Футболдан Чемпиондар лигасының 2021/22 жылғы маусымының іріктеу кезеңіне қатысып жатқан Алматының «Қайраты» келесі айналымға жолдама алды. Турнирдің бірінші іріктеу кезеңінде Израильдің «Маккаби» (Хайфа) клубымен кездескен «Қайрат» екі ойын қорытындысы бойынша 3:1 есебімен жеңіске жетіп, жарысты әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік алды.
Сырт алаңдағы ойында алматылықтар 1:1 есебімен тең түсіп, елге жақсы көңіл күймен оралған-ды. Араға апта салып Алматыдағы Орталық стадионда өткен қарымта кездесуде былтырғы ел чемпиондары Израильден келген қарсыластарының қақпасына жауапсыз екі гол салып, «Маккабиді» ақыры тізе бүктірді. Сөйтіп алматылық ұжым Хайфа командасынан былтырғы есесін қайтарды. Естеріңізде болса, «Қайрат» Еуропа лигасының былтырғы маусымында дәл осы «Маккабимен» кездесіп, 2:1 есебімен жеңіліп қалған болатын. Жалпы, «Қайраттың» Израиль командаларымен кездессе, жеңіле беретін сәтсіз статистикасы бар еді. Мәселен, бұған дейінгі Еурокубок бәсекелерінде аталған елдің командасымен үш мәрте жолығып, үшеуінде де қарсыластарына жол берген еді. Осылайша «Қайраттың» Еуропа лигасындағы сәтсіздігі Чемпиондар лигасына келгенде тоқтады.
Алматының Орталық стадионындағы қарымта кездесудің алғашқы минуттарында Хайфадан келген қонақтар белсенділік танытып, ойын тізгінін өз қолдарына алуға тырысты. Өйткені жарыс ережесі бойынша келесі кезеңге тек жеңімпаз команда ғана өтеді. Сондықтан «Маккаби» мейлінше ойын тағдырын негізгі уақытта шешіп тастауды көздеген еді. Ойындағы алғашқы қауіпті шабуылды да Израильден келген футболшылар жасады. 8-минутта Омер Ацили әріптесінің әуелете асырған пасына бірінші жетіп, Стас Покатилов қорғаған қақпаға баспен жойқын соққы жасады. Абырой болғанда доп қақпа бағанынан сәл жоғары ұшып, есеп өзгеріссіз қалды. Арада екі минут өткен соң алаң қожайындары қауіпті шабуылдың қарымтасын қайтарып қана қомай, гол соғуға мүмкіндік алды. Кездесудің 10-минутында алаң ортасынан шабуыл ұйымдастырған Небойша Косович айып алаңында тұрған Артур Шушеначевке дәл пас берді. Ұзын бойлы шабуылшы допты кеудесімен тосып, Вагнер Лавқа гол соғатын тамаша мүмкіндік жасап берді. 37 жастағы тәжірибелі шабуылшы өз мүмкіндігін мүлт жібермеді. Есеп – 1:0. Бірінші таймның соңына таман Вагнерде есепті еселей түсетін тағы бір оңтайлы сәт болған. Бірақ бразилиялық футболшының соққысын «Маккаби» қақпашысы Джош Коэн қайтара білді.
Екінші таймды екі клубтың ойыншылары да белсенді бастады. «Маккаби» үшін ертерек есепті теңестіріп алу маңызды болса, «Қайратқа» тағы бір гол соғып, келесі кезеңнің мәселесін мерзімінен бұрын шешу маңызды еді. 65-минутта қонақтар сапынан Годсвэй Доньох таразы басын теңестіретін мүмкіндігін пайдалана алмады. Стас Покатилов тамаша сэйв жасап, қақпасын голдан аман сақтап қалды. Арада бір минут өткенде қарсы шабуылға шыққан «Қайрат» ақыры өз дегеніне жетті. Вагнер Лавтың пасын қарсылас команданың қорғаушылары қайтарамын деп абайсызда допты дәл Айбол Әбікеннің аяғына салып берді. Айбол әуедегі допты жерге түсірмей теуіп, қақпа торында тулатты. Матч соңына дейін екі клубта да гол соғатын бірнеше мүмкіндік болған. Алайда қақпашылардың қырағылығының арқасында таблодағы есеп өзгеріссіз қалды.
Осылайша «Қайрат» өз тарихында Израиль командасын бірінші рет жеңіп, Еуродода жарысының келесі кезеңіне шықты. Енді алматылық ұжым Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде Сербия чемпионы «Црвена Звезда» командасымен кездеседі. Алғашқы ойын 20 шілдеде Алматыда өтсе, жауапты кездесу 27 шілде күні Белградта ойналады. «Қайрат» бұған дейін Еуропа лигасының іріктеу кезеңінде сербиялық командамен 4 рет кездесіп, оның үшеуінде жеңіске жеткен. Соңғы рет екі клуб жасыл алаңда 2015 жылы жолыққан. Сырт алаңдағы бірінші ойында «Қайрат» 2:0, Алматыдағы бәсекеде 2:1 есебімен басым түскен.
«Қайрат» бірінші айналымдағы жеңісінің арқасында 331 000 АҚШ доллары көлемінде табыс тапты. Ал екінші кезеңге өткені үшін алматылық клуб тағы 450 000 доллар қаржы алады.
Айта кетейік, Конференция лигасында өнер көрсететін Қазақстанның үш клубы жарыстарын 22 шілдеде бастайды. Алғаш елорданың «Астанасы» Грекияның «Арисімен» кездессе, кейіннен Қарағандының «Шахтері» Румынияның «Стяуасымен» ойнайды. Ал Қазақстан біріншілігінің күміс жүлдегері «Тобыл» хорватиялық «Хайдук» клубымен бақ сынайды.
Конференция лигасының ережесі бойынша, екі ойын қорытындысы бойынша жеңілген команда жарысты сол жерден аяқтап, Еурокубок жарыстарынан шығып қалады.