• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
09 Қаңтар, 2014

Аяз буған Америка

223 рет
көрсетілді

АҚШ-ты соңғы жарты, тіпті, бір ғасырда болмаған суық қыспағына алып тұр. Аязды ауа райы жауған қалың қар мен қар аралас жаңбырға ұласып, жер-көкті көктайғаққа айналдыруда. Монтана, Солтүстік және Оңтүстік Дакота, Миннесота, Айова, Висконсин, Мичиган және Небраска штаттарында температура нормадан 20 градусқа дейін төмендеп кеткен.

Шарайна

АҚШ-ты соңғы жарты, тіпті, бір ғасырда болмаған суық қыспағына алып тұр. Аязды ауа райы жауған қалың қар мен қар аралас жаңбырға ұласып, жер-көкті көктайғаққа айналдыруда. Монтана, Солтүстік және Оңтүстік Дакота, Миннесота, Айова, Висконсин, Мичиган және Небраска штаттарында температура нормадан 20 градусқа дейін төмендеп кеткен.

Кейбір қалаларда сынап бағанасы минус 40 градусты көрсетіп тұр. Нью-Йорк штатында төтенше жағдай жарияланып, билік тұрғындарды аса бір қажеттілік туындамаса, үйден шықпауды ұсынған. Ауа райының күрделілігіне байланысты, күні бүгінге дейін үсіп өлгендер саны 30-ға жуықтайды. Әуе­жайларда мыңдаған рейстер шегеріліп отыр. АҚШ-тың әуе компаниялары мен жолаушылар 1-6 қаңтар аралы­ғында шамамен 1,5 миллиард долларға жуық сомаға зардап шеккен.

Қосымша әскерилер кіргізеді

АҚШ Оңтүстік Кореяға қосымша әскери контингент кіргізетіні туралы хабарлады. Пентагондағылардың айтуларынша, Корея Республикасына 800 әскери қызметкер, сондай-ақ, бронды техникалар мен танктер жеткізілетін болады. АҚШ-тың қорғаныс министрлігі бұл жоспарын алдағы ақпан айында жүзеге асырмақ.

Әскери контингент Солтүстік Кореямен шекарадағы базаларға орналастырылатын көрінеді. Пентагондағылардың  түсіндірулерінше, АҚШ-тың Оңтүстік Кореядағы әскери контингентін кеңейту бұрыннан жоспарда тұрса керек. Ал 1 қаңтар күні КХДР басшысы Кин Чен Ын АҚШ та өзін қауіпсізбін деп есептемеуі керектігін атап көрсетіп, бүгінде дүниежүзі әлемдік соғыс пен ядролық қатер алдында тұрғанын ескерткен еді. Қазіргі кезде Оңтүстік Корея аумағында 28 500 америкалық әскери қызметші орналастырылған.

Қысқа қайырып айтқанда:

* Өткен жылдың соңында қатты соққыға жығылған «Украинская правда» басылымының журналисі Татьяна Чорновил шабуылды Украина президенті Виктор Янукович ұйымдастырды деп есептейді.

* Латвия үкіметін алғаш рет әйел басқаратын болды. Ел президенті Андрис Берзиньш Лаймдота Страуюманың кандидатурасын мақұлдап, оған жаңа үкімет жасақтауды тапсырды. Л.Страуюма бұған дейін жер ісі министрі қызметін атқарған.

* Канадада пропан мен шикі мұнай әкетіп бара жатқан жүк пойызы рельстен шығып кетті. Оқиға Канаданың шығысындағы Нью-Брансуик провинциясында бұрнағы күні кешкісін орын алған. Зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.

* Өткен жылдың 25 желтоқсанында Антарктидадағы мұзға кептеліп қалған «Академик Шокальский» кемесі бүгінде өз күшімен солтүстікке жылжып барады. Кеменің құрсаудан шығуына ауа райындағы өзгерістерден мұздың жарылуы себеп болған секілді.

Үндістанға келген авианосец

«Викрамадитья» авианосеці (бұрынғы «Кеңес Одағы флотының адмиралы Горшков») кеше Үндістанның Карнатака штатындағы әскери-теңіз күштерінің базасына келіп жетті. Енді корабль осы теңіз базасында орын тебетін болады. Алдағы ақпан айында аталған авианосец Мумбаиға салтанатты кездесуге аттандырылады деп күтілуде.

