Оны қалыптастыру – білім беру жүйесінің негізгі стратегиялық бағыты
«Қазақстанның интеллектуалды элитасын тәрбиелеудің іргетасы болып табылатын жаңа міндеттер, ұлттық интеллектің ядросын құруымыз қажет».
Н.Ә.Назарбаев.
Елбасының биылғы Жолдауы мен «Интеллектуалды ұлт-2020» жобасында қарастырылған бағыттарды іске асыру барысында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ұжымы ауқымды жұмыстар атқаруда. Аталмыш жобада қамтылған мәселелер бойынша «Қазақстан Республикасы жоғары мектебі жағдайында ұлттың зияткерлік әлеуетін қалыптастыру» атты мега жобасы іске асырылуда. Осы жоба аясында «Қазақстан Республикасы үздіксіз білім беру жүйесінде ұлттың интеллектуалды әлеуетін қалыптастыру» тұжырымдамасын дайындады. Онда қоғамның зияткерлік ресурсы болып табылатын үздіксіз білім беру жүйесін толықтай қамтиды. Аталмыш мәселені шешудің басы-қасында жүрген, университеттің «Ұлттық тәрбие және өзін-өзі тану» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Сәуле ИМАНБАЕВАМЕН әңгімелескен едік.
Оны қалыптастыру – білім беру жүйесінің негізгі стратегиялық бағыты
«Қазақстанның интеллектуалды элитасын тәрбиелеудің іргетасы болып табылатын жаңа міндеттер, ұлттық интеллектің ядросын құруымыз қажет».
Н.Ә.Назарбаев.
Елбасының биылғы Жолдауы мен «Интеллектуалды ұлт-2020» жобасында қарастырылған бағыттарды іске асыру барысында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ұжымы ауқымды жұмыстар атқаруда. Аталмыш жобада қамтылған мәселелер бойынша «Қазақстан Республикасы жоғары мектебі жағдайында ұлттың зияткерлік әлеуетін қалыптастыру» атты мега жобасы іске асырылуда. Осы жоба аясында «Қазақстан Республикасы үздіксіз білім беру жүйесінде ұлттың интеллектуалды әлеуетін қалыптастыру» тұжырымдамасын дайындады. Онда қоғамның зияткерлік ресурсы болып табылатын үздіксіз білім беру жүйесін толықтай қамтиды. Аталмыш мәселені шешудің басы-қасында жүрген, университеттің «Ұлттық тәрбие және өзін-өзі тану» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Сәуле ИМАНБАЕВАМЕН әңгімелескен едік.
– Сәуле Тохтарқызы, алдымен интеллектуалды ұлт қалыптастырудың негізгі индикаторларына тоқталып өтсеңіз?
– Интеллектуалды ұлт болып қалыптасуда халықтың тұрмыс жағдайы негізгі көрсеткіш болып табылады. Ғылыми жобада экономикалық тұрғыда ұлтымыздың тұрмыс жағдайларына сипаттама және зиялы ұлт болудың индикаторлары қарастырылады. Негізгі индикаторлар – тұлғаның жалпы тұрмыс жағдайы, білім алуға және ғылыммен айналысуға қолжетімділігі, жұмыспен қамтылуы, денсаулығы, еңбек табысы, медицинамен қамтамасыз етілуі, т.б.
Білім алушының интеллектуалды тұлғасын қалыптастыруды анықтайтын базалық дефинициялар – «интеллект», «тұлғаның интеллектуалды әлеуеті», «интеллектуалды тұлға», «интеллектуалды ұлт» туралы ұғым болып табылады. Интеллект – ақыл, парасат, ес, түсінік, таным – ойлау қызметінің жоғары типі. Интеллектуалдық – адамның табиғат берген ой, сана, тану, ақыл, парасат секілді қасиет-қабілеттерін оқу, білім алу, тәжірибе жинақтау арқылы жетілдіруі, оны өзін және қоғамды дамыту үшін және жаңа жағдайларға сай бейімдеп қолдана алу қабілеті. Интеллектуалды тұлға – өмірдің кез келген ағымында пікірлесе алатын, жаңашыл-шығармашылық тұрғыда өзіндік білім алуға дайын, интеллектуалды қабілеті дамыған тұлға.
