Атырау облысындағы Ақжайық ауылында 1,4 млрд теңгені құрайтын жылыжай салынып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ақжайық ауылы – Махамбет ауданында орналасқан округтің бірі. Жайық өзенінің жағасындағы ірі елді мекендегі шаруашылығы қанат жайған. Қазір мұнда 4 гектар аумақта ірі жылыжай құрылысы қолға алыныпты.
«Жұмағалиева Н» шаруа қожалығының жетекшісі Оспан Алмастың айтуынша, жобаның құны 1,4 млрд теңгені құрайды. Жылыжайды төртінші тоқсанда іске қосу жоспарланып отыр.
«Құрылыс алаңында 14 адам жұмыс істейді. Қазір жылыжай нысанының қабырғасы құрастырыла бастады. Электр және газ желісі тартылды. Бұл жылыжай іске қосылғанда 350 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмыз. Мұнда жылына 350 тонна қияр, қызанақ сынды көкөніс өнімдері өсіріледі», дейді Оспан Алмас.
Жылыжай құрылысымен танысқан облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов азық-түлік белдеуін құру үшін мұндай жобалардың қажеттігіне тоқталды.
«Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласын дамытуға барынша қолдау көрсетіліп отыр. Өңір тұрғындарына сапалы әрі арзан көкөніс өнімдерін ұсынуды көздейтін бұл жылыжайда да жұмыс орындары ашылады. Жылыжай өнімдері жергілікті нарықтағы бағаның тұрақты болуына ықпал етеді. Сондықтан, осындай жобаларды көбірек іске қосу қажет», деді Махамбет Досмұхамбетов.