Көктемде ақмолалық диқандар 5 млн гектар алқапқа егін еккен болатын. Оның 4,5 млн гектары – дәнді дақылдар. Бұрнағы жылдармен салыстырғанда бұл тарапта көп-көрім өсім бар. Дәнді дақылдар алқаптары 68,2 мың гектарға ұлғайды. Биыл гектар берекесі 8-10 центнерден айналады деген үміт бар.
Агротехникалық шаралар біршама тиянақты өткізілгенімен, қуаңшылыққа байланысты ел ішінде айтарлықтай алаңдаушылық туындап отыр. Өңірде мамыр-маусым айларында 13,1 және 19,1 мм ылғал түсті. Жылдағыдан әлдеқайда кем. Бұрнағы жылдары осы кезге дейін шамамен 33-35 мм жаңбыр жауып, жер мейірі қанып қалатын. Биылғы құрғақшылық жылы ылғал көлемі екі еседен аса аз болып тұр. Тек соңғы аптада ғана үміт тамшысы тамшылады. Онда да ала-құла. Мәселен, шілденің 15-і күні Бурабай ауданында – 17,4, Қорғалжын ауданында – 15,9, Ақкөл ауданында – 13,3, Аршалы мен Астрахан аудандарында – 12,1, Шортанды ауданында 10,6 мм жаңбыр жауды.
– Егер алқаптағы астықтың жағдайы соңғы жауынның игі әсерінен сәл жақсаратын болса, биыл облыс бойынша гектар берекесі 8-10 центнерден айналуы әбден мүмкін. Жауынның кеш жаууы кей аудандардағы астықты алқаптардың біркелкі көктеуіне мүмкіндік бермеді. Астықтың денінің сабағы қатып қалды, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Валерий Литовченко.
Енді егіндік алқаптарда қалыптасып отырған жағдайды көңіл таразысына салып, саралап көрелік. Жері айтарлықтай құнарлы Зеренді ауданындағы егіндік алқаптардың 60 пайызы тәп-тәуір. Бурабайлық диқандарда да гектар берекесі биылғыдай қуаңшылық жылдың өзінде аз болмайды деген үміт бар. Ауданның астықты алқаптарының көктеуі тәуір. Жақсы егіннің көлемі 56,8 пайызды құрап отыр. Орманды алқаптың санатындағы Сандықтаудың егін алқаптарының тең жартысы, Астрахан ауданындағы егіннің 40 пайызы біршама бітік өсті деуге келеді. Бірақ көңіл тоғайтып көктеген егін өңірдің барлық ауданында бірдей емес. Бармақ тістетіп опындырар көріністің де орын алып отырғанын айта кетпей болмайды. Атбасар ауданының егін алқаптарының 14,6 пайызы, Аршалы, Бұланды аудандарындағы танапқа сіңірілген дәннің 10 пайызы көктемей қалды десе де боларлық. Егіні нашар аудан – Қорғалжын. Ондағы егіндік алқаптың 69,2 пайызы қанағаттанарлық деңгейде болса, 30 пайызында астық шықпай қалды.
Облыс бойынша 4562,7 мың гектар егіндік алқаптың 1403,7 мың гектары немесе 30,8 пайызы жақсы. 2793,9 мың гектары қанағаттанарлық деңгейде. 365 мың гектарында, немесе 8 пайызы мүлде нашар.
