• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
07 Қаңтар, 2014

Жақсылар жақсымын деп айта алмайды...

2243 рет
көрсетілді

Тілшілер қосынына арыз-шағымдардың түсіп жатуы қалыпты құбылыс. Ал бір тақырыпқа арналған мына хаттардың мазмұны адами құндылықтарды әспеттеумен, елдік, бірлік секілді ұлы ұғымдарды алға тартумен ерекшеленеді. Шалғай ауыл тұрғындарының тасқа басылған сәлемдемелерін бізге Сәбит Бәйтеленов деген азамат арнайы аманаттады. Олай болса, үшбу хаттарға кезек берейік.

Тілшілер қосынына арыз-шағымдардың түсіп жатуы қалыпты құбылыс. Ал бір тақырыпқа арналған мына хаттардың мазмұны адами құндылықтарды әспеттеумен, елдік, бірлік секілді ұлы ұғымдарды алға тартумен ерекшеленеді. Шалғай ауыл тұрғындарының тасқа басылған сәлемдемелерін бізге Сәбит Бәйтеленов деген азамат арнайы аманаттады. Олай болса, үшбу хаттарға кезек берейік.

Бірінші хат

Баян Махметқызы, Досан Шияп­ұлы, Бекмағамбет Бәймішұлы,

Ысқақ Ыбыраев ауылының тумалары:

– Еліміз егемендік алғаннан бері әр адам өз пікірін ашық айту құқына ие болды. Алайда, кейбіреулердің демократияның осы бір жарқын көрінісін желеу етіп, өш алу, мұқату мақсатына пайдаланатыны өкінішті-ақ. Шындықтан ауа жайылғанын байқамаған баз біреулер ондай жымысқы ниеттілердің айтқанына сеніп, ойбайға айғай қосып жататыны бар. Кешегі қызыл кеңес кезіндегі қатардағы көп директорлардың бірі Есенғали Керейбаевтың тіршілігі сүттей ұйыған ауылдас­тарын ырың-жырың етіп, алатайдай бүлдіріп қойғаны қынжылтады. Оның «Өмірімнің өткелдері» және «Есімнен кетпейтін сәттер» атты естелік кітаптарын зордың күшімен оқып шыққаннан кейін аруақтарға о дүниеде де тыныштық бермейтіндер болады екен деп жағамызды ұстадық. Қазақтың ата дәстүрінен аттап, марқұм болған адамдарды ғайбаттау, жөнсіз тіл тигізу ол үшін түк емес секілді. Екі кітапты 45 күнде жазып шыққан «жазғыш» оқырмандар жүрегіне жол тауып жатса, алғыстан басқа айтарымыз болмас еді.

Ысқақ Ыбыраев ауылы – түтіні түзу ұшқан елді мекендердің бірі. Бұл өңірден танымал азаматтар көп шыққан. Олардың қатарына қазақшаға қамшы салдырмайтын Анатолий Шалов пен Герольд Белгерді айтсақ та жеткілікті. Сексеннің сеңгіріне көтерілген ақсақалдың жазуынша, ата салт-дәстүрлеріміз әбден қалыптасқан ауылымыз тек көлеңкелі тұстардан ғана құралатын сықылды. «Тілім буынсыз, аузым тығынсыз» демекші, «мен, мен» деп кеуде қаққанда бел омыртқасы үзіліп кетердей шіренеді келіп. Кітаптың қай бетін ашып қалсақ да, «менің айтуыммен тындырылды, менің ақылыммен атқарылды» деген тұжырымдар, жерлестерін жікке, руға бөлетін жайттар аз емес. Осындай қарекеттер арқылы қызметтегі келеңсіздіктерін ақтағандай болатын сыңайлы. Соған қарағанда, бала кезден мінез болып жабысқан өзімшіл дағдысы әлі қалмаған тәрізді. Олай дейтініміз, қазан-ошақтың қасында жүрген салақ әйелдей оңы мен солына қара күйені аямай жағуы бәрімізді күйіндіреді. Ленин орта мектебінің бұрынғы директоры Шияп Садықовты «антипартийная группаға» қосуы қай сасқаны? Соғыстан жараланып келген майдангердің қанды соғыс­қа қайтадан өз еркімен аттану ерлігі Керей­­­­баевтың қолынан келе қояр ма екен? Әй, қайдам... Өскелең ұрпақты елді, жерді сүю­дегі, отаншылдық рухта тәрбиелеудегі өнегесі мен бай тәжірибесінің өзі неге тұра­ды? Отан үшін от кешкен ардагерді ғайбат­тау – асын ішіп, астауына түкіргенмен бірдей. Саналы ғұмырын ішкі істер саласына арнаған Махмет Оспанов ағамыз тура айтатын әділді­­­­гімен, көлтек-сөлтекке көне бермейтін бірбет­кей­лігімен оған жақпай қалған болуы керек. Кәсіподақ ұйымының жетекшісі Сейітқасым Бәйтеленов ағамызбен аудан түгіл облыс басшылары санасатын. Сол себепті көпшілік оны қолдады, сыйлады. Ат үстінде жүрген бұл азаматтардың жақсы қасиеттері әлі күнге дейін үлгі етіледі.

