• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Сұхбат 05 Шілде, 2021

Төлеген Мұхамеджанов: Аз уақытта мәдениет ордасына айналды

848 рет
көрсетілді

Ұлттық музыка өнерінде айшықты қолтаңбасы бар  белгілі композитор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Нұр-Сұлтан қаласының құрметті азаматы Төлеген Мұхамеджанов елорда­ның алғашқы жылдарында  қала әкімінің орынбасары болып, бас шаһар­дың  руханияты мен мәдениетінің дамуына айтарлықтай үлес қосты. Біз бүгін сол тарихи жылдарға шегініп, әңгіме өрбіттік.​

Елбасы ұсынысымен келдім

– Төлеген Мұхамеджанұлы, аста­на­ның алғашқы қа­лып­­тасуы қала әкімінің орынбасары ретінде көз ал­дыңызда өтті, осы ла­уа­зымды қыз­мет­ке қалай тағайын­дал­дыңыз?

− Менің өмірдегі арманым да, мақсатым да – музыка болды. Сондықтан лауазымға онша қызықпадым. Өнерді бәрінен жоғары санадым. Алайда қоғамдық жұмыстан ешқашан бас тартқан жоқпын. Тоқсаныншы жылдардың орта кезінде Қазақстан-Америка компаниясы кеңесінің басшысы, тегі ирандық азаматпен араласа жүріп, соған сол кездегі экономикалық жағдайдан қиналып жүрген адамдарға қайырымдылық іс-шарасын өткізейік деген ойымды айттым. Ол оны бірден қолдап, оған басқа да шетелдік компаниялар атсалысып, Қазақстан халқы ассамблеясымен бірге 18-қазан «Рухани келісім» күніне орай республика көлемінде бір күнде 60 мың адамға қайырымдылық дастарқанын жайдық.

1997 жылы 5 қарашада Мемлекеттік рәміздер Алматыдан Ақмолаға ресми түрде көшірілді де, сол оқиға кезінде Елбасымен кездесіп, ол кісі аталған іс-шараға ризашылығын білдірді. 13 желтоқсанда астанада Тәуелсіздік мере­кесіне арналған жиын өтті де, сонда Тұңғыш Президент қолынан «Парасат» орденін алып «Нұрсұлтан Әбішұлы, «кішкентай еңбегімді баға­лағаныңызға қуаныштымын, әрқашан сіздің сарбазыңыз болуға дайынмын» деп алғысымды жеткіздім. Содан екі апта өткесін Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов хабарласып: «Бүгін Алма­­тыға келдім. Сенде шаруам бар. Елбасы саған Ақмола қаласы әкімінің орын­басары болуға ұсынысын айтты» дегенде шалқамнан түсе жаздадым. Үш ұйықтасам түсіме кірмеген ұсыныс. Елбасыға берген уәдем бар, бір жағынан, екі ғасыр тоғысындағы ұлы көшке қазақ­тың бір перзенті ретінде өз үлесімді қосу­ды азаматтық борышым деп ұқтым.

– Бұл қай кез еді?

– 1997 жыл, 27 желтоқсан. Дәл жаңа жылдың қарсаңы.

– Ақмолаға қашан келдіңіз?

– 1998 жылы 5 қаңтарда келдім. Ұшақ­тан түссем дала тастай қараңғы, қаңтардың аязы кәріне мініп алған. Қайда барарымды білмеймін, ешкімге күтіп ал деп айтқан жоқ едім. Соны байқаған болуы керек, менімен бірге келген Иманғали Нұрғалиұлы: «Төлеген, біздің үйге жүр, бірге тұрамыз» деп ертіп әкетті. Сөйтіп, Имекеңнің шағын пәтеріне орналастым. Кейін біздің қата­рымызға Қайрат Мәми қосылды, үшеу­міз алты ай бір пәтерде тұрып, жастық ша­ғымызға қайта оралғандай әсерде жүр­дік.

− Жаңа қызметті жатырқаған жоқ­сыз ба?

− Жоқ, бірақ ептеп тайсақтадым. Менің жолым болғаны – Имекеңмен бірге тұрдық, сол кісі кешке үйге келгенде: «Бүгін не істедің?» деп сұрап, қандай шаруа болса да қол ұшын созып, тәжірибесімен бөлісіп отырды.

− Алғашқы жұмыс күніңіз қалай басталды?

