Облыста соңғы аптада жаман індеттің шеңгеліне іліккендер саны 1001-ге жетті. Өңір 2 шілдеден бері «қызыл аймақта». Карантин талаптары күшейтіле түсті. Әйтсе де, қауіпті дерттің беті қайтпай тұр. Ең өкініштісі, балалар мен жастар арасында індетке шалдығу оқиғасы көбейіп барады.
Соңғы мәліметті сараласақ, шілде айының басынан бері өңірде 1 920 індетке шалдығу оқиғасы тіркелген. Маусым айындағы көрсеткішпен салыстырғанда айтарлықтай көп. Мәселен, маусымда өңірде 1 449 оқиға орын алған болатын. Соңғы уақытта карантин талаптары барынша қатайтылғанымен, індеттің азаймай тұрғанын аңғаруға болады. Оның ең басты себебі, халықтың өз денсаулығын өздері ойлап, сақтық шараларын сақтамайтынында деп айтуымызға толық болады. Алғашқы бетте біршама айылын жиғанымен, соңғы айларда көпшілік жиналатын әрқилы шаралар өткізу жиілеп кетті. Ара-тұра ұсталып, айыппұл төлегенімен, ат басын іркетін түрі көрінбейді. Ұлтымыздың дарқандығы да, бұрынғы салт-дәстүрін толық сақтай алмаса ұят санайтыны да кесірін тигізіп тұр.
Шілде айының басынан бері Көкшетау қаласында – 526, Бурабай ауданында – 221, Бұландыда – 153, Целиноградта – 95 адамның індет жұқтырғаны зертханада тексеріліп, расталған. Кейінгі бір тәулікте 175 адам індет жұқтырған, олардың 159-ында індет белгілері анық байқалған. Соңғы аптада індет жұқтыру деңгейі 2,9 есеге дейін көбейді.
Бүгінде індетке шалдығушыларға әзірленген төсектік орындардың 49 пайызы пайдаланылуда. Жансақтау бөлімінде 82 науқас жатса, олардың бесеуінің жағдайы аса ауыр. Осы жолы індетке шалдығушылар арасында жүкті әйелдердің саны көбейген. 76 жүкті әйел коронавирус жұқтырса, олардың 42-сі облыс стационарларында ем қабылдауда.
– Бүгінде емханаларға барып, денсаулығына шағымданушылар саны көбейе түсті. Бұрын 60 жастан асқандар көбірек ауырса, қазір індетке жастар көптеп шалдығуда. Шілденің ортасына дейін ауырғандардың 12 пайызы – балалар, оның ішінде 1 жасқа дейінгілер – 2,1 пайыз, 2-6 жас аралығындағылар – 2,9 пайыз, 7-14 жас шамасындағылар – 4,8 пайыз, 15-17 жастағылар – 2,1 пайыз. Өткен жылғы 6 айлық статистикаға үңілсек, жарты жылда 1 246 жағдай зертханалық жолмен анықталып, олардың 143-і балалар болғанын анықтауға болады. Биыл 16 577 індет жұқтырушы айқындалса, оның 1 818-і – 14 жасқа дейінгі балалар. Салыстырып қарасаңыздар, жағдай өте ауыр, – дейді облыстың бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина.
Вакциналау облыста ақпан айынан бастап кезең-кезеңмен жүргізіліп келеді. Бүгінде облыс тұрғындары өз еріктері бойынша 4 түрлі екпенің ішінен қалағанын салдыра алады. Вакциналардың алғашқы компонентімен облыста 190 867 адам қамтылса, екінші бөлігін 97 370-і ғана алып үлгерген. Жалпы, облыс тұрғындарының 46,4 пайызының вакцина қабылдауға мүмкіндігі бар екен. Коронавирусқа қарсы екпе алудың нәтижесінде медицина және полиция қызметкерлері арасында індетке шалдығу 6 есе төмендеген. Бүгінде облыста медицина қызметкерлерінің – 93, педагогтердің – 69, полицейлердің 100 пайызы екпе салдырған. Мамандардың айтуына қарағанда, облыс тұрғындарының 60 пайызы екпе ектіргенде ұжымдық иммунитет қалыптаспақ.
Ақмола облысы