Сирияның Ұлттық оппозициялық және революциялық күштерінің коалициясы 5 қаңтар күні өздерінің президентін қайта сайлады. Мұны ұйымның баспасөз хабарламасына сілтеме жасай отырып, «Франс-Пресс» агенттігі жария етті. Сөйтіп, оппозициялық құрылымға алғаш рет 2013 жылдың шілдесінде президент болып сайланған Ахмад Жарба басшылық жасайтын болды.
Енді А.Жарба Ұлттық коалицияға тағы алты ай жетекшілік ететін болады. Оған Түркияның Ыстамбұл қаласында өтіп жатқан бас ассамблеяның 65 мүшесі өз дауыстарын берді. А.Жарбаның қарсыласы, Сирияның бұрынғы премьер-министрі, елді 2012 жылғы тамызда тастап шыққан Риад Хиджаб 13 дауыс аз алған. 44 жастағы А.Жарба Сауд Арабиясына жақын саясаткер болып саналады. Осы аралықта Сирияның оппозициялық коалициясының өзі терең дағдарысты бастан кешіруде. Оның көптеген қатысушылары ұйым қазіргі кезде өздерінің мүддесін қорғамайды деп есептейді.
Шарайна
Сирияның Ұлттық оппозициялық және революциялық күштерінің коалициясы 5 қаңтар күні өздерінің президентін қайта сайлады. Мұны ұйымның баспасөз хабарламасына сілтеме жасай отырып, «Франс-Пресс» агенттігі жария етті. Сөйтіп, оппозициялық құрылымға алғаш рет 2013 жылдың шілдесінде президент болып сайланған Ахмад Жарба басшылық жасайтын болды.
Енді А.Жарба Ұлттық коалицияға тағы алты ай жетекшілік ететін болады. Оған Түркияның Ыстамбұл қаласында өтіп жатқан бас ассамблеяның 65 мүшесі өз дауыстарын берді. А.Жарбаның қарсыласы, Сирияның бұрынғы премьер-министрі, елді 2012 жылғы тамызда тастап шыққан Риад Хиджаб 13 дауыс аз алған. 44 жастағы А.Жарба Сауд Арабиясына жақын саясаткер болып саналады. Осы аралықта Сирияның оппозициялық коалициясының өзі терең дағдарысты бастан кешіруде. Оның көптеген қатысушылары ұйым қазіргі кезде өздерінің мүддесін қорғамайды деп есептейді.
Бір-бірін газет арқылы айыптады
Жапония мен Қытай елшілері Лондонда «Дейли Телеграф» газетіне мақалалар жазып, онда бір-бірінің елдері жүргізіп отырған саясаттарын сынаған еді. Қытай дипломаты Лю Сяоминнің мақаласы 1 қаңтар күні жарияланса, жапондық дипломат Кейчи Хаяшидің жауап мақаласы 5 қаңтар күні шыққан болатын.
Хаяши де Сяомин сияқты қарама-қарсы тараптың саясатын сын тезіне алған. Дипломатиялық миссиялардың басшылары бір-бірінің елдерін қарулы қақтығысқа алып келуі ықтимал милитаристік саясат жүргізіп отыр деп айыптаған. Атап айтқанда, Жапония елшісі өткен жылдың қараша айында Қытайдың біржақты негізде Шығыс-Қытай теңізінде жаңа әуе шабуылынан қорғаныс аймағын енгізгенін еске салған. Елшінің пікірінше, бұл Қытай тарапынан кезекті арандату әрекеті болып табылады. Ал Қытай елшісі болса, Жапония премьер-министрі Синдзо Абэнің былтырғы желтоқсанда жапондық әскери қылмыскерлер жерленген Ясукуни храмына барғанын жазғыра жамандайды.
Қысқа қайырып айтқанда:
*АҚШ-тың шығысында қатты аяз болып тұр. Мәселен, ел астанасы – Вашингтон қаласында сынап бағанасы минус 30 градусты көрсеткен. Үсіп өлгендер жетіп-артылады. Мұнымен қоса, бұршақ жауып, жұртшылықты әбігерге түсірген. Суық ауа райы елдің аталған аймағында әлі де жалғасады деп күтілуде.