Интеллектуалды әлеуетті тұлға – адамгершілік және ұлттық құндылықтарға негізделген жаңа және арнайы мамандандырылған білім көздерін жоғары дәрежеде игеру арқылы пайда болған білім, білік, құзыреттерді өзінің, ұлты мен Отанының мүддесіне жарата алатын азамат.
Интеллектуалды ұлт – интеллектуалды тұрғыдан адамгершілік, мәдени қасиеттерді меңгерген өзінің ғылыми, мәдени, білімі мен білігін еркін тарату әлеуетіне ие бәсекеге қабілетті ұлт. Интеллектуалды ұлтты қалыптастыруда біздің міндетіміз интеллектуалды тұлғаны қалыптастыру екенін есте ұстауымыз керек.
Абай атындағы Қазақ ҰПУ-дің ректоры, профессор С.Пірәлиевтің басшылығымен Президенттің «Интеллектуалды ұлт-2020» мемлекеттік жобасында қамтылған басым бағыттарды іске асыру мақсатында «Қазақстан Республикасы жоғары мектебі жағдайында ұлттың зияткерлік әлеуетін қалыптастыру» ғылыми мега жобасы дайындалды. Мега жобаны орындауға алыс және жақын шетелдердің белгілі ғалымдарымен бірге, республикаға белгілі профессорлар М.Қойкелдиев, Л.Мардахаев, Ф.Оразбаева, Ж.Намазбаева, Т.Ауелғазина, Н.Хан, С.Қалиева, А.Берікханова, т.б. тартылды. Жоба аясында Қазақстанда ұлттың интеллектуалды әлеуетін қалыптастырудың ғылыми-теориялық және практикалық негіздерін анықтай отырып, ұлттың интеллектуалды әлеуетінің негізгі бағыттары мен шарттары нақтыланды.
– Аталған ғылыми жобалардың орындалу мерзімі және қаржы көзі қалай қарастырылған?
– Жалпы, жобалардың орындалуына аз дегенде үш жыл немесе одан да көп уақыт беріледі. Бұл жобаны орындау биыл екінші жылға аяқ басты. Бірінші жылы, «Интеллектуалды ұлт-2020» ұлттық жобасында қамтылған бағыттардың ғылыми-теориялық негіздері айқындалды, үздіксіз білім беру жүйесінде интеллектуалды тұлғаның әлеуетін қалыптастырудың тұжырымдамасы дайындалды. Жобада аталмыш бағыттардың мазмұнын қамти отырып, ғылыми жинақ шығардық. Ұлттың әлеуетіне бағытталған пән енгізуге байланысты типтік бағдарлама мен оқу құралы дайындалып жатыр.
Келесі оқу жылы ол пәнді университеттің бір факультетінің оқу үдерісіне тәжірибелік тұрғыда енгізіп, соның нәтижесін айқындасақ деген мақсатты алға қойып отырмыз.
– «Қазақстан Республикасы үздіксіз білім беру жүйесінде ұлттың интеллектуалды әлеуетін қалыптастыру» тұжырымдамасында қамтылған мәселелер қаншалықты деңгейде іске асып жатыр?
– Болашақ маманның интеллектуалдық әлеуетін қалыптастыруда біз «Интеллектуалды ұлт-2020» мемлекеттік жобада қамтылған бағыттар бойынша зерттеу жұмыстарын негізгі мақсат етіп, университет ғалымдары аталмыш тұжырымдаманы дайындады. Тұжырымдама – еліміздің үздіксіз білім беру жүйесіндегі ұлттың интеллектуалды әлеуетін дамытудың мақсаты мен міндеттерін, ұстанымдары мен іске асыру шарттарын айқындайтын негізгі құжат болып табылады. Тұжырымдамада ұлттың интеллектуалды әлеуетін дамытудың тиімділігін қамтамасыз ететін әлеуметтік-педагогикалық ынтымақтастығын күшейту негізінде ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды дамыту мен қалыптастырудың стратегиялық бағыттары анықталған. Мұнда бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастырудың және Қазақ елі қоғамының тұрақты дамуына ықпал етуді жетілдірудің басты мүмкіндіктері қамтылады.
