Еңбек қатынастарындағы ағаттықтар, еңбек қауіпсіздігінің сақталмауы, шетелдік және жергілікті жұмысшылар арасындағы еңбекақы бойынша айырмашылықтардың болуы қашанда әлеуметтік шиеленістің ушығуына соқтыратыны белгілі. Оны күні кешегі Жаңаөзен оқиғасының өзінен аңғаруға болады. Міне, жергілікті биліктің бұл мәселені басты назарда ұстауы да сондықтан. Осы және басқа мәселелер облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің төрағалық етуімен өткен кеңесте кеңінен сөз болды.
Еңбек қатынастарындағы ағаттықтар, еңбек қауіпсіздігінің сақталмауы, шетелдік және жергілікті жұмысшылар арасындағы еңбекақы бойынша айырмашылықтардың болуы қашанда әлеуметтік шиеленістің ушығуына соқтыратыны белгілі. Оны күні кешегі Жаңаөзен оқиғасының өзінен аңғаруға болады. Міне, жергілікті биліктің бұл мәселені басты назарда ұстауы да сондықтан. Осы және басқа мәселелер облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің төрағалық етуімен өткен кеңесте кеңінен сөз болды.
Аймақ басшысы облыс өңіріндегі еңбек қатынастары саласындағы жағдайдың жергілікті атқарушы органдардың тікелей бақылауында екенін, осы нәзік саладағы орын алған проблемалық мәселелерге байланысты кәсіпорындардың басшыларының есептері тыңдалатынын, алайда, бірқатар атқарылған жұмыстарға қарамастан, жекелеген тәртіп бұзушылықтар әлі де орын алып отырғанына алаңдаушылық білдірді. Ол негізінен қызметкерлердің еңбекақы берешектеріне қатысты болып отыр. Сондай-ақ, мемлекеттік еңбек инспекциясы жүргізген кәсіпорындардағы тексерулерде анықталған өндірістегі ауыр жарақат, тіпті өліммен аяқталған ауыр жағдайлар, сондай-ақ еңбекақы жөніндегі қарыздар, шетелдік компаниялардағы еңбекақы төлеудегі сәйкессіздіктер толық жойылды деуге болмайды.
Ақтөбе облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының басшысы Марат Ғабидуллиннің мәлімдеуінше, облыстағы 20 ірі кәсіпорында жұмысшы-қызметкерлердің ауыр жарақат, тіпті қаза болуымен аяқталған оқиғалар орын алған. Мұндай кәсіпорындардың қатарында «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамының Қандыағаш жол дистанциясы, «Сағыз Петролеум», «Ұлы қабырға» Қазақстан-Қытай бұрғылау компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бар.
Басқарма басшысы адамдардың ауыр жарақат алуына және өліміне соқтыратын оқиғалардың өткен жылға қарағанда, биыл облыста 30 пайыз төмендегенін жеткізді. Дегенмен, мұндай жағдайлардың әлі де аз емес екеніне нақты деректер келтірді. Жыл ішінде 16 адам қазаға ұшыраған. Өткен жылдың ақпан айында «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамы Қандыағаш жол дистанциясында бірнеше адамның бақытсыздық жағдайға ұшырауы орын алды. Еңбек ұйымдастыруда жіберілген қателіктерден локомотив жұмыскерлерді басып өтіп, үш жол жөндеуші сол жерде қаза болса, бір адам ауыр жарақат алды. Басқарма басшысы басқарған арнаулы тексеру комиссиясының талабы бойынша шара алынып, филиал директоры Ш.Құрманбаев, учаске бастығы Н.Ешмағанбетов, директордың орынбасары Н.Елтезеров жұмыстарынан босатылып, бас инженер Н. Орысбаевқа қатаң сөгіс жарияланған. Ұжымдық шартқа сәйкес зардап шеккен отбасыларына материалдық жәрдем көрсетілген. Теміржолшылардың қайырымдылық қорынан зардап шеккен отбасыларының әрқайысына 34, 28, 19 млн. теңгеден қаржы бөлінген. Сондай-ақ, қаза болғандардың отбасыларына асырауындағы адамдардың санына қарай сақтандыру компаниясынан ай сайын қаржы төленетін болды.
