Ақтаудағы сотталғандарға арналған жатақхананың құлауынан 11 сотталушы зардап шегіп, оның үшеуі көз жұмды, деп хабарлайды Egemen.kz ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
19 шілде күні сағат 17.00 шамасында Маңғыстау қаласы бойынша ҚАЖ департаментінің ГМ-172/6 мекемесінде сотталғандарға арналған жатақханалардың бірінде екі қабатты ғимараттың біртіңдеп құлауы орын алды.
«Бүгінде зардап шеккендердің төртеуі медициналық тексеруден кейін мекемеге қайтарылды, олардың жағдайы жақсы. Көз жұмған сотталғандардың жақын туыстарымен байланыс орнатылып, қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Зардап шеккендердің біреуі ауыр хәлде, үшеуі орташа деңгейде түрлі жарақат алған», делінген ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Құрамында министр орынбасары Арыстанғани Заппаров, ҚАЖ комитетінің басшылығы, Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушылары бар комиссия жағдайды анықтау үшін оқиға орнына шықты.
Аталған факті бойынша Маңғыстау облысының Полиция департаменті ҚР ҚК 278-бабының 3 тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеуді бастады. Арнайы комиссия ҚАЖ мекемесінің аумағындағы барлық ғимараттарға техникалық тексеру жүргізуде.