Үндістанның жаңа авианосецін сапқа қою үшін шамамен 4 ай жұмсалады делініп отыр.  «Викрамадитья» Үндістанға былтырғы жылдың 26 қарашасында бағыт алса, оны үнді флотына салтанатты беру рәсімі 16 қарашада өткен еді. Аталған авианосецті Үндістанға беру туралы келісімшартқа 2004 жылы қол қойылған екен. Оның құны әуелгіде 1,5 миллиард долларға бағаланса, жүргізілген жұмыстардан кейінгі сомасы 2,3 миллиард долларға дейін өсіп кеткен. Үндістан тарапының жоспарынша, «Викрамадитья» ел флотында 30 жыл сапта тұратын болады.

Әлеуметтік алаяқтық анықталды

АҚШ-тың құқық қорғау органдары сақтандырумен және әлеуметтік  төлемдермен байланысты жасалған аса ірі алаяқтық әрекеттерді анықтады. Алаяқтыққа қатысы бар деген айыппен бұрнағы күні Нью-Йоркте 106 адам, оның ішінде 80 бұрынғы полицей мен өрт сөндіруші қамауға алынды.

Тергеу деректеріне сүйенсек, қылмыстық әрекеттерге қатысқандар қызметтік міндеттерін атқару кезінде түрлі жүйке ауруларына ұшырапты-мыс. Нәтижесінде еңбекке жарамсыз деп танылып, әлеуметтік төлемдер алып келген. Төлемдер  сомасы жылына 30-50 мың доллар аралығын құраған. Оның үстіне қылмыстық жүйеге қатысушылар әдеттегідей тұрмыс кешулерін жалғастыра берген. Мәселен, біреуі тікұшақ басқарса, екіншісі тұрақты түрде Лас-Вегаста казино ойнаған. Қылмыстық топтан келген жалпы шығын 400 миллион долларды құраған.

Сақтық қатаңдатылып отыр

Ресейдің кейбір әуежайларында ұшақ бортына жеке гигиена керек-жарағы мен дәрі-дәрмекті қоса алғанда, сұйықтықтың барлық түрін алып кіруге тыйым салынды. Мұндай әуежайлардың арасында Мәскеудің «Внуково» және «Шереметьево» әуежайлары да бар.

«Росавиациядағылардың» сөздеріне қарағанда, мұндай тыйым салулар бірінші кезекте Сочиде өтетін Қысқы Олимпия ойындарына байланысты қабылданып отыр. Сочидегі Қысқы ойындар 7-23 ақпан аралығында өтеді. 2012 жылдың тамызында Ресей президенті Владимир Путин Олимпиада кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етудің күшейтілген шаралары туралы заңға қол қойған болатын. Бұдан бөлек, Олимпиада уақытында Ресейдің Мемлекеттік Думасы Олимпиадаға қатысушыларға арналған жолақтармен жүрген жүргізушілерге жаңа айыппұлдар енгізген еді.

Ресейлікті еліне енгізбеді

Сенегал басшылығы Ресейдің ұсталған «Олег Найденов» траулерінің капитанын медициналық тексеруден өту үшін жағалауға шығуға рұқсат бермей қойды. Мұны «Росрыболовство» хабарлады. Сенегал билігі әуелде кеме капитаны Вадим Манторовқа клиникада тексерілу үшін жағалауға шығуға рұқсат беруге уәде еткен екен.

Манторовты ертіп жүру үшін Дакар портына «Росрыболовствоның» Сенегалдағы өкілі Александр Бирюков келгенімен, капитанның портқа өтуіне рұқсат қағазы берілмеген. Ал кеме капитанының бүйрегі ауырса керек. Сондай-ақ, «Росрыболовство» кемені әске­рилер тұтқындаған кезде зардап шеккен басқа да экипаж мүшелері үшін рұқсат қағазын беруді сұраған болатын. Сенегал тарапы әуелде  берген уәделерін орындамай, тайқып шығып отыр. Траулер Сенегал суларында заңсыз балық аулады деп тұтқындалған еді.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.

 

Соңғы жаңалықтар