Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек онлайн режимінде ауыл әкімдерінің алғашқы тікелей сайлауын өткізуге дайындық туралы кеңес өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ерқара Аймағамбетовтың барлық ұйымдастыру мәселелері жергілікті әкімдіктермен бірлесіп шешілгенін айтты.
Сайлаушылар тізімін нақтылау жалғасуда. 22 шілдеден бастап бюллетеньдерді дауыс беру орындарына жеткізу басталады.Сайлау санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып өтеді.
«Басты шарттардың бірі – сайлау комиссияларының мүшелерін КВИ-ге қарсы вакцинациялау. Бүгінгі күні вакцинациялауға жататындардың 72%-ы толық егілді. Қалғандары вакцинаның бірінші компонентін алды. Сайлау учаскелерінде болатын бақылаушылар мен сенім білдірушілер үш күннен кешіктірмей алынған ПТР тестінің теріс нәтижесін ұсынуы керек», деді облыстың бас санитарлық дәрігері Юрий Залыгин.
Сайлау учаскелерінде Ashyq жүйесін пайдалану мүмкіндігі қарастырылуда. Сонымен қатар, барлық сайлау учаскелері антисептиктер, бір рет қолданылатын маскалар мен қолғаптар сияқты жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етіледі. Учаске кіреберісінде дене қызуын өлшеп, әлеуметтік қашықтықты сақтау міндетті. Тәуекелді азайту үшін дауыс беру стендтері алдыңғы перделерсіз болады.
Қарағанды облысының әкімі санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды толық қамтамасыз етуді, учаскелердің материалдық-техникалық жабдықталуын және мүмкіндігі шектеулі адамдарға жағдай жасауды қайта тексеруді тапсырды.
«Ауыл әкімдерінің алғашқы тікелей сайлауына бірнеше күн қалды. Біздің ортақ жұмысымыз – олардың ашықтығын, айқындығы мен заңдылығын қамтамасыз ету. Әр дауыс маңызды. Ауыл тұрғындары келіп, өз таңдауын жасап, өздерінің конституциялық сайлау құқығын іске асыра алуы қажет», деп атап өтті облыс әкімі.