Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 7,2 мыңнан аса медицина саласының қызметкері COVID-19 инфекциясына карсы вакцинаны салдырған.
Маңғыстау облысы бойынша жалпы медицина қызметкерлерінің саны 10 мыңнан асады. Оның ішінде 9 376 вакцина алушылар санатына кіреді. Бүгінде екпе алғандар саны 7 206 ақ халаттыны құрайды. Яғни бұл көрсеткіш 77%-ға жетіп отыр.
Соңғы мәліметтер өңір тұрғындарының вакцина алуда белсенділігі артқанын көрсетті. Екпе пунктеріне келгендердің қатары көбейген. Мұны Ақтаудағы ЕРКЕМЕD емханасының бас дәрігері Серік Қасым да растады.
«Мысал ретінде біздің емханамызда медицина қызметкерлерінің 96%-ы екпе алды. Жексенбі, сенбі күндері де жұмыс істеп жатырмыз. Халықтың саны күннен-күнге артып жатыр. Қажет болған жағдайда түсіндірме жұмыстарын да осы жерден жүргізіп жатырмыз. Күніне емханамызда 200 адам екпе алуда», деді ол.
Оның айтуынша, емхана тарапынан қызметкерлері көп еңбек ұжымдарына барып вакциналау жүргізу қолға алынған. Тек санитарлық нормаға сай келетін екпе орны жасақталуы керек.