• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Медицина 02 Шілде, 2021

Кімдер тегін скринингтен өте алады

356 рет
көрсетілді

Қазақстан халқы арасында тоқ ішек обырының кең таралуына байланысты, 50-60 жас аралығындағы қазақстандықтар медициналық тексерістерден тегін өте алады, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Медициналық тексерістен мемлекеттік облыстық ауруханалар мен онкологиялық диспансерлерде өтуге болады. 

Өткен жылы 3 117 қазақстандық тоқ ішек обырына душар болып, осы індеттен 1 504 науқас көз жұмған. Басқа аурулар ішінде тоқ ішек обыры таралуы бойынша Қазақстанда үшінші орында тұр.

Осы орайда, «Ұлттық ғылыми онкологиялық орталығы» интервенциялық радиология мен эксперттік эндоскопия орталығының жетекшісі Қанат Батырбеков 50 жастан асқан азаматтарды тезірек скринингтен өтуге шақырды. 

Скрининг 4 кезеңнен тұрады:

Иммундық химиялық анализ – iFOBT өткізіледі, гемокульт тест тапсырылады; iFOBT анализ оң нәтиже берсе, науқас эндоскопиялық тексеруге жіберіледі. Эндоскопиялық тексерудің алдында тоқ ішек арнайы дайындықтан өткізіледі. Бұл үшін маманда жоғары сапалы видеоэндоскоп пен нәтиже сақталатын фото-видео мұрағаттың болуы шарт; Тоқ ішектің дайындығы Бостон шкаласы арқылы анықталады. Егер дайындық 6 ұпайдан төмен бағаланса, науқас эндоскопиялық тексеруге қайта дайындалады. Ал 6-дан жоғары ұпай беріліп, тексеріс оң нәтиже көрсетсе, науқасты онкологқа бағыттайды; Онколог науқасты эндоскопия немесе хирургия жолымен емдейтінін анықтайды. 

«Колоректалды скрининг Қазақстанда 2011 жылы енгізілді. Ол – елде өткізілетін 6 кең таралған скринингтің бірі. Өкінішке орай, тоқ ішек обырына шалдыққан науқастарда бастапқыда ешқандай белгі болмауы мүмкін. Сондықтан олар өзінің ауруға шалдыққанын сезбейді. Бұл індетке көбінесе 50-70 жас аралығындағы азаматтар шалдығып жатыр», деп түсіндірді «Қазақ эндоскопия қоғамы» БҚ төрағасы Қанат Батырбеков.

Қанат Батырбеков бұл індетті тудыратын екі зиянды әдеттің әсер ететінін де айтты. Олар – ішімдік ішу мен шылым шегу. Сондай-ақ, бұған канцероген де елеулі әсер етуі мүмкін.