• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сайлау 19 Шілде, 2021

Ауыл ажары – әкімінен

469 рет
көрсетілді

Биыл 25 шілдеде елімізде тұңғыш рет ауыл әкімдерін тікелей сайлау өткізілмекші. Жаңалықтан құлақтанған жұрт жақсылықтан үмітті. Өңірдегі саяси науқан қалай ұйымдастырылып жатыр? Маңызды өзгерістен халық не күтеді? Біз осы сауалдарға жауап іздеп көрдік.

Шынтуайтында, үміткер­лердің қаншалықты іскерлігін, елге қаншалықты жаны аши­тын­дығын жақсы білетін халық жаза баспасы анық. Тікелей сайлау арқылы сайланған әкімдер жауапкершілік жүгін жақсы түсінетін болады.

–Біздің облыс бойынша ауыл­дық деңгейде 239 әкім бар. Осы жылы солардың 96-сын, яғни 40 пайызын ауыл тұрғын­дары­ның өздері сайлайтын болады, – деді облыстық сайлау ко­миссиясының төрағасы Манар­бек Сәдуов. – 95 әкім осы айда, ал біреуі қазан айында сайланады. Сайлау 227 елді мекенде өтеді. Оларда 153 мың адам тұрса, соның ішінде 100 мың сайлаушы сайлау про­цесіне қатысады.  Жауапты іске 238 сайлау комиссиясы тартылады деп жоспарлап отырмыз. Оның ішінде 20 аумақтық, 218 учаскелік сайлау комиссиясы бар. Облыс бойынша 721 сайлау учаскесі бар болса, бұл жолы сайлау процесіне өңірдегі барлық сайлау учаскесінің 30 пайызы қатыстырылады. Олар сайлауға дайындық жұмыстарына биылғы жылдың 25 маусымында кірісті. Сайлау өтетін орындарды да­йындап, сайлаушылардың тізімі нақтыланды. Облыстық сайлау комиссиясы аудандық сай­лау комиссияларының төраға­лары мен хатшыларын оқытып, сертификаттарын тапсырдық. Саяси науқан алдында оқу ұйым­дас­тырған себебіміз, елі­міздің көптеген заңнамалық акті­сіне, соның ішінде «Қазақстан Рес­­пуб­­ликасындағы сайлау тура­лы» Конституциялық заңға көп­те­ген өзгеріс пен толықтыру енгі­зілді. Сайлау процесіне жауапты адамдар заңды жетік білуі тиіс.

Ендігі кезекте оқытудан өт­кен тұлғалар жергілікті жер­лер­­ге барып, учаскелік сайлау комис­сиясының мүше­лерін оқыта­ды. Сондай-ақ об­лыс­тық сайлау комиссиясы Мем­ле­­кеттік бас­қару академиясы об­лыстық фи­лиа­лы­ның оқыту­шы­­ларымен бір­лесіп, семинарлар ұйым­дас­тыруда. Сайлау комиссияларының мүше­лері заңды неғұрлым жақсы білсе, сай­лау жоғары деңгейде өтетіндігіне сенім мол.  

Орталық сайлау комиссиясы сай­­лау құжаттарының нысандарын бел­гілейді және сайлау іс-шараларын қаржыландыруды қамтамасыз етеді. Әкімдердің сайлауы биыл ал­ғаш рет өтетіндіктен, сайлауды қаржы­ландыру мәселесін Орталық сайлау комиссиясы өз мойнына алып отыр. Ал 2023 жылдан бастап қаражат жергілікті бюджеттен қарастырылмақ. 

Облыстық сайлау комиссиясының атқа­ратын негізгі міндеті – науқанды ұйымдастыру және өткізуді қамта­масыз ету, учаскелік сайлау комис­сия­ларының шешімдері мен әрекеттерін, арыз-шағымдарды қарау. Ал саяси науқан кезінде негізгі салмақ аудандық сайлау комиссияларына түседі. Олар өздері қаулы қабылдап, интернет сайттарда жариялады. Қазір олар кандидаттарды, кандидаттардың сенім білдірген өкілдерін тіркеп, куәліктерін беріп жатыр. Кандидаттардың тір­келгені жайлы бұқаралық ақпарат құралдарына хабарлама береді. Сайлау бюллетеньдерін дайындайды. Учас­келік сайлау комиссиясы әкім­дер сай­лауының қорытындысын аудан­дық, қалалық сайлау комиссиясына тапсырады. Сөйтіп, үш күннің ішінде сайлау қорытындысы шығарылады.

Сайлау пандемия жағдайында өткелі тұрғандықтан, қорғаныс құрал­дарымен қамтамасыз ету өз алдына, сайлау комиссияларының мүшелерін вакциналау жұмысы жүргізілуде. Ал денсаулық жағдайына байланысты вакцина алмаған комиссия мүшелері міндетті түрде ПТР тест тапсыруы керек болады.    

Өзгерістер де аз емес. Мәселен, бұрын сайлау кезінде «бәріне қарсы­мын» деген баған болмайтын. Заң­намаға енгізілген өзгертулерге сәйкес, енді сайлаушылар сондай құқыққа ие. Мысалы, әкім болуға үш кандидат болды делік, оның ешқайсысы көңіліңізден шықпаса, сіз «бәріне қарсымын» деген бағанды белгілей аласыз. Ал бұрынғы заңнамаға сәйкес, сіз міндетті түрде бір кандидатты таңдауыңыз керек болатын.