*Өткен жексенбі күні Қытайдың негізінен мұсылмандар тұратын Нинся-Хуей автономиялық ауданындағы Гуюань қалалық округіндегі мешітте болған діни рәсім кезінде 14 адам қаза тапқан. «Синьхуа» агенттігінің хабарлауынша, оқиғаға адамдардың қыспағы себеп болған. Тағы 10 адам зардап шексе, төртеуінің жағдайы өте ауыр көрінеді.
*Мозамбиктің тумасы, атақты португалиялық футболшы Эйсебио 72 жасқа қараған шағында көз жұмды. Ол өзінің үйінде қайтыс болған. Эйсебио 1966 жылы Лондонда өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері. Жергілікті «Бенфика» футбол клубының сапында елдің 11 дүркін чемпионы атанған.
Өзіне-өзі қол салған секілді
Солтүстік Корея көсемі Ким Чен Ынның тәтесі өзіне өзі қол салған. Бұл туралы үкіметтегі дерек көзіне сілтеме жасаған оңтүстіккореялық «Чосон Ильбо» басылымы хабарлады. Мұндай мәлімдеме жасауға Ким Ген Хидің ұзақ уақыт көпшілік алдына шықпағаны себеп болып отырған секілді.
Ресми Пхеньян бұл туралы ешқандай ресми ақпарат таратқан жоқ. Мәселен, өткен жылдың желтоқсан айында Ким Ген Хи өзінің ағасы Ким Чен Ирдің қайтыс болуының екі жылдығына арналған шаралар барысында көпшілік көзіне түспеген. Бұл оның денсаулығының ықтимал нашарлауы немесе Солтүстік Кореяның көпшілік өміріне қатысудан бас тартуға мәжбүр болуы туралы әңгімелер туындатқан еді. Ким Чен Ынның тәтесі соңғы рет жұртшылық алдына өткен жылдың қыркүйегінде, яғни КХДР-дің құрылуын мерекелеу кезінде шықса керек. Ал Корея көсемі жездесі Чан Сон Тхэкті былтырғы 12 желтоқсанда атып өлтірткізген болатын.
Өлім себебі әзірше белгісіз
«Қытай теміржолы компаниясының» президенті Бай Чжуньжень өзін өзі өлтірген. Бұған дейін бизнесмен оқыс оқиға салдарынан қаза тапты делінген болатын. Нақтыланған ақпаратқа сәйкес, Бай Чжуньжень терезеден секіріп кеткен. Оның туысқандарының айтуларынша, 53 жастағы бизнесмен соңғы жылдары депрессиядан зардап шегіп келіпті.
Бұқаралық ақпарат құралдарының деректері бойынша, президенттің күйзелістік жағдайының себептерінің бірі «Қытай теміржолы компаниясы» душар болған және одан құтылуға еш мүмкіндік таппаған үлкен қарыз болуы ықтимал. Мысалы, фирманың кейбір бөлімшелері өз қызметкерлері мен жұмысшыларына 2013 жылдың соңғы айларынан бері жөнді еңбекақы төлей алмапты. Ал «Қытай теміржолы компаниясын» үкімет бақылауында ұстайды. Фирма басшылығының қандайда бір жемқорлыққа қатыстылығы туралы ештеңе айтылмайды.
Швейцарияға қоныс аударды
«ЮКОС-тың» бұрынғы басшысы Михаил Ходорковский түрмеден босаған сәтінен бастап баспана ретінде пайдаланып келген Берлиндегі отельден зайыбы мен кіші балалары тұрып жатқан Швейцарияға қоныс аударды. Ходорковскийдің баспасөз хатшысы оның қазір Швейцарияның нақты қай қаласында екенін нақтылаған жоқ.
30 желтоқсанда Берлиндегі Швейцария елшілігінде Ходорковскийге 3 айға Шенген визасы берілген еді. Құжаттарды рәсімдеу үшін бір апта уақыт кеткен. Кейбір дерек көздері «ЮКОС-тың» бұрынғы басшысы Швейцарияға тұрақты қоныстану мүмкіндігін қарастырып жатқанын көлденең тартады. Ходорковскийдің 10 жыл түрмеге отырып шыққаны, өткен жылдың қараша айында отбасылық жағдайына байланысты Ресей президенті Владимир Путинге өтінішпен шығып, оның рақымшылығын алғаны белгілі. Өзінің экономикалық қылмыс жасағанын мойындамаған Ходорковский бүгінде «көрмегенім Ресей болсын» деп отырған сыңайлы.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.