• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Шілде, 2021

Ұлытау ауданындағы алапат өрт ауыздықталуға жақын

505 рет
көрсетілді

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Ұлытау ауданының өрт шалған елді мекендеріне келіп, қалыптасқан жағдаймен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Сағат 08:30-да Ұлытау ауданының Пионер ауылына келдім. Ауылдан 10 шақырым жерде аумағы 700 метрге жуық шағын өрт ошағын сөндіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Тұрғындар үшін ешқандай қауіп-қатер жоқ. Аталған ауылда төтенше жағдай зардаптарын жою бойынша штаб құрылды», деп хабарлады өзінің фейсбук парақшасында өңір басшысы.

Қазіргі таңда бұл елді мекенде құрамында 89 адам бар құтқару бөлімшелері, жергілікті тұрғындар арасынан 103 ерікті және өртке қарсы ерікті негіздегі құрылымдардың 43 мүшесі тәулік бойы жұмыс істеуде.

Пионер ауылындағы жағдаймен танысқаннан кейін, Жеңіс Қасымбек өрт қоршауында қалған Шеңбер ауылдық округінде болды. Мұнда Қостанай облысы жағынан шыққан дала өртінің тағы бір ошағы тіркелген болатын. Облыс басшысы хабарлағандай, оқиға орнында өрт сөндірушілер және орман шаруашылығының қызметкерлері жұмыс істеуде. Елді-мекенге төніп тұрған қауіп жоқ.

Сондай-ақ, облыс әкімі Амангелді ауылдық округіндегі жағдаймен әуеге көтеріліп, ұшақ үстіндетанысқанын, қазір мұндағы өрт ошағының толықтай сөндірілгенін хабарлады.

Жалпы, Ұлытау ауданы бойынша барлығы алтыөрт ошағы бақылауға алынған. Оның ішінде төрт дала өрті және екі өрт ошағы бар. Сәтбаев қаласы маңындағы өрт ошағы сөндірілді. Ал Борсеңгір ауылының маңындағы өрт ошағын өшіру жұмыстары аяқталуға жақын.

«Қауіпті учаскелерді жою үшін қажетті күштер мен құралдар жеткілікті. Жезқазған және Сәтбаев қалаларынан әкімдіктер 20 тонна көлемінде жанар-жағармай мен азық-түлік жеткізуді ұйымдастырды», деп мәлімдеді Ж.Қасымбек.

 

Қайрат ӘБІЛДА,

«Egemen Qazaqstan»

Қарағанды облысы