Қазақ технология және бизнес университеті өзінің алғашқы студенттер үйін пайдалануға берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінде студент жастардың мәселесіне ерекше назар аударып, үшінші бастамасында 2022 жылдың соңына дейін студенттік жатақханалардың жағдайын жақсарту мен оған мұқтаж жастардың қажеттіліктерін өтеуді тапсырған болатын. Осыған орай бүгін елордада 680 орындық жатақхананың ашылу салтанаты өтті.
«Бүгінгі күні 63 мыңнан астам студент жатақханаға мұқтаж. Мектеп түлектерінің басым бөлігі Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларының жоғары оқу орындарына түсетіндіктен, осы қалаларда студенттер үйіне деген сұраныс үлкен. Бүгінгі күнгі қажеттіліктің тең жартысы Алматы қаласына тиесілі. Ал Шымкент қаласы келесі жылы студенттердің барлығын жатақханамен қамтамасыз етеді деген үміт бар. Мұндағы студенттік жатақханаға қажеттілік 15 мың орынды құрайды», дейді Білім және ғылым министрлігінің «Қаржы орталығы» АҚ президенті Асқар Ибрагимов.
Университет ректоры Мұхтар Байжұмановтың айтуынша, жатақхана құрылысы оқу орнының құрылтайшысы, академик Құралбек Құлжановтың бастамасымен салынды. Құрылыс 2019 жылдың мамыр айында басталған.
«Осы орайда бізге қолдау көрсеткен Білім және ғылым министрлігіне алғыс білдіреміз. Студенттердің алаңсыз білім алуына жағдай жасау универсиеттің құрылған күннен бергі мақсаты болатын. Бүгінгі күні университет студенттер үйі құрылысымен қатар жабық стадион құрылысын да аяқтауға жақын. Магистранттар мен аспиранттарға арналған бөлек оқу ғимаратын салу да жоспарланып отыр», деді ол.
Бес қабаттан тұратын ғимаратта студенттік асхана, демалыс бөлмелері, әр қабатта өз ас үйі мен жуыну бөлмелері, оқу залдары бар. Бір бөлемеде төрт студент тұратын болады. Барлық бөлмелер жаңа техника мен қажетті жиһаздармен жабдықталған. Студент үшін ең ыңғайлысы - жатақхананың оқу корпусының жанында орналасуы. Жатақхананың оң жақ корпусында қыздар, сол жақ корпусында ұлдар орналасатын болады. Жаңа студенттер үйінде медициналық пункт те қарастырылған екен.