Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігіндегі кен дайындау және байыту фабрикасының №3 және 5 кептіру желілерін жаңарту-жаңғырту жұмыстары аяқталды. Ол кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасының аясында жүргізілді. Кептіру учаскесі – фабрикада ең маңызды нысанның бірі.
Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігіндегі кен дайындау және байыту фабрикасының №3 және 5 кептіру желілерін жаңарту-жаңғырту жұмыстары аяқталды. Ол кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасының аясында жүргізілді. Кептіру учаскесі – фабрикада ең маңызды нысанның бірі.
– Конвейерлі көлікпен байыту учаскесінен ылғалдылығы 9,8 пайыз концентрат келіп түседі. Тұтынушыға тиісті сападағы концентрат қатып қалмас үшін кептіру желілерінде ылғал көрсеткіші 3 пайызға дейін төмендетіледі, – кептіру учаскесінің бастығы Петраш Евгений дайын өнімді алу технологиясын осылай түсіндіреді. Қазір учаскені жартылай жаңарту жұмыстары жүргізілген. Жаңа жабдық сағатына 200 тонна концентратты кептіре алады, ал бұрынғы ескі үлгідегі кептіру желілері сағатына 155 тоннаға ғана үлгеретін еді. Шикізат өнімділігін арттыру және сапасын жақсарту фабрика кешенінде өндіріс көлемін үздіксіз арттырудың кепілі.
Кептіру желілерін жинақтау іргетасты орнату, кептіру барабандарын, газ тазарту жүйелерін монтаждау, жылу генераторын төсеу сияқты ауқымды жұмыстар тізбесін қамтыды. Жаңарту қалақты саптамалардың ішкі сұлбасын өзгертуді қарастырды. Олардың арасындағы арақашықтықты ұлғайту концентратты жақсы кептіруге әсер етеді.
– Техникалық қайта жабдықтау және жаңарту-жаңғырту жұмыстары фабрика кешенінің барлық учаскелерінде жүзеге асырылады. Бүгінде қуаттылықты жаңарта отырып, өндірістің тұрақтылығы мен өнімділіктің артуына қол жеткізуге болады. Мұның барлығы да тұтынушылардың жоғары сапалы өнімді алуларына кәсіпорын ұжымының мүдделілігінен туындайды, – дейді «ССКӨБ» АҚ президенті Мұхамеджан Тұрдахунов.
Кептіру желілерін жаңарту жұмыстары биылғы жылы да жалғасады. Осы кезеңге қалған төрт желіні ауыстыру жоспарда бар.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
РУДНЫЙ.