Атырау облысының экологтары қоршаған ортаны ластаған өндіріс ошақтарын анықтап, олардың жұмысын тоқтату жөнінде ұсыныс жасады. Бұл туралы «Астана» телеарнасы хабарлады.
Арнайы жүргізілген тексеру барысында Атырау мұнай өндеу зауытының және «Ақжайық-7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ауаға зиянды заттарды белгіленген мөлшерден тыс шығарғаны дәлелденді.
Бұған дейін ғаламторда жергілікті халықтың жағымсыз иістен басы айналатыны туралы жазылған болатын. Іле Атырау облыстық экология департаменті тарапынан тексеру жүргізіліп, бірқатар кемшіліктер анықталды. Осы мекеменің шығарған қорытындысына жүгінсек, түнгі мезгілде күкірт сутегінің концентрациясы мөлшері 140 еседен асып кетеді екен. «Бір ғана «Ақжайық-7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірісі қоршаған ортаға орасан залал тигізуде. Өйткені, бұл жерде мұнай өнімінен босаған цистерналарды жуатын стансаның қызметі талапқа сай емес. Сондықтан бұл серіктестік жұмысын тоқтату туралы сотқа талап-арыз жолдаймыз», дейді облыстық экология департаментінің басшысы Ербол Қуанов.
Жоғарыда аталған өндіріс ошақтарының бірде-біреуінде ауаға шығатын зиянды қалдықтарды ұстап қалатын қондырғылар орнатылмаған. Мұндай дерек жергілікті өңірде бұған дейін де тіркелген көрінеді. Осыған байланысты тұрғындар мұнай өнімімен айналысатын өндіріс ошақтарына түпкілікті тексеру жүргізу қажеттігін алға тартып отыр.
Данияр Түймебай.
Дереккөз: «Астана» телеарнасы
Фото: Azh.kz.