Ауқымды мәселесінің теориялық негізін айқындауда халықаралық тәжірибелерде жинақталған іс-әрекеттерді, әсіресе, БҰҰ-ның құжаттарында берілген ұстанымдар мен қағидаларды зерделеу арқылы интеллектуалды ұлттың негізгі индикаторлары көрсетілді. Сонымен қатар, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан тарихи құндылықтарды да негізге ала отырып, ХХ ғасырдың басында ұлттық білім мен тәрбие жүйесінің негізін салған, зиялы қоғамды құруға бар ғұмырларын арнаған А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, М.Шоқай, т.б. Алаш арыстарының тарихи болмыстарын бүгінгі ұрпаққа мұрат ете отырып, зиялы қоғамның ұлттық бейнесі көзделді.
Дана Абай ұсынған «жанның тамағы» деген философиялық тұжырымы тұлғаның бойында болатын адами, рухани күш жігерінің қалыптасуына бағытталған ғой. Сол Абайдың «толық адамы» туралы тұжырымының негізгі қағидасы – арлылық, ақыл, рахым, парасат, әділеттілік пен қайырымдылық секілді қасиеттер инттеллектуалды тұлғаны қалыптастырудың негізгі көзі болып табылады. «Интеллектуалды ұлт-2020» жобасында қамтылған қағидаларды ұлы Абайдың «толық адам» идеясымен сабақтастыра отырып, «Абайтану» атты оқу құралы оқу-тәрбие үдерісіне енгізілді.
Біздің алдымызға қойылған негізгі мақсат – бәсекеге қабілетті интеллектуалды ұрпақты қалыптастыру. Осы мақсатқа сай тұжырымдамада берілген негізгі қағидаларды іске асыруда келесі оқу жылынан бастап университеттің оқу-тәрбие үдерісіне эксперименттік тұрғыда студенттерге 2 кредит көлемінде «Болашақ маманның интеллектуалды әлеуетін қалыптастыру негіздері» атты пәнді енгізуді көздеп отырмыз.
– Интеллектуалды ұлтты қалыптастыруға байланысты шетел тәжірибелері негізге алынды ма?
– Интеллектуалды ұлтты қалыптастыруда Еуропа елдері 20 жыл бұрын интеллектуалды қоғамды құруды өздеріне мемлекеттік деңгейде негізгі мақсат етіп қойған. Франция мен Германия мемлекеттерін алатын болсақ, осы елдерде Еуропа одағына кірудің бірден бір себепкері, интеллектуалды тұлға мен ұлт қалыптастырудағы көзқарастарының ұштасуы Еуропа елдеріндегі интеллектуалдық қорлардың басты көрсеткіші ретінде білім мен ғылым дамуына ықпал етерлік факторларды, рухани-мәдени құндылықтар мен этикалық нормаларды айқындау маңызды саналады. «Интеллектуалды азаматты» қалыптастыру жолында олардың қоғамдық санасына ықпал етерлік қоршаған ортаның тынысы мен болмысын танып білу де маңызды рөл атқарады.
Мәселен, интеллектуалды тұлғаны қалыптастыруға Германия елі үлкен мән береді. Ал интеллектуалды тұлға ұғымын Сабина Бергман-Поль енгізген болатын. Оның «Неміс халқы» деген еңбегі бүкілхалықтық сайлауда мемлекеттік жоба ретінде ұсынылған. Онда: «Мемлекеттің басты қозғаушы және жұмысшы күші – халық. Халыққа бар жағдай жасалуда. Ал халықтың мемлекетке беруі тек салық емес. Сонымен қатар, өзін «Неміс еліне» лайықты ету. Сондықтан да Бундес елінде интеллектісі жоғары адам ғана болуы керек. Егер адам интеллект болса, ол өмірдің барлық қыр-сырын қамтиды» делінген. Жалпы, немістер адамдарды психологиялық тұрғыдан дайындап, жетілдіруді мектеп кезеңінен бастаса да, балабақшада арнайы психологиялық кабинеттер жұмыс істейді. Яғни, бұл азаматтарды туғаннан бастап тұлғалыққа, өзін-өзі басқаруға үйретеді.
