Атырау мұнай өңдеу зауыты 60 млн теңгеден астам айыппұл төледі. Оған биологиялық тазарту құрылғысынан шыққан ақау себеп болған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Былтырғы қарашада облыстық экология департаменті жергілікті қоғам белсенділерімен бірге Атырау қаласының экологиялық ахуалына мониторинг жүргізу кезінде «АМӨЗ» ЖШС тарапынан ағызылған су құрамында мұнай өнімдері мен биологиялық шламның барын анықтаған еді.
«Аталған дерекке қатысты «АМӨЗ» ЖШС-не қатысты жоспардан тыс тексеріс жүргізіліп, алынған сынамадағы су құрамында жобалық құжаттамада белгіленген эмиссияның нормадан асқаны анықталды. Атап айтқанда, жалпы темір және құрғақ қалдықтар 1,5 есе, сульфат 2,5 есе, азот амоний 5 есе, мұнай өнімдері 6 есе және өлшеулі заттар 628 есе асқан. Осылайша, сарқынды суларды тазартусыз тікелей ағызуға жол беріп, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 328-бабын бұзды» деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Экологиялық Кодекстің 118-бабын басшылыққа алған департамент мамандары тексеріс материалдарын Полиция департаментіне жолдаған еді. Алайда, полиция департаменті «АМӨЗ» ЖШС-не қатысты қозғалған қылмыстық істі қысқартқан.
«Экология департаменті «АМӨЗ» ЖШС-не қатысты әкімшілік іс қозғады. Серіктестік 60 221 655 теңге әкімшілік айыппұл мөлшерінде әкімшілік жазаға тартылды», деп мәлім етті баспасөз қызметінен.