Е.Керейбаевтың лездемелерде дөрекілік көрсетіп, айғай шығарып жүретін мінезін біз жақсы білсек те, ішімізден тынып жүретінбіз. Енді айтуға тура келіп тұр. Ы.Ыбыраев атында­ғы шаруашылықты басқарған кезеңде белсенді ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсе қойған жоқ. Жаңа қызметке ауысарда жалған мәліметтерді қойша тоғытқаны өз алдына бөлек әңгіме. 1 мың тонна жемшөп жетпей қалып, у-шумен әзер құтылғаны бар. Келімсек бригадалардың күшімен бір жылда 20 үй салдырамын деген дақпырттың ақыры сапасыз баспаналар тұрғызумен аяқталған. Аудандық ауыл шаруашылығы басқармасын басқарғанда былық-шылығы айдай әлемге аян етіліп, қызметтен қуылып тынған. Ашарға есік, кірерге тесік таба алмай жүргенде өзі күл шашқан елдің азаматы Мәркен Ахметбеков қанатының астына алған. «Озерный» кеңшарында директор болып жүргенде қызметтен не үшін аластатылғаны туралы айтсақ, жайдақ есекке теріс мініп кетері анық. «Алла кешіргенмен, аруақ кешірмейді» деген сөзді есіне салғымыз келеді.

Қолымызға қалам алып, өзіміз оқырманы саналатын басылымға хат жолдауымыздың басты мақсаты – өскелең ұрпақты рушылдық, жершілдік секілді жаман ғадеттерден сақтандыру, жирендіру, ауызбірлік, ынтымақ алдымен қазақтарға керектігін ұқтыру. Елбасымыз «Қазақстан-2050» Стратегиясында ру мен тайпаға бөліну ұлттық тұтастықтан айырылудың өте қауіпті түрі екенін, ел бірлігін ардақтауды асыл қасиетке айналдыру қажеттілігін атап көрсеткен болатын. Олай болса, Е.Керейбаев сияқты өнбес дауды қоздырып, адамдарды бір-біріне қарама-қарсы қойғанша барлық күш-жігерімізді қазақ шежіресінің түпкі мәні бір ғана ұлы тамырға –қазақ деген ұлтқа барып тірелетінін ұқтырсақ, ұтарымыз анық.

Екінші хат

Қойшыбай Шәниев,

ел тұрғыны:

– Мен «Егемен Қазақстан» газетінің оқырмандарының бірімін. Жазған-сызған­дарым жарияланып тұрады. Сүйікті газетімнің белсенді авторы ретінде қолыма қалам алуыма Есенғали Керейбаев ақсақалдың аруақтарға жөн-жосықсыз тіл тигізіп, қорлауы, руға бөліп, ел ішіне лаң салуы түрткі болды.