Интеллект тұлға қалыптастыру әрбір елдің жетістікке қол жетуінің алғышарты деп саналады. Тағы бір дәлел, Германияның белгілі педагогы Иоганн Песталоцци тұлғаны қалыптастыру мақсатында өз оқушылары арасында тәжірибе жүргізген. Ғалым «Тұлғаны қалыптастыру, бұл бір күндік немесе бір жылдық мәселе емес, ол жылдар бойы ізденістер мен талпыныстардың нәтижесі, кез келген тұлғадан интеллектуалды тұлғаны қалыптастыруға болады. Тек оған ол өмір сүрген әлеуметтік орта соған лайық болу керек», – дейді. Бұл орайда, неміс елі ХХ ғасырдың орта шенінен бастап интеллект тұлғаны қалыптастыруды қолға алды. Неміс ғалымдарының зерттеулері бойынша білім мен ғылымды, өндірісті дамытуда, қазіргі күні неміс елін «интеллектуалды қоғам» деп айтуға әбден болады. Ал сол ұлттың әрбір адамы – интеллектуалды тұлға. Себебі, адам ұлт құраушысы.
Франция елі интеллект тұлғаны қалыптастыру тәжірибелерін ерте бастап кетпесе де, айтарлықтай дәрежеге жетіп отыр. Себебі, белгілі француз гуманисі Жету Морен айтқандай, «интеллектуалды ұлтты тек интеллектуалды мемлекет жасайды. Сондықтан алдымен мемлекет басындағыларға кітап оқысын деп айтқым келеді». Морен Жетудің бұл сөздері француз парламентіне өте ықпал етті. Осы орайда Жак Ширактың еңбегіне де тоқталып кету қажет. Жак Ширактың басқару кезеңінде көптеген оқу орындары ашылып, азаматтардың білім және рухани азық алуына барынша мүмкіндіктер жасалды. Ол француз елін «Тұлғалы ел» қатарына жеткізді.
Жалпы алғанда, Франция елінің интеллектуалды ұлт деп атауға көптеген зерттеу нәтижелері дәлел бола алады. Себебі, 2007 жылғы америкалық «Нью Йорк Таймс» газеті жүргізген сұрақ-жауапта 62 пайызы француз елін өте сыпайы, ұқыпты деп сипаттаған. 21 пайызы ағылшындарды айтса, тек 9 пайыз дауысты Германия еліне берген. Қалған 8 пайызын американ, голланд және жапондар иеленген. Ең көп кітап оқитын қай ел деген сұраққа пікір білдіргендердің 76 пайызы Қытай елі десе, 22 пайызы французды, қалған 2 пайызы неміс пен жапондарды атаған.
Қорыта келе, Қазақстанның осы елдер қатарына кіруіне мол мүмкіндік бар. Жоғарыда әңгімеге дәйек еткен мемлекеттер де оңай өткелдерден өтпеді. Жак Ширак француз елін «тұлғалы ел» қатарына жеткізді дедік. «Мемлекеттің басты қозғаушы және жұмысшы күші – халық» дей келе, неміс халқы «Неміс елі» деген атқа ие болды. Осы елдер халық болып жұмылып, алға қойған мақсаттарына жетті. Біздің де «Қазақстан-2050» Стратегиясында қамтылған бағыттарды іске асыру барысында стратегияда көрсеткендей Қазақ елін, Қазақ мемлекетін құруға мүмкіндік бар екеніне сеніміміз мол.
Әңгімелескен
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы.