• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
30 Сәуір, 2010

КҮН ТӘРТІБІНДЕ ЕКІЖАҚТЫ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС

523 рет
көрсетілді

Кеше Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Австрия Республикасының сыртқы істер министрі Михаэль Шпин­делеггермен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады СІМ-нің баспасөз қызметі. Әңгімелесушілер  ЕҚЫҰ шеңберінде және екіжақты негіздегі қарым-қатынас­тар­дың кең ауқымды мәселелерін талқылады. М.Шпинделеггер Қырғызстанда орын алған саяси дағдарысқа қатысты халық­аралық қоғамдастықтың әрекетін үйле­сімді атқаруға Қазақстанның үлесі зор болғанын ерекше атап өтті және еліміздің ЕҚЫҰ-ға төраға мемлекет ретіндегі қызметіне жоғары баға берді. Австрияның сыртқы саясат ведом­ство­сының басшысы биыл 16-17 шілде күн­дері Алматыда өтетін Ұйымға мүше мем­­лекеттер Сыртқы істер министр­ле­рінің бейресми кеңесіне қатысатынын растады. Ол сондай-ақ биыл Президент Нұрсұлтан Назарбаев­тың бастамасымен өткізілетін ЕҚЫҰ Саммитін ұйым­дас­тыруда Қазақ­стан жағы атқаратын жұмыстарға өз қолдауын білдірді. Австрия Республикасының Прези­денті Х.Фишер лауазымына қайта сай­ла­нуына байланысты Қазақстан тарапының құттық­тауын жолдай отырып, Қ.Сауда­баев Елба­сының Австрия басшысына Қа­зақстанды өзіне ыңғайлы мерзімде ке­луі­не шақыруын жеткізді, әрі мұндай сапар екіжақты ынты­мақтастыққа жаңа серпін бере алатынына сенімді екенін айтты. Қазақстан Австрияның ТМД елдері­мен екіжақты сауда көлемі жағынан үшін­ші орынды иеленеді. Қазақстан мен Авс­трия­ның екіжақты сауда айналымы 2010 жыл­дың қаңтар-ақпан айларында 481,8 мил­лион АҚШ долларын құрады, ал бұл дағ­да­рыстың ықпалы аса күшті болған 2009 жылдың сәйкес мерзімімен салыс­тырғанда 15,5 есе артық болып табылады. Жалпы алғанда, соңғы 15 жылдың ішінде екіжақты сауда айналымының көлемі 12 есе өсті. Авс­трияға қазақстандық экспорт – 17 есе, ал Австриядан Қазақстанға келетін импорт 6 есе өсті.