Орталық Азия елдері бойынша Қазақстанда тұңғыш рет “Телелифт” жүйесі іске қосылды
Бүкіләлемдік кітапхана күніне орай Астанадағы Ұлттық кітапханашылардың “Ашық есік күні” өтті. Бір айта кетерлігі, осыдан 6 жыл бұрын ҚР Ұлттық академиялық кітапханасын құру жөнінде Үкіметтің қаулысы шыққан болатын.
Шараға Мәдениет министрлігі мәдениет комитетінің төрағасы І.Қозыбаев, ҰАК бас директоры Р.Отарбаев, “КОНЭК” ЖАҚ (Мәскеу, РФ) электрондық ресурстар бөлімінің жетекшісі Е.Еронина, кітапхана істерінің ардагерлері, Президенттік мәдениет орталығы, Алғашқы Президент мұражайы, Парламент Мәжілісі, Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясы, Астана қаласы жоо-ның, колледждердің кітапханашылары қатысып, рухани салаға байланысты өзара пікір алмасты.
Алты жылда сандық технологияларды енгізу көшбасшысына айналып қана қоймай, Ұлттық кітапхана өзге кітапханалар үшін де әдістемелік орталыққа айналды. Мұнда мерзімді басылымдар, кітапхана ісі жөніндегі анықтамалық әдебиеттер, түрлі конференциялардың жазбалары сақталған кітапханатану кабинеті жұмыс істейді. Бұдан басқа “Кітапхананың алтын кезеңі” дерек базасы құрылды, “Кітапхана ісі және ақпараттық қызмет” арқылы Иствью дерек базасына қол жеткізуге болады, “Бүгінгі кітапхана”, “Қазақстан кітапханалар басылымдары”, “Біздің жобалар” көрмелері жұмыс істеп тұр. Сонымен бірге алғаш рет екі тілде елордадағы 108 кітапхана туралы “Астана кітапханалар анықтамасы” басылып шықты. Анықтама Астана кітапханаларының бір-бірімен байланыс орнату, өзара ынтымақтастықты үйлестіру, кітапхана қызметкерлерінің біліктілігін, әлеуметтік институт ретінде кітапхана дәрежесін арттыру үшін аса маңызды. Ашық есік күнінің мақсаты – әдістемелік орталық Астана кітапханаларының инновациялық қызметін дамытуға қолдау көрсету мен кәсіби шеберлігін жетілдіруді көздейді.
Бағдарламаның басты бөлігі “ҚР ҰАК – кітапхананың жаңа форматы” деп аталды, сондай-ақ, “Қазіргі кітапхананың электрондық қызметі – ҚазҰЭК”, деректер базасы, қашықтан оқитын оқырман, телелифт, “ҚР ҰАК – Астана кітапханалары үшін әдістемелік орталық” деген хабарламалар оқылып, ҰАК шығаратын “Кітап патшалығы” журналының тұсаукесері өтті.
Кітапхана қонақтары “Кітапханалық кәсіби қызмет”, “Қазақстан – жасампаз жетістіктер жолында”, “Аймақтық кітапханалар басылымдары”, “ҚР ҰАК баспалық қызмет”, “Ж.Молдағалиевтің 90 жылдығы”, “Қазақстан ғылымы”, “Әуенді Қазақстан”, “Мамандық әлемінде”, “Кітап жаңалықтары”, “ҚР ҰАК берген сыйлар” фотокөрмелерімен танысты. Кітаптар мен журналдар сатылды.
Ашық есік күнінің басты жаңалығы – Астана кітапханашылары “Телелифт” монорельстік транспорттық жүйемен танысты. Ол жаңадан іске қосылған жоба. Бұл жобаның нәтижесінде сақтау қорларынан кітаптар мен басқа да құжаттар оқу залына санаулы минөттерде жеткізіледі. “TELELІFT” жүйесі оқырмандарға қызмет көрсету дәрежесін арттырудағы басты қадамның бірі болып саналады.
“TELELІFT” жүйесі Орталық Азияда тұңғыш рет орнатылып отыр. ТМД елдерінің ішінде Қазақстан “телелифт” адрестік жүйесі енгізілген екінші ел болып саналады. Ең бірінші бұл жүйе Белоруссияда жүзеге асқан. Белоруссияның Ұлттық кітапханасында ол – 5 жылдан бері қолданыста.
“Телелифт” ҰАК-ның барлық залдарында орнатылған. Жолының ұзындығы – 450 метр. Ең алшақ станциялар арасы – 5 минөттан аспайды. Барлығы – трассада 16 станция және арбалардың бағытын өзгерту үшін 13 нұсқаушы тетік орнатылған. Арбаға 10 килоға дейін әдебиет тиеледі. Арбада қауіпсіздіктің ережесі барынша сақталған. Ол қайбір кеңістікте қозғалып, бұрышы қай жаққа қарай өзгерсе де себетше ауыртпалықтың өзгеріп отыруына байланысты бір қалыпта болады. Сондықтан кітаптар қозғалмайды және бүлінбейді. Оқырманның тапсырысын орындайтын кітап сақтау кітапханашысы операторлық пульт арқылы қозғалыстың бағытын өзі өзгертеді. Бірнеше минөт өткен соң оқу залындағы оқырман өзі берген тапсырысты қолына алады.
“Егемен-ақпарат”.