− Алдымен қала әкімі Әділбек Рыс­келдіұлы Жақсыбековпен жүздесіп, ал­дағы жұмыс жоспарымен таныстым. Қала енді «астана» болып жатқан қым-қуыт кезең, шаруа деген бастан асады, оның жылдамдығына ілесу де оңай болған жоқ. Қаржы да тапшы. Соған қарамастан қала басшысы мен оның бірінші орынбасары Асқар Ұзақбайұлы Мамин екеуі мәдениет саласын дамытуға үлкен қолдау көрсетті. Алдарына қандай жобамен барсам да, қолымнан қақпай, қаржы бөлді. Алғашқы жұмыс күні Қазақстанның халық әртісі Айман Мұсақожаеваны қабылдадым, ол кісі елордадан Музыка академиясын ашу туралы идеясымен келіпті. Бұл идеяны кейін Елбасы да қолдап, қала әкімдігі де көмектесіп, Музыка академиясы ашылды. Қазір ол Қазақ ұлттық өнер университетіне айналды. Сол қаңтар айында Президент Әкімшілігінде алдағы 10 маусымдағы астананың халықаралық тұсаукесеріне байланысты жиын өтіп, дайындық жұмыстары сөз болды. Әрине, оны ұйымдастыру қала әкімдігіне жүктелді. Біз оның үлкен жауапкершілік екенін түсіндік. Тұсаукесерді өткізудің құжаттары дайындалып, белгіленген жұмыстарды атқаратын топ құрылып, оған жетекші ретінде Андрей Кончалов­ский бекітіліпті.

– Атақты ресейлік режиссер ғой…

– Иә. Енді мен де шығармашылық ада­мымын. Маған осындай ауқымды іс-шараны «неге өзге ұлттың өкілі өткізуі керек?» деген ой келді. Содан жиналғандарға «тұсаукесерді неге өзіміз өткізбейміз?» деп едім, кейбіреулер: «бізде ондай мүмкіндік жоқ» деп жауап берді. «Неге жоқ? Бізде де таланттар жетеді, қажет десеңіздер, тауып беремін» дедім. Бұл ұсынысымды сол кездегі Мәдениет министрі Қырымбек Көшербаев пен қала әкімі Әділбек Жақсыбеков қолдап, мені топ жетекшісі етіп қойды. Сөйтіп, іске кірістік. Әуелі осы салада тәжірибесі бар кәсіби мамандарды жинап, ақылдастым. Жоспар құрдық. Күнде кешке жиналып басымызда қазандай қайнаған идеямызды айтамыз. Енді іс-шараның сценарийін жазу керек десем, ешкім жазбайды. Өзімнің күнделікті жұмыстан қолым тимейді. Әлеуметтік саланың да шешілмеген мәселелері жетерлік. Ақыры, жігіттер сценариді қағазға түсіріп әкелді. Оқыдым, бәрі дұрыс секілді көрінді.

– Сосын не істедіңіз?

– Президент Әкімшілігінің басшысы Ахметжан Есімовтің төрағалығымен тұсаукесерді өткізуге арналған комиссия­ның отырысы өтті. Оның мүшелері – жиыр­ма шақты адам. Негізгі шаруалар талқыланды. Маған да сөз беріліп, сценариді оқи бастап едім, отырғандар «ду» күлді. Ыңғайсызданып қалдым. Қыс­қасы, жазылған сценариді ешкім жарат­пады. Қайта жазып әкеліңіздер деп тапсырды. Жұмысқа келдім. Ешқандай көңіл күй жоқ. Содан белгілі ақын досым, екеуміз бірігіп талай ән жазған Ба­қыт Қайырбековке хабарласып, оған барлық жайды түсіндірдім. Бір апта­ның ішінде Бәкең қолыма сценариді ұс­татты. Оқып көрсем, керемет. «Мәң­гілік ел жүрегі – Астана!»дегенжанды тебі­рентетін сөздермен өрілген, біз мұны тұсау­кесердің ұраны етіп алдық. Алды­мен сценариді сол кез­дегі Мем­лекеттік хатшы Әбіш Кекілбай­ұлына апар­дым. Марқұм Әбіш аға оны оқып, жоғары баға­лады. Комиссия мүшелерінің де көңі­лінен шықты.

 

Қазақ ұлттық аспаптары оркестрі құрылды

– Сол кезде қаланың мәдениет бөлі­міне қарасты шығармашылық ұжым болды ма?

