• RUB:
    4.82
  • USD:
    443.35
  • EUR:
    475.54
Басты сайтқа өту
Президент 20 Шілде, 2021

Қасым-Жомарт Тоқаев мұсылман қауымын Құрбан айт мерекесімен құттықтады

290 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұсылман қауымын Құрбан айт мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Ардақты ағайын!

Сіздерді барша мұсылман қауымы үшін қастерлі Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл – қайырымдылық пен жанашырлық, ізгілік пен имандылық сияқты асыл қасиеттерді дәріптейтін ұлық мейрам.

Салт-дәстүрімізбен берік ұштасқан ата дініміз – елдің рухани тұтастығын сақтауға ықпал ететін басты құндылықтың бірі. Құрбан айт қашанда барша жұртты береке-бірлікке үндейді. Ел азаматтарын бауырмал болуға шақырып, бүкіл халқымыздың ырыс-ынтымағын арттырады.

Мұсылман баласы бұл күндері отбасы амандығы мен ел тыныштығы үшін құрбандық шалып, жоқ-жітікке көмектеседі, мұқтаж жандарға қамқорлық танытады. Осындай ізгі ниет пен сауапты іс ел-жұрттың бір-бірімен етене араласуына, өзара сыйластық пен жақсылыққа жол ашады.

Құрбан айттың ұлағаты мен өнегесі біздің рухани құндылықтарымызбен үндеседі. Бүгінгі мерекенің мән-маңызы осында деп білемін.

Шалған құрбандықтарыңыз, дұға-тілектеріңіз қабыл болсын!

Айттан айтқа аман-есен жете берейік!