Атырау облысында жыл басынан бері карантиндік шектеулерді бұзған 500-ге жуық дерек тіркелген, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мониторингтік топтар 10 мыңға жуық рейдтік шара өткізіп, 42 542 нысанды тексерген. Карантиндік шектеу шараларын бұзғандарға жалпы сомасы 48 млн теңгеден астам айыппұл салынып отыр.
Мәселен, 1-12 шілде аралығында 344 тексеру жүргізіп, 1 190 нысан бақылауға алынған. Оның ішінде 20 нысан карантиндік шектеу шараларын бұзған. Оларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, салынған айыппұл көлемі 2 млн 500 мың теңгені құрады
«Атырау қаласында 13 мониторингтік топ бар. Жұмыс күндері күндіз тексеру жүргізуге бір топ шығады. Ал, демалыс күндері үш топ нысандарға тексеріс жүргізеді. Мобильдік топтардың нысан ішіне кіруіне кедергілер туындайды. Өйткені, нысан иелері есікті ішінен құлыптап, жұмысын жалғастыра береді. Осындай себепке байланысты мониторингтік топ нысанның ішіне кіріп, тексеріс жүргізе алмайды. Сондықтан, мейрамхана иелерімен, салтанатты шара өткізушілермен түсініспеушілік мен кикілжің орын алады», дейді Атырау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Руслан Даулетов.
Оның мәліметінше, шектеулерді жиі бұзатын нысандар қатарында «Флория», «Vivaldi», «SKY BAR», «End Ne Stimz», «Рыба моей мечты» және «URBAN» секілді клубтар мен барлар бар.