– Ақмола облыстық филармониясы секілді мәдени мекемелер болғанымен тікелей қалаға қарайтын өнер ұжымы болмады. Алғаш болып Қазақ ұлттық аспаптар оркестрі құрылды. Бірде соның дайындығына бардым. Өнерпаздар отырған ғимаратты көріп, шошып кеттім. Түк жағдай жоқ. Суық. Тозып тұрған нысан. Соған қарамастан дирижер, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Мыр­зағали Айдаболов музыканттармен дайындық өткізіп, 15 сәуірде Жастар сарайында оркестрдің тұсаукесерін өткізді. Жалпы сол кездегі өнер адамдарының ерік-жігеріне басымды иемін. Олардың жанкешті еңбегін ерлік деп бағалаймын. Кейін симфониялық, эстрадалық, үрмелі аспаптар оркестрлері құрылып, өнер ұжымдары көбейе бастады.

– Елорданың алғашқы тұсаукесерін өткізудің басы-қасында жүрдіңіз, соған тоқталасыз ба?

– Тұсаукесерді өткізу үшін мем­лекет­тік комиссия жүйелі жұмыс істеді. Елбасының өзі оны қадағалап отырды. Мәдени шараға екі ай қалғанда Мемлекет басшысы Әбіш Кекілбайұлы, Ахметжан Есімов, Әділбек Жақсыбеков және мені қабылдап, мерекелік бағдарламаны тал­қылап, соңғы нүктесін қойды. Үкімет бас­шысы Нұрлан Балғымбаев тұсаукесер өткізу мен шетелдік жұлдыздарды ша­қы­руға керекті қаржыны тауып берді. Ол кісі оған қалталы бизнесмендерді демеушілікке тартты.

– Мысалы, қанша іс-шара өтті?

– Қаладағы 64 алаңда 100-ден аса іс-шара ұйымдастырылды. Президент Әкімшілігінің қолдауымен тұсаукесердің алдында барлық облыстың мәдени күндері болды. Оны Қызыл­орда облысы бастап, Алматы қаласы аяқ­тады. Әрбір аймақ жай келген жоқ, елордаға сыйлық жасады. Спорттық алаңдар мен дала сахналарын орнатты. Қызықты мәдени бағдарламаларын ұсынып, азық-түлік жәрмеңкесін өткізді. Сөйтіп, елорданың мәдени деңгейі бір көтеріліп қалды. Қазір сол күндерді сағына есіме аламын. Осы әлемдік дең­гейде өткен тұсаукесерді өткізуге қала әкімдігі жұдырықтай жұ­мылып жұмыс істеді.

– Оған қандай мәртебелі қонақтар мен өнер жұлдыздары келді?

– Астананың алғашқы тойына он екі мемлекеттің басшысы қатысты. Әлемге есімдері танымал өнер шеберлері мен халықаралық фестивальдердің жеңімпаздары шақырылды. Әйгілі Modern Talking өнер көрсетті. Ресейден Филипп Киркоров бастаған эстрада әншілері болды. Сонымен бірге отандық өнер жұлдыздары да ән шырқады.Қажымұқан атындағы стадионда үлкен мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. Гала-концерт кешкі 19.00-де басталып, таңғы 5.00-де аяқталды

– Осы керемет кеште­ ға­рыш әле­мімен де телекөпір ұйымдас­ты­рыл­ға­ны мәлім...

– Ол оқиға көп адамның ойында қалған болар. Гала-концертте ғарышқа екінші мәрте ұшқан ғарышкеріміз, Халық Қаһарманы Талғат Мұсабаевпен тікелей эфир арқылы телекөпір өт­кіздік. Бұл тарихи сәт мерекенің көр­кін аша түсті. Қазақтың батыр ұлы жаңа елорданың тұсаукесер тойымен Елбасын, халқымызды құттықтап, ға­рыш кеңістігінен сәлем жолдады. Қазір осы тікелей эфирді қалай өткіз­генімізге таңғаламын. Бұл шаруа үлкен дайын­дықпен жасалды. Мәскеуге шығып, сондағы космос саласына жауапты мамандармен келіссөз жүргізіліп, рұқсат алынды. Бәрі де ойдағыдай жүзеге асты.

 

Жеті айда опера және балет театры ашылды

– Еліміздің бас ордасын зия­лы қауым­сыз елестете алмаймыз. Зиялы­лардан бірінші болып елордаға кімдер атбасын тіреді?

