Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті мәдениет қайраткері, республикалық ақындар айтысының бірнеше дүркін жүлдегері, Алматы облысының құрметті азаматы Ханша Мұсабайқызы Раисованың дүниеден өтуіне байланысты жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп жазады Egemen.kz Президенттің баспасөз хатшысына сілтеме жасап.
«Ханша Мұсабайқызы 1980-1990 жылдары айтыс өнері қайта жанданған тұста жарқ етіп көрінген ақындардың бірі еді. Ол мәдени құндылықтарымызды және рухани қазынамызды дәріптеп, ел ішіндегі және халықаралық жыр сайыстарында жүлделі орындарды жеңіп алды. Ел-жұрттың айрықша құрметі мен ықыласына бөленді. ЮНЕСКО сыйлығының лауреаты атанды. Жас өнерпаздарды сөз зергері болуға баулып, Жетісу өңірінде ақындар мектебін қалыптастыруға атсалысты.
Қазақтың айтыс атты әдеби мұрасын өркендетуге мол үлес қосқан Ханша Мұсабайқызының жарқын бейнесі ұмытылмайды. Халқымыз белгілі ақынның есімін әрдайым ардақ тұтады, – деп жазылған Президенттің жеделхатында.