Латвияның мемлекеттік жедел медициналық комиссиясы коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты жарияланған медициналық төтенше жағдайдың күшін жойды. Бұл туралы ел Үкіметінің баспасөз қызметінде мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz..
Денсаулық сақтау министрі Даниэль Павлютстің мәлімдеуінше, ауруханалардағы және денсаулық сақтау жүйесіндегі жағдай мұқият талданып, қанағаттанарлық деп танылды. Ауруханаларда індетке шалдыққан науқастар саны едеуір азайған. Қазіргі уақытта бұл науқастарға тек Ригадағы клиникалық университеттердің ауруханалары мен ірі аймақтық ауруханалар көмек көрсетеді.
Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарламасында көрсетілгендей, елдің медициналық мекемелері сырқаттанушылық деңгейі жоғарылаған жағдайда, үш күн ішінде коронавирустық инфекцияға шалдыққан науқастарға арналған төсек-орын санын қалпына келтіруге дайын болуы тиіс.
Латвия медицинасындағы төтенше жағдай 2020 жылдың желтоқсанында жарияланған болатын.