– Солтүстіктің ауа райы құбылмалы екені ежелден белгілі, – дейді Жақсы ауданындағы «Виктор» шаруа қожалығының басшысы Вадим Витт. – Демек, біздің өңірдегі елдің ырыздығы ауа райына тәуелді. Ауыл шаруашылығымен айналысқан соң даланың үнін тыңдап, алқаптың сырын түсіне білу керек. Онсыз болмайды. Мәселен, биыл қуаңшылық болатыны көктем шығысымен белгілі болды. Алқаптағы топырақ мамырдың 20-сынан кейін ғана жылынды. Мен күніне екі рет барып топырақтың қалай жылынып келе жатқанын бақылап тұрдым. Сол себепті егіс жұмысын бастауға асыққан жоқпын. Арамшөп мамырдың 20-сынан аса белгі берді. Көктемгі егісті сол кезде бастадым. Тұқымды 7 см тереңдікке сіңірдім. Алқаптағы көк өскін алғашқы қапырық ыстыққа ұрынбай, аман қалды. Кеш көктеген соң жауынға ілекті. Ал ерте және тайыз сепкендердің тұқымдары топырақтың астында жатып суыққа ұрынып, ауруға ұшырады. Қазіргі егіннің шығымдылығына қарап, кімнің дұрыс қимылдағанын аңғаруға болады. Жалпы, менің түсінігімде ерте ексем деп жанталасатындар – қолында қуатты техникасы жоқ диқандар. Олар өзгенің техникасын жалға алады да, әйтеуір міндетімнен құтылайын деген кісіше ерте егіп тастайды. Соның нәтижесінде қуаңшылыққа төтеп бере алмай отыр. Ендігі бір мәселе – агротехникалық шараларды дұрыс жүргізу. Қуаңшылық болатынын сезген соң қолымдағы өнімі аздау жергілікті тұқымды қара малды түгел сатып жібердім де, бар қаржыны сүдігер жыртуға жұмсадым. Ылғалды да дер кезінде жабуға тырыстым. Әрине, әріптестерімді кінәлаудан аулақпын. Тек еңбек еш болмауы үшін ауа райының қабағын көктемнен бастап қадағалаған дұрыс деген пікірімді айтқым келеді.
Тәжірибелі диқан Вадим Викторовичтің пікірінің жаны бар тәрізді. Зеренді ауданына қарасты «Асно Көкше» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің агрономы Бауыржан Молдағалиевпен де тілдестік.
– Биылғы егіннің жайы мақтанарлық болмай тұр. Жалқының ғана емес, жалпының жайын айтсақ, мынандай көріністің қалыптасып отырғанын тілге тиек етуге болады. Жыртылмаған жердің егіні жақсы. Оның себебі мынада, жыртылмаған жер болған соң ылғалды топырақтың бойында жақсы сақтап қалды. Ал жыртылған жердің топырағы үлпілдеп тұрды да, құрамындағы ылғал аз уақыттың ішінде ұшып кетті. Мол астықтың негізін ылғал қалайды. Сондықтан ылғалды уақытында және мұқият жапқан дұрыс. Диқан қауым парға қалдырылған жерден көп үміт күтетін болса, биыл сол пар алқаптарына егін нашар шықты. Көктемгі егіс уақыты келіп қалғанымен, топырақ кеш жылынды. Дән егу үшін топырақ 10 градусқа дейін жылынуы керек. Кейбіреулер тұқымды тереңірек сіңірген ұтады деп есептегенімен, терең егілген дән топырақ жылынбаған соң ұзақ уақыт бұғып жатады. Осы уақытта дәннің бойындағы ішкі энергиясы сарқылады, көктеп шығуы қиын болады. Ол көктеп шыққанша топырақтың бетіндегі ылғал кеуіп кетеді. Дегенмен әр жылы ауа райын бақылап, әртүрлі тәсіл қолданған дұрыс. Шетелдік тәжірибелерге қарағанда, америкалық диқандар жерді жыртпай егу технологиясын қолданады. Соңғы жылдары қуаңшылық жиі орын алғандықтан, бәлкім бізге де осындай озық технологияны енгізген дұрыс болар. Өткен аптада жауын жауғанымен, астықтың сабағы қатып кетті, – дейді Бауыржан Қайратұлы.
Астық сабағының қатуы Біржан сал ауданында – 54,4, Астрахан ауданында – 40 пайыз деңгейінде. Қорғалжын, Шортанды аудандарында да жоғары. Мұндай көріністі Егіндікөл, Ерейментау, Ақкөл, Аршалы аудандарынан да байқауға болады. Демек, бұл аудандарда үміт аздау.
Тұтастай алғанда, ақмолалық диқандар қуаңшылық жылдың өзінде агротехникалық талаптарды қатаң сақтағандықтан, ел ырыздығының кемімейтініне сеніп отыр.
Ақмола облысы