– Елбасы астананың саяси-эконо­микалық және мәдени орталық болуына баса мән берді. Ол кісі кездескен сайын «Зиялы қауымның жағдайы қалай?» деп сұрайды. Өйткені айтулы тұлғалар арқылы елорданың абы­ройы асып, мәртебесі биіктейді. Зия­лылар шаһардың рухани өміріне тың серпін береді. Алғашында бір шоғыр зиялыларды шақырдық. Біразы келгісі келмеді. Елордаға алғаш келген марқұм Әбіш ағамыз болды. Содан кейін бірқатар зиялы азаматтар жұмыс бабымен немесе отбасылық жағдайымен көшіп келе бастады. Бізге ерекше әсер еткен жағдай – атақты режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің келуі. Ар­дақты азамат елордаға өз еркімен келіп, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ театры­ның бас режиссері болды. Ағаның асыл жары, көрнекті композитор Ғазиза Ахметқызы Жұбанова – менің ұстазым. Өз басым талантты тұлғаны туған ағам­дай қарсы алдым. Елбасы да жылы қабылдады. Жетпістің үстіндегі адам. Театрда жан салып жұмыс істеді. Тамаша қойылымдарды сахналады. Әкімдік шаһардың рухани әлемін көтерген ағамызды «Парасат» орденіне ұсынды. Бірақ Тұңғыш Президент Әзекеңнің отандық театр өнерінің дамуына қосқан үлесі мен астанаға өз еркімен келген ерлігін жоғары бағалап «Халық қаһарманы» атағымен марапаттады. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев бір күнде 38 талантты жасқа пәтер кілтін тапсырды.

– Қандай мәдени нысандар пайда­лануға берілді?

– Бүгінгі қаладағы іргелі өнер ұжым­дарының дені сол кезде құрылды. 1999 жылы елордалық өнерпаздардың қаты­суымен салтанатты концерт өтіп, оны Елбасы келіп тамашалады. Біз оған Алматыдан бірде-бір өнерпаз шақыр­ған жоқпыз. Соны қала басшысы Президентке айтқан болуы керек, салтанатты кештен кейін Әділбек Рыс­келдіұлы телефон соғып, «Төлеген Елбасы бізге тапсырма берді. Енді елордадан опера және балет театрын ашуымыз қажет» деді. Содан ақпан айында театр құру туралы Үкіметтің қаулысы шығып, жұмыс басталды.

– Бұл бұрынғы Күләш Бәйсейітова атын­дағы опера және балет театры ғой…

– Иә. Негізі мамандардың айтуын­ша, опера және балет театрын салу үшін біраз уақыт керек екен. Ал біз соның барлығын жеті айда дайындадық. Осы­ған өзім қайранмын. Театрға бұрынғы «Теміржолшылар» сарайы берілді. Ғима­ратты барып көрсем, әбден тозығы жеткен. Оны «Қазақстан темір жолы» ұлт­тық компаниясы өз мойындарына алып, күрделі жөндеуден өткізді. Енді өнер ұжымын жасақтау үшін сахна маманы керек. Бізде бір балет әртісі, оркестр не хор мүшелері жоқ. Содан қалаға Алматыдағы Селезнев атын­дағы хореография училищесінің гастрольдік сапарын ұйымдастырдық. Олар келіп, елордалықтарға өнерін көрсетті. Қойылымнан кейін жастарды жинап:«Жақында осында опера және балет театры ашылады. Соған бәріңіз келіңіздер. Болашақтарыңыз жаңа өнер ордасымен бірге қаланады» деп жастарға бар жағдайды түсіндірдік. Сол жастар толығымен театрда қалды. Міне, бүгінгі әлемге мәлім іргелі театрдың іргесін жас талантты қыз-жігіттер қалады. Сол жылы қазан айында театр шымылдығы М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсы мен Чайковскийдің «Аққу көлі» балетімен ашылды.

 

Қаланы қазақыландыру қолға алынды

– Бас шаһардың білім мен денсау­лық саласы қалай дамыды?