«Сағыз Петролеум» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 2 қызметкерді ажал құштырған оқиға да өндірістегі еңбекті ұйымдастырудағы берекесіздіктен, қызметкерлердің қауіпсіздік техникасын сақтамауынан болған. Вахталық кентте жұмысшылар техникалық су сақталған 25 текше метрлік ыдысқа өздерімен бірге өрт сөндіретін құрылғыны түсіреді, оны ыдыстағы суды айдау үшін іске қосады, ақырында газдан уланып өледі. Бұған кінәлі жауапты адамдар әкімшілік жазаға тартылды. Қазаға ұшыраған Н.Ниязбековтің отбасына 6 млн. 800 мың теңге, А.Тілеужановтың отбасына 8 млн. 275 мың теңге қаржы бөлінді. Жерлеу шығындары түгелдей жұмыс берушінің қаржысы есебінен төленді.
Өткен жылдың сәуір және қыркүйек айларында «Ұлы қабырға» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде өліммен аяқталған екі оқиға орын алды. Біреуінде жұмысшы темір пісіру кезінде қаза болса, екіншісінде вагон жөндеу кезінде араға кесілді. Бұл адамдар дәнекерлеу агрегаты мен кескіш құралына мүлде қатысы жоқ, бұл кәсіпті мүлде білмейтін мамандар болып шықты. Бірінші жағдай бойынша әкімшіліктің жауапты 8 қызметкері тәртіптік жазаға тартылды. Еңбек шартының талабына сәйкес қаза болған А.Исматуллаевтың отбасына 4 млн. теңге бөлініп, сақтандыру компаниясынан 1,5 млн. теңге көлемінде біржолғы қаржы төленді, жұмыс берушінің есебінен шығындар өтелді. Екінші оқиға бойынша 9 басқарушы қызметкер тәртіптік жазаға тартылды. Қазаға ұшыраған Е. Омаровтың отбасына ұжымдық шарт бойынша 2 млн. 500 мың теңге төленіп, жерлеу шығындары компанияның есебінен атқарылды.
Сондай-ақ, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» филиалдарында және мердігерлік мекемелерінде, «Ақтөбе мұнай сервис», «Ақтөбе көлік компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Жаңажол газ өңдеу зауыты, «Востокнефть және сервистік қызмет көрсету» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде бір-бірден кісі өлімімен аяқталған оқиғалар орын алды. Барлық қызметкерлер тәртіптік жазаға тартылды. Қаза болғандардың отбасыларына ұжымдық шартқа сәйкес материалдық шығын төленді. Адам өлімімен аяқталған оқиғалардың тергеу материалдары қылмыстық іс қозғау үшін құқық қорғау органдарына берілген.
Өндірістік нысандарды еңбек шарттары жөніндегі аттестациядан өткізу көптеген кәсіпорындарда әншейін көз алдау үшін жүргізілетіні белгілі болды. Тек үстіміздегі жылдың басынан еңбек инспекторлары арқылы 137,6 млн. теңгеден астам еңбекақыға қатысты қарыздарды анықтап, қабылданған шараларының нәтижесінде еңбекақы жөніндегі бұл қарыздар толық өтелген. Алайда, еңбекақы төлеуде созылып жүрген қарыздар «ВитаДорстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Мартуксервис», «Көкжар» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындары және басқа мекемелерде әлі де бар көрінеді. Салық департаментінің деректері бойынша еңбекақы жөніндегі ағымдағы қарыз «Техком-С», «ОйлТехноГрупп», «Стройтекс ЛТД», «Строительная инициатива», «Ақтөбе НГС», «Берен и СК» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде, «Актюбгражданпроект» өндірістік кооперативінде, «Өрт сөндіруші» акционерлік қоғамында күні бүгінге дейін сақталып отыр.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.