• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Шілде, 2021

«Жалғыздық» – ең үздік спектакль

1522 рет
көрсетілді

Шынайы өнерге шекара кедергі жасай алмайды. Мұны Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры ұжымының бір айда екі рет халықаралық фестивальдің бас жүл­десін иеленгенінен байқауға болады.

Театр директорының орынбасары Нұргүл Құмарқызының айтуынша, Түркияның Ан­талия қаласында өткен ХІ халық­аралық театр фестиваліне әлем­нің әр елінен 24 өнер ұжы­мы қатысыпты. Соның бірі – Ма­хамбет атындағы академиялық қазақ драма театры. Атыраулық әртістер фестивальге қазақтың көр­­некті жазушысы, драматург Рахымжан Отарбаевтың «Жал­ғыздық» драмасын ұсын­ды. Режиссері – Мұқанғали То­манов.

Бұл қойылымның бас­ты кейіп­кері – бала күнінде ана­сын жоғалтқан ер адам. Есей­ген ша­ғында да аяулы ана­сы­ның аялы алақанын, ақ жау­лықты бейнесін сағынады. Тоқ­сан минуттық спектакльде бала жүрегінің түкпірінде сақталған анаға деген сағыныш пен аңсаудың мұңы шертіледі. Осы­ның бәрі театр әртістері Бекет Зи­­нуллин мен Гүлден Көшер­баева­ның басты рөлдерді сомдау­дағы ше­берлігінен бай­қалып тұрды.

– Халықаралық фестиваль аясында өнер көрсеткен театрларға арнайы жүлделі орын­дар берілген жоқ. Бірақ драматургтер мен режиссерлер 24 өнер ұжымының арасынан төрт театрдың сахналық қойылымын үздік деп таныды. Бұлар – Анкарадан, Анталия мен Ис­паниядан қатысқан өнер ұжым­дарымен бірге Махамбет атын­дағы академиялық қазақ дра­ма театр­ы. Оның ішінде біз­­дің театрдың әртістері сах­налаған «Жал­­ғыздық» қойы­лымы «Ең үз­дік спектакль» аталымын ие­лен­ді, – дейді Нұргүл Құмар­қызы.

 

Атырау облысы