Шынын айтсам, қос кітаптың сыртқы мұқабасы әдемі безендірілгенімен, ішінен ауызтұшытарлық ештеңе таба алмадым. Ол кісі туралы кеңшарда бұйрық шығарып, қол қойғаннан басқа «дарыны» жоқ деп естуші едім. Оған осы жолы көзім анық жеткендей болды. Осында оқып, қызмет атқарған ортасын ғайбаттап, аруақтармен арпалысқан ақсақалдың имансыздығынан қатты түңілдім. Кітап авторының айтуына сенсек, республиканың еңбек сіңірген мұғалімі Шияп ағамыз партияға, үкіметке қарсы топты ұйымдастырушылардың бірі көрінеді. Ағайындар-ау, талайларға жылы сөзімен де, ісімен де қорған, қалқан бола білген аяулы ауыл азаматы жайлы жаман сөз айтуға аузы қалай барды екен? Ауылдық кеңестің төрағасы Әнас Нұрқанов аға – жұртшылықты соңынан ерте білген жандардың бірі. Сейітқасым Байтеленов ағаны «надан», «білімі жоқ», «өркөрірек» санатына қосуына жол болсын? Оның бедел-парасаты директордан әлдеқайда биік болатын. Ішті қара мысықтай тырнаған қызғаныш шыдатпаған болу керек, шетінен көсіле «жамандапты». Махмет Оспанов ағамыз қылтың-сылтыңы жоқ турашыл адам еді. Елге тұлға боларлық осындай азаматтарды нысанаға алуының арғы жағында іштарлық, көреалмаушылық қыжылы жатқанын аңғару қиын емес. Әйтпесе, «мен ауданда жоғары білімді жалғыз қазақ инженері едім» деп бөсер ме еді. Қ.Ескендіров, Қ.Қажымов, Қ. Махметов секілді нар тұлғалы ағаларымызды қайда қоямыз?

 Е.Керейбаевтың адамгершілікпен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын іс-әрекеті ауыл­дастарымды қатты түңілдірді. Өзін дәріптей бергенше астық, төрт түлік өсірген қарапайым еңбек адамдарының ортақ табысқа қосқан үлесін тым болмаса бір рет атаса, кәнеки! Оның белгілі ақын Кәкімбек Салықов, 45 жыл елшілік қызмет атқарған Сәлім Құрманғожин, атақты академик Аманжол Қошанов секілді жерлестеріміздің алдын орап, «Шал ақын ауданының құрметті азаматы» атағын алу пысықайлығына жұртшылық әлі күнге дейін аң-таң. Не үшін берілгені жұмбақ.

Үшінші хат

Жақсылық Ысқақов,

Солтүстік Қазақ­стан облысының құрметті азаматы:

– Жуырда Есенғали Керейбаевтың «Есімнен кетпейтін сәттер» естелігін оқып шыққаннан кейін кітаптың ақылдастар алқасының бірі Қайролла Мұқановпен хабарласып, ақиқатпен қабыспайтын жайттар көзге шыққан сүйелдей бадырайып тұр, неғып байқамағансыздар деген ренішімді жеткіздім. Ол болса, кітапты қолға ұстамақ түгіл, көрмегенін айтып ақталды. Соған қарағанда, өзімбілемдікке салынып, «өтірікті шындай, ақсақты тыңдай» еткенге ұқсайды.

