Әлем тағы да карантинге жабылуы мүмкін. Әсіресе, «Дельта» штамының күрт тарауы осындай пессимистік сценарийге итермелеп отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамынша, коронавирустың таралуы бақылаудан тағы шығып кетуі ықтимал.
ДДҰ-ның директоры Тедрос Адханом Гебрейесустің айтуынша, «Дельта» штамының таралуы – пандемияның қауіпті кезеңі. COVID-19 вирусының бұл мутациясы әлемнің 100-ге тарта мемлекетінде тіркеліп отыр.
ДДҰ-ның басшысы әлемдік қоғамдастықты вакцина жеткізуге көмек көрсетуге, сол арқылы адамзатқа ортақ ұжымдық иммунитет қалыптастыруды жылдамдатуға шақырды.
ДДҰ-ның дабыл қағуы бекер емес. Германияда коронавирустың таралуы өршіп барады. Роберт Кох атындағы институттың мәліметіне сүйенсек, күнделікті анықталған науқастар саны мыңға жақындап қалған. Жалпы, эпидемия басталғаннан бері 3,7 миллион германиялық науқастанған.
Осы орайда, Германия билігі «Дельта» штамынан қорғану үшін комбинацияланған екпе алуға шақырып отыр. Германияның вакциналау жөніндегі тұрақты комиссиясы әртүрлі типті – мРНК-вакцина және векторлы вакцинаның екі түрін де салдыруға ресми түрде кеңес береді. Бұл елдің денсаулық сақтау министрі Йенс Шпан мұндай екпе алу тәсілін «аса ұтымды» деп мәлімдеді.
Мәскеуде індет салдарынан жансақтау бөліміне түскен науқастардың саны көбейіп барады. Екі аптаның ішінде өкпені жасанды жолмен желдету аппаратына қосылған науқастар қатары екі есеге дейін артты. Қазіргі уақытта Мәскеуде 709 пациент ӨЖЖ аппаратына қосылған.
Ресей Ғылым академиясының академигі Вадим Покровскийдің сөзіне сүйенсек, Ресейдегі коронавирус пандемиясы ел тұрғындарының топтық иммунитеті қалыптасқан соң ғана аяқталмақ. Оған алты ай ішінде қол жеткізуге мүмкіндік бар.
Францияда 7 шілдеден бастап шетелдік азаматтар ПТР тестін тапсыру үшін ақы төлейтін болады. Бұл туралы Франция үкіметінің өкілі Габриэль Атталь мәлімдеді. ПТР тест үшін шетелдіктер 49 еуро, ал SARS-CoV-2 антигендеріне арналған тест үшін 29 еуро төлеуі керек. Қазіргі уақытта Францияда мұндай талдаулар тегін жасалады.
Түркияда өткен жылдың қараша айында СOVID-19 инфекциясының таралуына байланысты енгізілген коменданттық сағат 1 шілдеде өз күшін толығымен жойды. Алайда елде бетперде кию міндеті әлі алынған жоқ. Сондай-ақ қоғамдық орындарға бару үшін тұрғындарға QR-код алу қажет. Түркияның денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, пандемия басталғаннан бері елде 5,5 млн-ға жуық тұрғын науқастанған.
Латвияның мемлекеттік жедел медициналық комиссиясы коронавирус инфекциясының таралуына байланысты жарияланған медициналық төтенше жағдайдың күшін жойды. Бұл туралы ел Үкіметінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Денсаулық сақтау министрі Даниэль Павлютстің мәлімдеуінше, ауруханалардағы және денсаулық сақтау жүйесіндегі жағдай мұқият талданып, қанағаттанарлық деп танылды. Ауруханаларда індетке шалдыққан науқастар саны едәуір азайған.