Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен 5-7 шілде аралығында Елорда күні мен ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Есіл өзені бойында «Есіл толқыны» концерті өтіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Іс-шараның мақсаты – бас қаланың тұрғындары мен қонақтарын Астана күнімен құттықтау,мерекелік көңіл-күйлерін көтеру. Сондай-ақ қала тұрғындарының қатаң пандемия жағдайында бір орынға жиналмауын қамтамасыз ету үшін концерт Есіл өзені бойында кемеде өтеді. Әртістер, өнер ұжымдары «Астана» теплоходында өнер көрсетеді. Концерт бағдарламасы 3 сағатқа арналған.
«Есіл толқыны» елордалықтар мен қала қонақтарының көңілінен шыққан мерекелік іс-шара болды. Көрермен Есіл өзенінің оң және сол жағалауынан қазақстандық өнерпаздардың өнерін тамашалады.
Концерттік бағдарламада қазақ халқының музыкалық мұрасы мен эстрада жанрында әндер шырқалады. Оған Света - Қанат Айтбаевтар, Майра Ильясова, Асем Омарова, Арайлым Рахым, Парасат Отан, Алтынай Жорабаева, Асем Омарова, Дос, Диана Маева, Маржан Арапбаева т.б. өнерпаздар қатысады.
Айта кетейік, іс-шараға қатысушылардың барлығы коронавируске қарсы вакцина алған, денсаулығына байланысты вакцина алмағандар ПТР-тесттен өткен.