• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Коронавирус 12 Шілде, 2021

Атыраудың ахуалы алаңдатады

391 рет
көрсетілді

Атырау облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау депар­та­ментінің басшысы – бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Мәдениет Танауовтың мәліметінше, қаңтар-маусым ай­ла­рында коронавирус инфек­циясын жұқтырудың тәуліктік көр­сеткіші 87 адам болған. Ал шілдеде бұл көрсеткіш 150-ге же­тіпті. Бұл мұнайлы өңірде қай­тадан алаңдатарлық эпи­дем­ия­лық ахуал қалып­тас­қа­нын байқатады.

– Науқастардың 53 пайызы қауіпті вирусты той-томалақта, еске алу іс-шараларында, сауда үйлері мен базарлар, қоғамдық тамақтану орындары мен түнгі клубтарда жұқтырған. Ал 25,9 пайызы – науқастармен жақын қарым-қатынаста болғандар, 11,7 пайызы қоғамдық көліктерде шалдыққан. Тұрғындар санитарлық сақтық шараларына немқұрайды қарай бастады. Бетперде тақпау, әлеуметтік ара­қашықтықты сақтамау эпидемиялық ахуалға кері әсерін тигізіп отыр. Тағы бір себебі – жаңа штамның таралуы. Алматыға жіберілген 43 сынаманың 18-і­нен «Дельта» штамы анықталды. Бұл штамның жұғу деңгейі екі есе жоғары, ауру белгісі ауыр формада өтеді, – дейді М.Танауов.

Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қайсар Абдуалиевтің айтуынша, коронавирусты жұқтырғандар санының өсуіне байланысты Атырау қаласында резервтен 330 инфекциялық төсектік орын іске қосылған. Қауіпті вирусқа шалдығушылар саны өсе берсе, №2 облыстық ауруханадағы 30 орындық ішек инфекциясы бөлімін инфекциялық стационарға айналдыру жоспарланып отыр. Эпидемиялық жағдай күрделенетін болса, облыстық аурухананың жаңа корпусында дайындалған 200 орын да инфекциялық стационарға айналады. Сондай-ақ темір жол ауруханасынан коронавирус жұқтырған науқастарды емдеу үшін арнайы орын дайындалады.

– Соңғы он күнде өңірде өлім көрсеткіші 50 пайызға өсті. Жыл басынан бері Атырау облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған 160 адам қайтыс болды. Олардың дені – созылмалы ауруы бар егде жастағы адамдар. Қайтыс болғандардың орташа жасы – 67-де, – дейді Қ.Абдуалиев.

Оның мәліметіне сүйенсек, өңірге ақпан айынан бері 141 200 доза вакцина жеткізілді. Ал 1 ақпан – 10 шілде аралығында 113 798 атыраулық Спутник V, QazVac, Hayat Vax вак­ци­наларының I компонентін сал­дырған. Вакцина­лардың II компонентін алғандар саны 60 410 адамға жетіп отыр. Алайда вак­циналауға қатысты төменгі көрсеткіш созылмалы аурулары бар науқастар (11%), студенттер (11,4%) мен педагогтер (50%) арасында байқалады.

Осындай себептен бе, соңғы үш күнде 570 адам коронавирус инфекциясын жұқтырып алды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, 8 шілдеде – 154, 9 шілдеде – 160, ал 10 шілдеде 256 адам коронавирус инфекциясына шалдыққан.

– Мәселен, 10 шілдеде Атырау қаласында қауіпті вирус жұқтырудың 201 жағдайы тіркелді. Қызылқоға ауданында – 13, Теңіз кен орнында – 12, Индерде – 12, Жылыойда – 8, Махамбетте – 6, Құрманғазы ауданында 4 адамнан коронавирус инфекциясының белгісі табылып отыр. Өңірдегі 2 428 төсектік орынға есептелген инфекциялық стационарларда 771 пациент ем қабылдау үшін оқшауланды. Стационарлардағы жүктеме – 31,7 пайыз. Ал 103 орындық жансақтау бөлімінде 46 пациент жатыр. Науқастардың төртеуі өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Жансақтау бөліміндегі жүктеме 42 пайызды құрайды, – деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметінен.

Белгілі болғандай, модульдік ауруханада – 186, аудандардағы стационарларда – 180, №2 облыстық ауруханада – 148, кардиологиялық орталықта 100 пациент емделуде. Сондай-ақ фтизиопульманологиялық орталықта – 96, Теңіз кенішіндегі инфекциялық стационарда 61 науқас оқшауланған. Бұған қоса, хаттамаға сәйкес емделуді өз үйінде жалғастырып жатқан 708 адам бар.