресей мемлекеттеріне 538 тонна қой еті экспортталды. «Алайда қой шаруашылығы саласындағы басқа қоғамдық ұйымдар қой экспортына ты­йым салу мәселесі фермерлердің қаржылық жағдайына теріс әсер етуі мүмкін екенін жеткізіп, ты­йым салуды енгізбеу жөнінде өз ұстанымдарын білдірді», деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі. Ведомство биыл құрғақ ауа райы жағдайына байланысты оңтүстік өңірлерде азық баға­сының өсуі байқалып отыр­ға­нын алға тартты. Шөптің азды­ғына байланысты фермерлер үлкен аумақтан жем жинауға мәж­бүр. Бұл жанар-жағармай шығындарын және жем бағасын арттырады. Осылайша, жем-шөпті уақ­тылы дайындау және сатып алу мақсатында фермерлер төлдерін жазғы, күз­гі кезеңдерде өткізуге мәжбүр болады. Бұдан бөлек, пан­демияға байланысты экс­порттық нарық­тар то­лық қалпына келтірілмеді. Авиа­тасымалдау құны 2 есе өсті. Барлық өңірде артық қой етін экспортқа шығаруға мүм­­кіндік беретін заманауи сер­ти­­фикат­талған ет өңдеу кә­сіп­орын­­дары жоқ.«Фермерлер мұндай қиын жағдайда тірі қойдың экспортына тыйым салу олардың қар­жылық жағдайына теріс әсер етеді деп санайды. Сатып алу бағасының төмен болуына байланысты фермерлердің мал басын күтіп-бағуға жұмсаған шығындары өтелмейді және олар мал басын ұлғайтуға мүд­делі болмайды. Қазіргі уа­қытта Қазақстанда ауыл ша­руа­шылығы және қаржы министрліктерінің бірлескен бұйрығына сәйкес аналық ұсақ мал басын шығаруға тыйым салынған», деп хабарлады ведомство. Бұған дейін Ауыл ша­руашы­лығы министрлігі қой шаруашылығын дамыту үшін арнайы мемлекеттік көмек көрсетілетінін хабарлаған бола­тын. Асылдандыру жұмыс­тары, асыл тұқымды мал басын сатып алу, бордақылау алаң­дарына немесе етті қайта өңдеу кәсіпорындарына өткізіл­ген қошқарлардың құны, сон­дай-ақ шаруашылықтарда және ауыл шаруашылығы коопера­тивтерінде аналық мал басын қолдан ұрықтандыру жөніндегі қызметтер субсидияланады.Сөйтіп, тараптардың пікір­лерін ескере отырып, ведомство­аралық комиссия тірі қойдың экспортына толық тыйым салу әлі жетіліп-піспеген мәселе деген тұжырымға келді. Талқылау қорытындысы бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігіне осы күзде қой етін өндіру және сату секторының теңдестірілуін қамтамасыз ету мақсатында тірі малды экспорттауды квоталау тетігін енгізу тапсырылды.