Оңтүстік Корея президенті Пак Кын Хе КХДР-ге 1950-1953 жылдары корей соғысы кезінде бірінен-бірі көз жазып қалған отбасыларды кездестіру жөнінде ұсыныс білдірді. Бұл туралы ИТАР-ТАСС хабарлады.
Пак Кын Хе сондай-ақ Пхеньянға бөлінетін гуманитарлық көмектің мөлшерін ұлғайтуға сөз беріп, КХДР басшысы Ким Чен Ынмен кез-келген уақытта жолығуға әзір екенін жеткізді.
«Бір-бірінен көз жазып қалған отбасыларды жолықтыру сынды гуманитарлық бағдарламалардың жүзеге асырылуы екіжақты қарым-қатынасты жақсартуға септігін тигізеді», – дейді Пак Кын Хе.
Оңтүстік Корея президенті Корей түбегіндегі жағдайға да алаңдаушылық білдірді. Оның айтуы бойынша, Солтүстік Корея билігіндегі екінші адам саналған Чан Сон Тхэктың өлім жазасына ұшырауы Пхеньянмен қарым-қатынасты дамытуға кері әсерін тигізуі мүмкін.
Пак Кын Хе екі Кореяны бірігуге шақырып, солтүстіктің ядролық қаруды жою туралы бағдарламасының аса маңызды екенін атап көрсетті.
Айдар Өрісбаев.
Дереккөз: Itar-tass.com
Фото: Itar-tass.com