Коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау көрсеткіші төмен өңірдің бірі – Атырау облысы. Енді тұрғындар арасында вакцина алу қарқынын арттыру үшін ақшалай сертификаттар ұтысқа қойылатын болды. Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің мәліметінше, мұндай ынталандыру тәсілі үш ай бойы жалғасады.
– Өңірде 26 маусымнан бері коронавирус инфекциясының тіркелуі жоғарылады. Сол себептен өңір «қызыл аймаққа» өтті. Соңғы тәулікте індетті жұқтырудың 66 жағдайы анықталып, репродуктивтік коэффициенті 1,27-ге жетті. Осыған байланысты жағдайды тұрақтандыру үшін бас санитар дәрігердің қаулысымен 28 маусымда Атырау облысында карантиндік шектеу шаралары күшейтілді. Ал «Теңіз» кен орнындағы карантин мерзімі ұзартылды, – дейді М.Досмұхамбетов. Әкімнің мәліметіне сүйенсек, қазір облыстағы инфекциялық төсектік-орын саны – 2 098. Жүктеме – 346 науқас немесе 16,5%. Бұл 1 маусымдағы жағдаймен салыстырғанда 21%-ға төмен. Өңірде 81 реанимациялық төсектік орын бар. Онда 25 науқас емделуде, жүктеме – 31%. Бұған қоса қосымша 750 төсектік орын әзірленді. Оның 57-сі реанима-циялық орынға арналған. Қазір қауіпті вирусты жұқтырғандардың арасынан 347 науқас амбулаториялық ем қабылдап жатыр. Үй жағдайында емделіп жатқан науқастарға 26 мобильдік бригада бақылау жасайды.– Өңірге коронавиурсқа қарсы салынатын вакциналардың 1-компоненті үшін 120 200 дозасы, 2-компоненттің 117 200 дозасы жеткізілді. Вакциналардың 1-компонентін 81 861, 2-компонентін 44 827 адам салдырды. Қазір вакциналау қарқыны артып келеді. Өткен аптада алдыңғы аптамен салыстырғанда екпемен қамтылғандар саны 41%-ға өсіп отыр. Жалпы, екпе жұмыстарын жүргізу үшін облыста 41 егу кабинеті ашылды. Оның ішінде 31 стационарлық, 10 жылжымалы бекет бар. Демеушілердің қолдауымен алдағы үш айда екпе алушылар арасында ақшалай сертификаттардың ұтысы ұйымдастырылады, – дейді облыс әкімі. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, кәсіп-керлік нысандарының арасынан «Дина» сауда орталығының басшылары ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін вакцина алғандарға сыйлық беру бастамасын ұсыныпты. Аталған сауда орталығындағы вакциналау бекетінде екпе алған әр адамға сыйлық беріледі.– Өйткені пандемияның қаупі әлі сейілген жоқ. Тіршілік қамымен жүретін тұрғындар қауіпсіздік шараларын сақтауды ескермеуі мүмкін. Сол себептен біз де базарда кәсібін жүргізетіндер мен келушілердің ұжымдық иммунитеті қалыптасқанын қалаймыз. Вакцина салдыру арқылы ғана коронавирус инфекциясының таралуын тоқтата аламыз. Күзге қарай вакцина алғандардың арасында тұрмыстық техникалардың ұтыс ойынын өткізуді жоспарлап отырмыз, – дейді «Дина» сауда орталығының әкімшісі Баян Райымқұлқызы.Тұрғындарды вакцина алуға ынталандыратын бастамаға өзге сауда орталықтарының иелері де қолдау білдіріп отыр. Соның бірі – «Тамаша» сауда орталығы. Бұл сауда орталығында вакцина алғандарға лотерея билеті беріліп, тіркеуден өткізеді. Лотереяның қорытындысы 15 тамызда шығарылып, жеңімпаз Грузия еліне туристік жолдаманы иеленеді.
Атырау облысы