• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Шілде, 2021

Азғындыққа қашан тосқауыл қойылады?

460 рет
көрсетілді

Ақтөбеде тағы бір азғындық әрекет әшкере болды. Жеті жастағы баланы төрт жеткіншек мектеп дәретханасында ұрып-соғып, зорлаған. Айуандықтың шегінен шыққан жеткіншектер – 9-сыныптың оқушылары. Естіген елдің жағасын ұстатқан бұл оқиға биыл көктемде анықталғанымен, күдікке ілінген жеткіншектер мен мектеп әкімшілігіне қатысты қылмыстық іс жақында ғана қозғалған.

Жеті жасар баланың зорлық көргені туралы айтып, алғаш болып дабыл қаққан – жәбірленушінің әжесі. Журналистерге берген сұхбатында кейуана немересін шомылдырмақ болғанда бүлдіршіннің бүкіл денесіне қол тигізбей, қатты ауыратынын айтып шырқырағанын айтқан. Әлденеден секем алған әжесі немересін сұрақтың астына алады. Сол кезде ғана бүкіл сұмдықтың беті ашылған. Жеткіншек өзінен 7-8 сынып жоғары оқитын 4 баланың соққының астына алып, зорлағанын айтып берген. Сорақысы сол, бұл айуандықтың барлығын 9-сынып оқушылары мектептің дәретханасында жасаған. Төрт ессіздің үшеуі азғындық жасап жатқанда біреуі сыртта «күзетте» тұрған.

Жеткіншектің мінез-құлқындағы өзгерісті анасы мен әжесі наурыз айында байқаған. Сол кезден бастап бала тым ашуланшақ болып, мектепке барғысы келмейтінін айтып, қиғылық сала бастаған. Туғандары сол кезде-ақ білім ошағында әлімжеттік жасалатынын біліп, 9-сынып оқушыларының жасы кішілерге күш қолданатыны жөнінде мектеп мұғалімдеріне ескерткен екен. Алайда ата-аналардың бұл жанайқайына тіпті сынып жетекшісі де жете мән бермеген көрінеді. Осы оқиғадан кейін мектепте бейнебақылау камерасының орнатылмағаны да анықталып отыр.

Қазіргі таңда бұл айуандыққа қатысты екі бірдей қылмыстық іс қозғалған. Оның біріншісі Қылмыстық кодекстің 121-бабының 4-бөлігі бойынша тіркелген. Ақтөбе облысы Полиция департаментінің хабарлауынша, осы факті бойынша қажетті тергеу іс-шаралары жүргізіліп, барлық тиісті сот-медициналық сараптамалар тағайындалған. Бұдан бұрын Ақтөбе облысы әкімдігінің Білім басқармасы Балалардың құқықтарын қорғау комитетіне білім ошағының лауазымды тұлғаларын жауапкершілікке тарту туралы өтініш жібергенін хабарлаған болатын. Осыған сәйкес облыстың Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті мектеп қызметкерлеріне қатысты қызметтік тергеуді бастағанын мәлімдеген еді. Қазіргі таңда зәбір көрген бала мен оның отбасына қажетті барлық құқықтық қолдау, соның ішінде психологиялық көмек көрсетілуде.

Ал екінші қылмыстық іс оқушы зорланған мектеп әкімшілігіне қатысты Қылмыстық кодекстің 141-бабы – «Балалардың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жө­нiндегi мiндеттердi тиісінше орындамауға» сәйкес қозғалған.

Ақтөбе облыстық ПД-нің ресми өкілі Ерболат Сарқұловтың мәлімдеуінше, мектеп мұғалімдерінің және басшылығының жауапсыздығы мен немқұрайлылығына қатысты бұл іс бойынша да қазіргі таңда тергеу жүргізіліп жатқан көрінеді. Бұл бап бойынша білім беру мекемесінің жауапты қызметкерлері екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға айырылып, 2 мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл арқалайды. Бұл дегеніңіз шамамен 6 миллион теңге. Алайда балалық балдәурені быт-шыт болған бүлдіршіннің болашағын бұл ақша бүтіндей алмасы анық.

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің мәліметіне мән берсек, өткен жылы елімізде Қылмыстық кодекстің 122-бабына сәйкес 41 қылмыстық іс тіркелсе, биыл бұл сан қазірдің өзінде 57-ге жеткен. 122-бап – «Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасауға» қатысты норма. Ал кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты жасалған зорлық-зомбылық бойынша 2020 жылы 9 іс қаралса, биылғы жыл басталғалы 14 қылмыстық іс әшкереленген. Бұл деректер елімізде педофилдердің қатары қалыңдай түскенін аңғартады.

Қазіргі уақытта Қазақстан­ның түзеу мекемелерінде кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыстары үшін 1600-ге жуық сотталған жазасын өтеп жатыр. Ал құқық қорғау органдарында бір жарым мыңға жуық педофил мен 2800-ден астам зорлаушы тіркелген.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті бірнеше жыл бұрын педофилдер туралы деректердің электронды картасын ұсынды. Ол жерден осы баптар бойынша тіркелген барлық қылмыстық іс туралы ақпаратты, соның ішінде зорлаушыларға қатысты мәліметтерді – олардың аты-жөндері, жасы, тіпті фотоларына дейін infopublic.pravstat.kz. арнайы сайтынан көруге болатындай етіп жасады.

2016 жылы «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойылып, көп ұзамай педофилдерді химиялық піштіру жазасы қолданысқа енгізілді. 2019 жылдан бастап зорлау немесе нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттері ауыр санаттағы қылмысқа жатқызылып, балаларға қатысты зорлық көрсеткендерді 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы енгізілді. Сонымен қатар, педофилия фактілерін біле тұра, құқық қорғау органдарына хабарламағандар да қатаң жазаланады. Бұдан былай мұндай ақпаратты жасырып қалғандар 6 жылға дейін сотталуы әбден мүмкін.

Жаза қатайтылғанымен, бұл азғындықты ауыздықтау мүмкін болмай тұр. Ақтөбедегі сияқты жас балаға жасөспірімдер жабылып қорлық көрсететіндей күйге түсуіміз қасірет емес пе?! Бұл азғындықтың астарында не жатыр? Мұндай жауыздықты жеткіншектер қайдан жұқтырып, зорлықшыл болуды кімнен үлгі етіп жүр? Педофилдерді химиялық піштірумен де қорқыта алмадық. Одан қатал жаза да айуандықты тоқтатпай тұр. Неге? Мүмкін, бұл адамдық азайып, надандық жайлаған ақпарат ағынына қарсы тұра алмай жатқанымыздан болар. Тұғыр болар тәрбиеміздің тамырын босаңсытып алғанымыз тағы бар... Тағы не?