– Ақмола астана болған күннен бас­тап білім мен денсаулық сақтау саласына ерекше маңыз берілді. Сол уақыттағы қаланың тұрғыны – 217 мың адам. Жергілікті ұлт 17 пайызды құрады. Бір ғана қазақ мектебі болды. Алдымен қаланы қазақыландыру мәселесі қолға алынды. Тіл басқармасы құрылды. Көше атауларын ауыстырдық. Ана тілімізде білім беретін мектептерді көбейтуді ойластырдық. Мемлекеттік балабақшалар көптеп бой көтере бас­тады. Ауруханалар мен емханалар құ­рылысы тоқтаусыз жүрді. 1999 жылы республикалық клиникалық аурухана пайдалануға берілді. Бұрынғы Сәкен Сейфуллин атындағы пединститут Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне айналды. Бұрыннан танымал Ақмола ауылшаруашылық институты Аграрлық университет болды.

Қазір шаһардың 70 пайызын жергілікті ұлт өкілдері құрайды. Бұл солай болу қажет. Өйткені астана – қазақтың елордасы. Сол кезде жан-жақтан жұрт ағылып көшіп келе бастады. Жалпы қаланың дамуына әрбір отбасының қосқан үлесі зор.

− Сол жылдарды жиі еске аласыз ба?

− Әрине. Бірде Әділбек Рыскелдіұлы ойланып тұрып: «Төлеген, біз қандай бақытты адамбыз, Миллиондаған адам­дардың ішінен Елбасы бізге сенім артып, елор­даның іргетасын қалауға тарихи міндет жүктеді» деп толқып айтқаны бар. Шындығында, мен өзімді бақытты адам ретінде сезінемін. Осындай екі ғасыр тоғысында жүзеге асқан ұлы көштің ортасында жүріп, елге қызмет жасағанымды − тағдырымның сыйы деп бағалаймын. Жеті жыл қатарынан қала әкімінің орын­басары болып қызмет атқардым. Одан кейін Парламент Мәжі­лісі үшінші шақы­рылымының депу­таты, Парламент Сенатының депутаты болдым. Бүгінгі күнге дейін аста­на­ның өркендеуіне қолымнан келгенше үлесімді қосып келемін. Елорда аз уа­қыт­та мәдениет ордасына айналып үл­герді.

− Бүгінде өнерге деген көзқарас өзгерді, бұған сіз қалай қарайсыз?

− Оның бәрі заманның сұранысына байланысты деп ойлаймын. Біз Кеңес дәуі­рінде өстік, онда өнерге деген көз­қарас басқаша болды, классикалық му­зыкаға көңіл бөлінді. Қазір нарық кезеңі, бәрі қаржыға келіп тіреледі. Содан да болар жеңіл-желпі дүние алға шықты. Ол үшін біреуге өкпелеуге, сын айтуға болмайды. Бұл мәңгілік емес, адамзат тарихында осындай кезеңдер болған. Уақытша нәрсе деп қабылдаймын. Мәңгілік дегеніміз – классикалық өнер. Сонау Құрманғазы, Дәулеткерей, Ақан сері, Біржан сал аталарымыздан бастап, Мұқан Төлебаев, Ғазиза Жұбанова, Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қал­даяқов секілді аға-апаларымыздың өнері халқымызбен бірге жасай бермек.

– Жүректің нәзік қылын шертетін шығармаларыңызды жұртшылық жақсы көреді. Қазір көп көрінбейсіз, не жазып жүрсіз?

– Өнер адамына көп көріну міндет емес. Бір данышпан «Өнерді сүю не болмаса өзің арқылы өнерді сүю деген бар» деп айтқан екен. Өзім өнерді жан-тәніммен жақсы көремін. Композиторлық – менің мамандығым. Сол үшін Алматы мем­лекеттік консерваториясы мен П.И.Чайковскиий атындағы Мәскеу мем­лекет­тік консерваториясының аспирантурасын бітірдім.

Кейінгі жылдары аспаптық музыкаға шығармалар жазып жүрмін. Мәскеуден аспапты музыкалық 14 туындым енген дискім мен «Жан Луна» деген бүр­кеншік атпен орыс тілінде екі томдық жыр жинағым жарық көрді. Сондай-ақ Мұқағали Мақатаев ағамыздың өлеңіне жазылған соңғы екі әнімді, танымал әншілер Мейрамбек Беспаев пен Толқын Забирова орындап, тыңдарманның ықыласына бөленді. Қысқасы, бір күн бос отырмаймын, шығармашылық ізденістемін.

− Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Азамат ЕСЕНЖОЛ,

«Egemen Qazaqstan»