Алматыда дәретхана шұңқырына бір үйдің үш адамы түсіп мерт болды. Полицейлер оқиғаның қалай болғанын айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Алматы қалалық Полиция департаменті мәліметінше, патрульдік полицияның екі экипажы дабылды қоңырауға дереу жауап берді. Бұл 30 маусым кешкі сағат сегіз де болды.
«Кезекші жедел уәкілден қоңырау түскеннен кейін бірнеше минуттан соң біз оқиға орнында болдық. Сырттағы дәретханаға бірнеше адамның құлап кеткені туралы ақпарат алдық. Дәретхананың сыртын алып тастап, шұңқырға баспалдақ түсірдік. Бірінші болып төменге полиция капитаны Мұрат Кәкібеков түсті. Біз баспалдақ пен оның қолынан қатты ұстадық. Тереңдігі шамамен 3 метр. Мұрат ер адамның қолынан ұстап үлгерді. Оны шығарып алдық. Капитан Кәкібековті бірден полиция аға лейтенанты Мадияр Төлембаев ауыстырды. Ол бір жасар қызды тауып, сыртқа шығарды. Өкінішке орай, бала қайтыс болды. Осы кезде құтқарушылар келді. Олар 56 жастағы әйел мен 12 жасар баланың денесін шығару үшін арнайы құралдарды қолданды. Отбасы үшін ауыр, орны толмас қайғы», деді, патрульдік полиция Полкінің взвод командирі Асыл Разбек.
Құтқарылған ер адам, жедел жәрдемге тапсырылып, шұғыл ауруханаға жеткізілді.
«Қайғылы жағдайды анықтау барысында, кешке үйдің ауласында ойнап жүрген бір жасар қыздың байқаусызда көшедегі дәретханаға түсіп кеткені анықталды. Мұны көрген оның 1955 жылы туған әжесі мен 12 жасар ағасы көмекке жүгіріп келді, олар сәбиді шығарғысы келді, бірақ олар да шұңқырға түсіп кетті. Содан кейін балалардың әкесі көмекке келді - 1980 жылы туған К.есімді азамат. Дәретхана шұңқырына түсіп кеткен балалары мен анасын сол жерден шығаруға тырысқан. Алайда, ол да есінен танып қалды», деді Наурызбай аудандық полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Дидар Аханов.