Елордада өрт жиілеп кетті. Үстіміздегі жылдың тек соңғы үш айында ғана 222 өрт тіркелді, онда 11 адам қайтыс болды. Шығын 9418 мың теңгені құрайды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, өрт 51 пайызға, адам өлімі 5 пайызға өскені байқалады. Осыған байланысты айтарымыз, бізді бәрінен бұрын тілсіз жау жалмаған адам санының көптігі алаңдатады. Жылдың басында елорданың Промышленный аймағында 1952 ж. туған азаматша Т. Ембергенова және 1953 ж. туған азаматша Ш.Жолдасбаева өрттен опат болды. 25 ақпанда Ақан сері көшесі бойында орналасқан тұрғын үйде өрт шығып, нәтижесінде 5 адам – 1975 ж. туған азаматша И. Шайдулина және оның төрт баласы қайтыс болды. 27 наурызда осындай тұрғын үйде болған өрттен 1968 ж. туған азаматша Г. Чайкина және 1999 ж. туған азамат Б. Қайкенов көз жұмды.
Осындай және басқа да көптеген өрттердің шығу себебі пешті пайдалану кезінде жалпы өрт қауіпсіздігінің сақталмауы, электр жүйелері, электр қондырғыларын жөндеу және техникалық пайдалану ережелерінің бұзылуы, сондай-ақ олардың әбден тозуы болып табылады. Міне, сондықтан да өрттің басты бөлігі азаматтардың қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін білмеуі мен оны елемеушілік себебіне байланысты тұрғын үй секторларында жиі орын алады.
Серік БЕЙСЕМБЕКОВ, Алматы ауданының ТЖБ аға инженері.