• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
30 Сәуір, 2010

БИООТЫННЫҢ КЕЛЕШЕГІ ҚЫЗУ ТАЛҚЫЛАНДЫ

510 рет
көрсетілді

Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен палатаның кезекті жалпы отырысы болды. Отырысты аша келіп Төраға Қостанай облысынан Сенат депутаты болып сайланған Жеңіс Нұрғалиевті қызметіне кірісуімен құттықтады. Ж.Нұрғалиев Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетінің құрамында қызмет ететін болды. Күн тәртібіне сәйкес сенатор­лар бірінші кезекте “Қазақстан Рес­публикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасын­дағы Инвестицияларды көтер­мелеу және өзара қорғау ту­ралы келісімді ратификациялау ту­ралы” заң жобасын қарап, қабыл­дады. Отырыста, сонымен қатар, “Тұр­ғын үй қатынастары туралы” Қазақстан Республикасының З­а­ңы­на өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы”, “Сыртқы барлау туралы” және “Мәдениет туралы” Қа­зақстан Республикасының За­ңына  өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобалары да тал­қыланды. Бірқатар тал­қы­лау­лардан кейін заң жобалары қабыл­данды. Осындағы соңғы екі заң жобасы Сенат пен Мәжіліс ара­сындағы келісу комиссиясының ұсыныстары бойынша қабылданды. Сенаторлар “Биоотын өндірісін және айналымын  мемлекеттік реттеу туралы” және “Қазақстан Рес­публикасының кейбір заң­на­малық актілеріне биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу мәселелері бойынша өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу ту­ралы” заң жобаларын қызу талқыға салды. Сенаторлар Б.Мұхамед­жа­нов пен Ғ.Қасымов заң жобаларын талқылау барысында астықты облыстардың барлық өнімдері биоотын өндіруге арналып кетпесін деген қауіпті ойларын ортаға салды. Талқылауға қатысқан Қ.Айтаханов, А.Башмаков және Ө.Байгелди биоотын өндіру бүгінгі өмір талабы екенін, бірақ оған сапасы өте төмен дақылдар ғана пайдаланылатыны туралы пікірлерін білдіріп, заң жобасына қолдау білдірді. Заң жобаларын талқылау барысында биоотын өндірісін дамыта түсу және айналымын мемлекеттік реттеудің өзекті мәселелері жан-жақты талқыға салынды. Талқылау нәтижесінде заң жобалары бірінші оқылымда мақұлданып, екінші оқылымда қарауға әзірлеу үшін комитетке тапсырма берілді. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.