 Кітаптың өне бойынан Ыбыраев кеңшарын, бұрынғы Сергеев ауданын айтпағанда, Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына теңдессіз үлес қосқан басшы болғандай әсер қалдырады. Есіл ауданында «Алматы» кеңшары құрылғанда бес жыл бойы обкомның бірінші хатшысының қыр соңынан қалмай жүріп орталықты Өрнек ауылы ету жөнінде кездескен сайын да, жазбаша да талмай айтқан көрінеді. Қызды-қыздымен Димекеңнің назарына ілігіп, өзін бірнеше рет сұрастырғанын тәптіштей жазып, құлашты кеңге сілтейтінін қайтерсің! Кітаптың бір жерінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы оған сатуға берген «Волга» көлігін аупарткомның бірінші хатшысы Н. Болатбаев айтыскер ақын А.Нұртазинге бергізсе, келесі жолы менің шешіміммен облыстық электр жүйесінің инженері алды деп «қазаншының еркі бар қайдан құлақ шығарсаның» керін келтіреді. Сонда қалай, жеңіл көліктердің тұтынушылар қоғамы арқылы бөлінетінін білмегені ме? Тіпті, бір рудың адамдары «антипартийная группа» құрып, басқа рудың басшыларын шыдатпайды екен, ондағы ойы – өздерінің аталасынан бастық сайлау, дей келіп, бір шалдың аузына «Асықпаңдар, әкелеріңе көрістіреді. Ылғи сендердің аттарың бәйгеден келе бермес озып» деген сықылды сөздерді салдырып, халқына қалаулы ел азаматтарын жіпке тізгендей жамандап шығады. Ол бұл жерде кеңшар директорының сайланбайтынын, жоғарының бұйрығымен тағайындалатынын, компартия уақытында ру түгіл ұлтыңды ауызға алу сенбеушілік секемін тудыратынын ескермеген тәрізді. Қарап отырсақ, партком хатшысы да, мектеп директоры да, жұмысшылар комитетінің төрағасы да, Шияп сияқты төңірекке сыйлы ұстаз да шеттерінен жалқау, білімсіз, арызқой... Осындайда Мемлекет басшысының Жолдауындағы «Бірлігі бар ел озады,бірлігі жоқ ел тозады. Қазақтың ішкі тұтастығын бұзғысы келетін рушылдық, жершілдік әңгімемен ел бірлігін бүлдіргісі келетін жымысқы ниеттілердің айқайына құлақ асып, айтағына ілескен жан әр атаның шежіресін әспеттеп, әр жаққа тартқанын аңдамай қалуы мүмкін» деген сөздері еске түседі.

 Кітап авторының баяндауынша, мал санағы кезінде бұрынғы директордан 150 бас қой, 15 бас ірі қара мал, 8 бас жылқы кем шыққан. Ол кездері тышқақ лақтың сұрауы қатаң болатын. Мәскеуге жіберілген хат домалақ арыз болса, бір сәрі. 7 коммунист аты-жөндерін көрсетіп, шаруашылықтағы олқылықтарды түстеп берген. Демек, оларды «антипартиялық топқа» жатқызуы еш ақылға сыймайды. Бар ғұмырын туған жерді гүлдендіруге арнаған, қақ-соқпен жұмысы жоқ Баймыш Базарбаевты, Сейітқасым Бәйтеленовті жақсы білуші едім.

Ертеде Шығыстың бір ойшылы былай деген екен: «Бал арасы мен үй шыбынының айырмашылығы мынада: бал арасы тазалық пен әдемілікті ұнатады. Шыбын лас жерге үйір». Сол айтқандай, қартайған шағымызда жеке бастың өкпесі мен қыжылын алға тартып, аруақтарды мазалағанша, жастарды жақсылыққа, ғибратты тәрбиеге үндегеніміз әлдеқайда сауапты іс болар еді. «Мың кісі салған көпірді бір адам бұзады» деп атамыз қазақ жақсы айтқан ғой...

ТҮЙІН: Естелік, жазу, өлең шығару өңі түгіл түсіне енбеген ақсақалдың қос кітап авторы атанғаны таңсық бола қоймас. Алайда, бір қайнауы ішінде жүрген жазбалар мен арнауларды оқып шыққаннан кейін «Жақсылар жақсымын деп айта алмайды, Жамандар жақсымын деп айғайлайды» деген өлең жолдары ойымызға оралды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы,

Шал ақын ауданы.

Соңғы жаңалықтар