• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 13 Шілде, 2021

Атырауда бір ауылдан әкім сайлауына 7 үміткер ұсынылды

519 рет
көрсетілді

Атырау қалалық әкімдігіне қарасты Дамбы ауылында әкім сайлауына 7 үміткер ұсынылып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Азамат Айманакумовтың айтуынша, ауыл әкімінің сайлауы Атырау қаласы мен алты ауданда өтеді. Ал, Мақат ауданында 1 кент пен 2 ауылдық округ әкімдерінің сайлауын өткізу жоспарланбаған. Себебі, бұл аудандағы округ әкімдерінің өкілеттік мерзімі аяқталмаған.

«Округ әкімдерінің сайлауына 73 үміткер ұсынылды. Оның ішінде 34 мұғалім (46,6%), 12 заңгер (16,4%), 10 экономист (13,7%), 8 ауыл шаруашылығы маманы (11%), 1 инженер (1,3%) мен 8 басқа мамандық иелері (11%) бар. Сондай-ақ сайлауға үміткерлердің 19-ы әйел адамдар (26%)», дейді  Азамат Айманакумов.

Оның мәліметіне сүйенсек, Дамбы ауылдық округінде ең көп үміткер ұсынылған. Атырау қаласына таяу орналасқан бұл ауылға әкім болғысы келетін 7 үміткер бақ сынауға бекінген. Сондай-ақ Қайыршақты (Атырау қаласы) мен Жарсуат (Индер ауданы) ауылдық округінде 6, Құрманғазы ауданындағы Кудряшов ауылдық округінде 5 үміткер сайлауға қатысуға ниет білдірген.