Кандидаттарды ұсынуда да жаңа­шыл­дықтар бар. Мысалы, әкімдердің сайлауында саяси партиялар да өз кан­дидаттарын ұсынуға құқылы. Аза­маттар өздерін өздері ұсына алады. Өзін өзі ұсыну үшін ол азамат сайлаушылардың дауысының бір пайызын жинауы керек. Егер кандидат тіркелмесе, аудан әкімінің екі адам­ды ұсынуға құқы бар. Заңдағы өзгерістерге сәйкес бір әкім екі реттен артық сайлана алмайды. Бұл заң­ға жаңадан қабылданған өзгерістер бол­­ғаннан кейін бұрын ауылда әкім бол­ған азаматтарға да сайлауға қаты­су құ­қығы беріліп отыр. Ал саяси пар­тия­­­лар ұсынатын кандидаттар мін­­детті түр­де сол партияның мүшесі болуы тиіс.

– Статистикалық деректерге сүйен­­сек, әкімдерді мәслихат депутат­тары сайлаған кезде 2013 жылы облыс бо­йынша 246 әкім, 2017 жылы 157 әкім сайланған екен. Өмір болғаннан кейін адамдар басқа қызметке ауысып немесе басқа жаққа қоныс аударып жатады. Есептеп отырсам сондай себептермен кезектен тыс 745 сайлау өткізген екенбіз, – дейді Манарбек Сәдуов. – Әкімдер әлдебір себептермен қыз­метінен босатылса, 40 күннің ішінде кезектен тыс сайлау өткізуіміз керек.            

Облыста ауыл әкімдері сайлауына үміткерлерді тіркеу жұмыстары жүргізілуде.

– Барлығы 95 әкім сайланады. Оның ішінде 66-сы өкілеттік мер­зімі аяқталуына, 29-ы өкілеттікті мерзімінен бұрын доғаруға байланыс­ты сайланады. Шілденің 9-ына дейін­гі жағдай бойынша 318 канди­дат ұсынылды. Оның 100-і саяси партиялардан, 218-і өзін өзі ұсынған тұлғалар, – дейді Манарбек Сәдуов. –  Әзірше 318 кандидаттың 229-ы тіркеуден өткен. 100 сайлау округі бойынша 76 кандидатты – Nur Otan, екеуін – «Ауыл», алты кандидатты – «Ақ жол», 13 кандидатты – Қазақстан халық партиясы, тағы екеуін – Adal және біреуін Жалпыұлттық социал-демократиялық партия ұсынған. 73 сайлау округінде кандидаттар бір  сая­си партиядан ұсынылған. 10 сайлау округінде – 2, ал, екі сайлау округінде үш саяси партиядан ұсынылған. Тағы 10 сайлау округінде кандидаттар – тек қана өзін өзі ұсынған үміткерлер. Айта кетейік, ұсынылған 318 кандидаттың 104-і, яғни 32,7 пайызы – әйелдер.  

Ауылда қордаланып қалған мәселе аз емес. Ауыз су, жол, жұмыс­сыздық, жайылым, интернет байла­нысы дейсіз бе, толып жатыр. Міне, осы мәсе­лелердің қайсысын бірінші кезек­те қалай шешеміз? Жаңа сай­ланған әкімнің жанын ауыртатын осы та­қылеттес сұрақтар. Биылғы жаз ересен ыстық болды. Зеренді ауданындағы Қызылегіс ауылының тұрғыны Қонай Демесіновтің айтуына қарағанда, ауылдағы ахуал ушығып тұр. 

– 2019 жылы аудан әкіміне құдық қазып беру туралы өтініш айтқан болатынбыз, – дейді ол. – Бірақ нәтиже шықпады. Ауыл тұрғындары әне бір жылы өздері қаражат жинап, құдық қазып алып едік, көп ұзамай бітеліп қалды. Екінші мәрте қауымдасып, қар­жы жинауға тұрғындардың жағ­дайы келетін емес. Біздің жайымызды аудан басшылары жақсы біледі. Ал ауылдық округтің әкімі ұйытқы бола алмай отыр.  Ауылда мал басы баршылық. Малсақ қауым 500-ден астам жылқы, үш жүздей қой, 200-ге жуық қара мал бағуда. Бар керегі – мал суаратын суат қана. Енді ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауынан үміт күтеміз.

Бурабай ауданындағы Атамекен ауылдық округіне Қытайдан қоныс аударған ондаған отбасы мал бағатын тоқымдай жерге ие бола алмай, түңі­ліп отыр. Ал округте әкім шешуге тиісті мәсе­ле аз емес. Мұндай мысал­дарды көп­теп келтіруге болады. Әкім сай­­лауд­ағы басты мақсат та осы. Ауылға ие болатын, жақсылыққа бастайтын жана­шыр да іскер әкім керек. Әкімі мық­ты ауылдың ажары артатындығын ауыл тұрғындары күнделікті өмірден жақсы біледі.  

 

Ақмола облысы