• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Шілде, 2021

Қарағандыда Сұлтан Досмағамбетовке мүсін орнатылды

610 рет
көрсетілді

Кеншілер астанасында көрнекті ғалым, қоғам және мемлекет қайраткері Сұлтан Досмағамбетовтің мүсіні орнатылды, деп хабарлайды Egemen.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Абай көшесіндегі саябақта орын тепкен мүсіннің ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Жеңіс Қасымбек қайраткер тұлғаның өңірдің және қазіргі Қазақстанның дамуына қосқан үлесін атап өтті.

Аталған іс-шарада Сұлтан Досмағамбетовтің замандастары естеліктерімен бөлісіп, көрнекті ғалым және қоғам қайраткері жайында жылы лебіздерін білдірісті.

– Ғалымның ұлы әке алдындағы парызын орындап, ғибратты тағзым көрсетті деп есептеймін. Бұл монументалды жоба. Қалаға тартылған керемет сыйлық. Сұлтан Қапарұлының арамыздан кеткеніне бес жылдан астам уақыт өтті, бірақ ол соңынан үлкен мұра қалдырды, – деді отбасының досы Күләш Түсіпбекова.

Сұлтан Қапарұлының ұлы Ерлан Досмағамбетов әкесінің Қарағанды қаласының ғана емес, жалпы еліміздің дамуы үшін де көп күш жұмсағанын атап өтті.

– Біз өткен ғасырда өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін қалыптастырғандарға құрмет көрсеттік. Менің әкеме ескерткіш орнатуға және оның ашылуына қатысушылардың барлығына алғыс айтқым келеді. Бүгінгі алған әсерімді сөзбен жеткізу мүмкін емес, – деді ол тебіреніп.

Тұғырымен қоса есептегенде биіктігі төрт метрге жететін бюст Ресейдің жетекші мүсіншілерінің бірі Александр Ткачуктің қолынан шыққан. Қоладан құйылған мүсін Досмағамбетовтер әулетінің жеке қаражатына жасалған екен.

Еске салсақ, Сұлтан Досмағамбетов ұзақ жылдар бойы партиялық және мемлекеттік органдарда еңбек еткен. Мемлекеттік басқаруды құруға және дамытуға елеулі үлес қосты.

Сонымен қатар, ол білім беру жүйесінде де жемісті еңбек етті: тау-кен институты (қазіргі мемлекеттік техникалық университет) кафедрасының меңгерушісі болды, педагогикалық институттың ректоры қызметін атқарды.

Сұлтан Досмағамбетовтің ұзақ жылғы адал еңбегі лайықты бағаланып, ол  «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», «Құрмет» ордендерімен, Қазақстан Республикасы Президентінің «Алғыс хаттарымен» марапатталған.