16 миллион клиенттік базасы бар, ай сайын 80 миллионнан астам пайдаланушы кіретін ресейлік Ozon платформасында енді қазақ кәсіпкерлері де өнімдерін саудалай алады. Маркетплейсте киім мен тағамнан бастап, балалар өнімдерінен косметикаға дейінгі 20 түрлі санаттағы тауарлар бар.
Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, ресейлік e-commerce алпауытына шығар жолдың ашылуы – қазақ кәсіпкерлері үшін үлкен әлеует.
«Біздің тауарлар – аяқкиім, зергерлік бұйымдар және ауылшаруашылық өнімдері осыған дейін де Ozon-да ұсынылған. Бірақ Wildberries сияқты, сайтқа кіру үшін біздің компаниялар Ресей Федерациясының аумағында филиалдар ашуға мәжбүр болды. Бұл бизнес үшін өте ыңғайсыз және қымбат. Логистиканы жетілдіру жергілікті бизнестің Ozon-ға шығуына ықпал етті: мамырдан бастап біздің кәсіпкерлер Ресейге тауарларды тікелей клиентке өздері немесе үшінші тарап тасымалдаушыларының көмегімен жеткізе алады», дейді министр.
Ресейлік компания жақын арада қазақстандық бизнестің тауарларын Ресейге тасымалдайтын серіктес-логистердің тізімін ұсынбақ. Отандық тауарларды Ресей мен өзге де өңірлерге жеткізу үшін қоймаға орналастыру шаруасы да пысықталып жатыр екен. Ведомство басшысы басқа маркетплейстермен де келіссөздер жүріп жатқанын айтады.
«Біздің міндетіміз – өндірушілеріміз үшін әртүрлі сауда алаңдарына қолжетімділікті барынша жеңілдету. Бұл сауда үшін де, өндіріс үшін де жақсы ынталандыру болатынына сенімдімін», дейді Сұлтанов.
Ozon-ға тіркелудің еш қиындығы жоқ. Алдымен seller.ozon.ru сайтында сатушы ретінде тіркелесіз. Компанияның жарғылық құжаттарын тіркегеннен кейін тексеруді күту қажет. Кейін нарықтағы ұсыныстарды қабылдай бастайсыз. Адамдар интернет арқылы сауда жасағанда бірінші кезекте өнімнің сыртқы түр-сипатына ерекше назар аударатындықтан өнім картасын жасайсыз. Қойманың қай жерде орналасқанын, тауарларды қайдан жеткізетініңізді де көрсетіп қойыңыз. Көп ұзамай алғашқы тапсырыстар да түсе бастайды. Толық ақпаратты global.ozon.ru сайтынан алуға болады.
Еске салсақ, министрлік осыған дейін қазақ кәсіпкерлеріне өнімдерін Amazon платформасында тікелей сатылымға шығару мүмкіндігін ұсынған еді. Соңғы уақыттары еліміздің e-commerce тарапындағы дамуында біршама серпіліс бар екенін аңғаруға болады. Кәсіпкерлердің халықаралық онлайн нарықта өнім саудалай бастауы олардың осы бағыттағы жұмысын құлшына істеп, жақын келешекте отандық платформалардың негізін қалап, дамытуға деген ықыласын да оятары сөзсіз.
«Саланы үш құралдың көмегімен дамытуға болады, біріншісі – электронды саудаға ынталандыру және шағын және орта бизнесті оқыту. Екіншісі – логистикалық сервис пен жеткізу қызметін дамыту. Үшіншісі – онлайн-трансшекаралық сауданы дамыту», дейді Сауда және интеграция вице-министрі Әсел Жанасова.
Ведомство 2025 жылға таман жалпы саудадағы e-commerce үлесін 15 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Министрліктің мәліметінше, биыл электронды сауда үлесі 9,9 пайызға көтеріліп, 1,4 трлн теңгені құраса, 2025 жылы 15 пайызға өсіп, 3,6 трлн теңге болмақ.