Газетіміздің 2013 жылғы 26 желтоқсан күнгі нөмірінде жарық көрген журналист Жылқыбай Жағыпарұлының «ПИК – күрмеуі күрделі кооператив» атты мақаласы жер-жерде үлкен қоғамдық пікірлер туғызуда. Мақала жарық көрген күннің ертеңіне Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов өзінің БАҚ өкілдерімен жыл аяғында өтетін дәстүрлі кездесуінде бұл өзекті мәселеге ерекше тоқталып, ізінше қалалық газеттердің осы мақаланы көшіріп басуына мұрындық болды. Жаңа жылдың алғашқы күндерінде-ақ газет поштасына ағылып келіп жатқан оқырман хаттары да көпшілік мүддесіне тікелей қатысты бұл өзекті жайдың ешкімді бейжай қалдырмай отырғандығын көрсетеді. Төменде біз Қарағанды облысынан келген пікірлерді жариялап отырмыз.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы шалағай қызмет қарағандылықтардың да өкпе-ренішін өсіріп жүрген мәселе. «Егемен Қазақстан» газетінің 2013 жылғы 26 желтоқсандағы санында жарық көрген газет тілшісі Жылқыбай Жағыпарұлының «ПИК – күрмеуі күрделі кооператив» атты мақаласы осы саладағы қордаланған кемшіліктердің бетін ашып, көпшіліктің көңіліндегі мәселені тап басты. Жағдайды реттеуге, қалпында сақтауға міндет артып, үлкен жауапкершілік жүктеуші пәтер иелері кооперативтерінің көбі сенімді ақтай алмай-ақ келе жатқаны бәрімізге аян. Олардың құрылғанына біраз жыл өтіп, күш те, тәжірибе де жинақталғандай уақыт болса да үйлер мен аулаларды талапқа сай ұстауға деген құлшыныс жоқ.
Біздің осынау көше бойындағы 32-ші үйді мекен етуімізге 30 жылдан асты. Бертінгі жылдарда «Арман» атты ПИК қарауына енді. Басында оны құрушылардың уәде-уәжінен үлкен үміт күтілген еді. Уақыт өте келе бәрі алдарқатпа сөз болып шықты. Бесінші қабаттағы пәтеріміздің төбесінен қар, жаңбыр суы сыздықтайтындықтан бітеуге бірнеше жыл бойы өтініш жасап баққанымызбен орындалмады. Ақыры амал не, көршілер ақша қосып, жөндетуге мәжбүр болдық. Пәтерлеріміздің қыста салқын болуына байланысты жылу желісін жаңарту үшін талай арыз-шағымымызға да құлақ аспады. Тағы қаражат жинап, сырттан жөндеушілер шақыруға тура келді.
Кіреберістер 30 жылдан бері әктелмеген, сылағы әбден түскен қалпында тұр. Жертөле іші көп ретте тізеден суға қалқып қалады. Жаз жағымсыз иіс қолқа атады. Қайсысын айта берейік, «Арман» ПИК-і тарапынан үйіміздің жай-күйіне қарайласуға ешқандай бейіл жоқтығы қажытты.
Ал жарна жинауға келгенде бұл жағына аса сақ. Ай сайын аула сыпырушыға әрбір пәтерден 600 теңге төленуін ескертіп, құлақ мазалап бағады. Оны не үшін, қандай істер үшін талап етілетіндігін білмейміз. Күрделі жөндеулерді былай қойғанда құбырдан су ағып, шам сөне қалса да көмек көрсетілмейді. Тысқары біреуге жөндетуге жалынасың тағы.
«ПИК – күрмеуі күрделі кооператив» атты мақаланы оқығанда осы жайлар көз алдыма келді. Бұған көне беруге бола ма? Болмайды деп ойлаймыз. Бұл жүйеде тәртіптілік пен жауапкершілікті күшейтпейінше жағдай жақсармайтындығы анық. Қайткенде, осы саланы сауықтырар бір амал керек.
Күнім ИЛЯСОВА,
Қарағанды қаласының тұрғыны.