“Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы Ақмола облыстық филиалының ұйытқы болуымен Алматы облысындағы Қызылағаш ауылы және Шығыс Қазақстан облысындағы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға материалдық көмек көрсету шаралары одан әрі жалғасын табуда.
Филиал төрағасының орынбасары Дулат Жұрымбаевтың бізге берген мәліметінде қызылағаштық бауырларға бір вагон киім-кешек пен азық-түлік жөнелтілгені айтылады. Сондай-ақ, жаңа ауыл құрылысына материалдар мен техникалар жөнелтілген. Оның ішінде Бурабайдағы зауыттан құны 1 миллион теңгелік 20 бу қазандығының жеткізілуі тіршілік сәнін түзете түспек.
Дулат Кәкімбекұлы, сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысына азық-түлік, жылы киім, төсек-орын тиелген алғашқы вагонның жолға шыққанын хабарлады. Бұл тауарларды жинауға өзгелермен бірге Бурабай ауданындағы “Богви” және “СП Агросервис” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, жаңадан құрылған “Арлан” хоккей клубы сүбелі үлес қосты. Игілікті істен ешкім де шет қалмауда. Мәселен, Көкшетау қаласының 82 жастағы тұрғыны Надежда Борисова өз қолымен тоқыған жылы киімдерді, азын-аулақ азық-түлігі мен жеміс қайнатпаларын алып келгендегі толғанысты сөзбен жеткізу қиын.
Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы.