ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі БҰҰ Балалар қорымен (ЮНИСЕФ) бірлесе отырып, СST бағдарламасы бойынша дамуында ерекшелігі бар балаларға күтім жасау дағдыларына ата-аналарды оқыту үшін жаттықтырушыларды даярлауды бастады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.
Шымкентте 14 адамнан тұратын болашақ жаттықтырушылардың бірінші тобын оқыту 19-23 шілде аралығында өтеді.
Қажетті білім мен дағдыларды игергеннен кейін, олар 56 баламен отбасыларымен қоса айналысады. Оқу курсына материалдарды бейімдеу, жаттықтырушыларды даярлау, мамандар мен ата-аналарды оқыту кіреді. Сондай-ақ дамуында кідірісі бар, оның ішінде аутистік спектрдің бұзылуы байқалатын 2-9 жастағы балаларды күтіп-бағумен айналысады.
Курс мақсаты – ата-ана мен баланың оңтайлы өзара іс-қимылын дамыту, олардың арасындағы қарым-қатынасты нығайту, бейімделу дағдыларын дамыту. Мұнымен қатар, жоба жүйкеге салмақ түсетін кездерді басқару дағдыларын дамытуды көздейді.
Естеріңізге сала кетейік, CST – бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ата-аналарға дамуы кеш немесе дамуы артта қалған балаларға күтім жасау дағдыларын үйретуге арналған бағдарламасы. Онда мінез-құлықты қолданбалы талдау, даму туралы ғылым, әлеуметтік коммуникация іс-шаралары, оң тәрбие және өзіне-өзі қызмет көрсету әдістері қағидаттары қолданылады.
Сонымен қатар нақты жағдайда не істеу керек, жақын болашақта қандай міндеттер межелеген абзал деген секілді ересек тарап пен баланың өзара әрекеттесуінің қадамдық стратегиялары бар.