Енді бір күннен кейін Токио Олимпиадасының алауы тұтанады. Бүкіл әлем асыға күтіп отырған төртжылдықтың басты додасында қазақстандық жанкүйерлердің назары белгілі бір деңгейде дзюдошыларға ауатыны анық. Оған себеп те жоқ емес.
Осыдан бес жыл бұрын Рио-де-Жанейро Олимпиадасында татами тарландары Бразилия жерінен екі жүлдемен оралған еді. Нақтырақ айтсақ, 60 килода ел намысын қорғаған Елдос Сметов күміс жүлде еншілесе, 48 килода белдескен бойжеткеніміз Отгонцецег Галбадрах қоржынымызға қола медаль салып, мерейімізді үстем еткен-тін. Рио-де-Жанейрода жеңіс тұғырынан көрінген қос спортшымыз да Токио төрінде татамиге шығуға тас-түйін дайын отыр. Бұдан бөлек, Ерлан Серікжанов, Жансай Смағұлов, Дидар Хамза және Ислам Бозбаев сынды отандастарымыз да Жапония жеріндегі аламанда жүлдеге таласады.
Басты қарсылас – Такато
Еліміздің жанкүйерлері 60 кило салмақ дәрежесінде Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем чемпионы, әлемдік жарыстың екі дүркін қола медаль иегері Елдос Сметовке ерекше сенім артатыны жасырын емес. Өйткені ұлттық құрамада Елдос – нағыз көшбасшы балуан. Бұған дейін талай байрақты бәсекеде оза шауып, дара шыққан отандасымыз кемінде Риодағы жетістігін қайталап жатса, ерлік болар еді. Өйткені 60 килода Олимпия ойындарының бас жүлдесінен үміттеніп отырған мықтылар жетіп артылады. Әсіресе, дзюдоны «төл спортымыз» деп танитын жапондардың құлшынысы ерекше. Шетелдің көптеген бұқаралық ақпарат құралдары 15 медаль жиынтығының тең жартысынан астамы «Жапония жерінде қалады» деп алдын ала тон пішіп отыр. Сарапшылардың мұндай болжамдары бекер емес. Олимпиадада бақ сынайтын жапон дзюдошыларының қай-қайсысын алсаңыз да атақтарына адам қызығады. Мәселен, 60 кило салмақта Елдос Сметовтің басты қарсыласы Наохиса Такато – әлемнің үш дүркін чемпионы, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері. «Мастерс», «Гран-при», «Гран-Слам» сияқты жарыстарда жеңген жүлделері бір төбе. Рио-де-Жанейро Олимпиадасында алтынға қолы жетпей қайтқан Такатоның енді Токио төрінде сол «олқылықтың» орнын толтыруға барын салатыны анық. Такато осыған дейін өткізген белдесулерінің 90 пайызын жеңіспен аяқтапты. Яғни 144 белдесудің 131-інде жеңіске жеткен. Керемет көрсеткіш!
Елдостың тағы бір басты қарсыластарының бірі – грузин Лухуми Чхвимиани. 2019 жылы Еуропа ойындарында топ жарған балуан артынша Токиода өткен әлем чемпионатында жеңімпаз атанды.
Соңғы уақытта Елдостың халықаралық жарыстардағы нәтижелері төмендеп кеткені жасырын емес. Мұны бас бапкер Ғалымжан Жылкелдиев Елдостың алған жарақатымен байланыстырады. Соған қарамастан көптеген бәс тігуші орталықтар Елдосты бас жүлдеден үміткер спортшылардың тізімінде екінші орынға қойып отыр. Бірінші орында, әлбетте, Наохиса Такато тұр.
«Олимпия ойындарын бес жыл күттік. Арадағы үзіліске қарамастан жаттығуымызды тоқтатпауға барымызды салдық. Нәтижесінде, дүбірлі додаға жолдама алдық. Бұл менің екінші Олимпиадам болғандықтан, жауапкершілік жүгі өте ауыр. Ел үмітін арқалап, сондай-ақ марқұм Жақсылық Үшкемпіров атамыздың асыл арманын Токиода орындағым келеді. Қарсыластарым мықты екенін білемін, бірақ мен де осалдар қатарынан емеспін. Сол үшін Олимпиадада барымды, жанымды салып күресемін. Тек сіздер қолдау білдірсеңіздер болғаны. Сіздердің қолдауларыңыз біз үшін өте маңызды», дейді Елдос Сметов.
Серікжанов сенімді ақтауы керек
66 килода ел намысын қорғайтын Ерлан Серікжановтың да жүлдегерлер қатарынан көрінуге қауқары жетеді. 2018 жылы әлем чемпионатында күміс медальға ие болған шығысқазақстандық балуан арада бір жыл өткенде Азия чемпионатында бас жүлде алып, 66 килоның үздігі атанды. Дегенмен, бұл салмақта да атағынан ат үркетін балуандар жетіп артылады. Мәселен, жапониялық Хифуми Абэ – әлемнің екі дүркін чемпионы. 2018 жылғы дүниежүзілік жарыстың финалында дәл осы жапон жігіті Серікжановты тізе бүктіріп, бас жүлдеге ие болды. Сондай-ақ оңтүстіккореялық Ан Баул да алтын медальдан дәмеленіп отырған балуандардың бірі. Корей спортшысы Рио Олимпиадасында күміс медаль алды. Әлем чемпионы. Джакартада өткен жазғы Азия ойындарының жеңімпазы. Бір сөзбен айтқанда, осы салмақтың нағыз көшбасшыларының бірі.
Рио Олимпиадасында чемпион атанған италиялық Фабио Базиле 73 килоға ауысқалы бері оның орнын Мануэль Ломбардо басты. Италия балуаны соңғы әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болды. 2018 жылы жастар арасында өткен дүниежүзілік додада чемпион болып, кейіннен ересектер арасына бұзып-жарып кірді де, әлемдік рейтингтің бірінші сатысына бір-ақ шықты. Көптеген маманның 66 килоның бас жүлдесінен басты үміткер ретінде осы италиялық балуанды атап отырғаны бекер емес.
Жансай жүлдеге жете ме?
73 килодағы Жансай Смағұловтың қарсыластары кілең ығай мен сығай. Мәселен, Фабио Базиле (Италия, 66 кило) мен Сехэй Оно (Жапония, 73 кило) – 2016 жылғы Рио Олимпиадасының чемпиондары. Бұл аз десеңіз, Лаша Шавдатуашвили (Грузия, 66 кило) сияқты 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының жеңімпазын қосыңыз. Әлем чемпионы Ан Чангрим (Корея) мен Олимпиада және әлем чемпионатының жүлдегері Рустам Оруджев (Әзербайжан) және соңғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Томми Масиас (Швеция) та 73 килоның жүлдесіне таласуға дайын отыр. Қысқасы, нағыз тартысқа толы белдесулерді осы жерден тамашалаймыз.
Олимпиаданы айтпағанда, әлемдік жарыстың жүлдесіне қолы жетпей жүрген Жансай Смағұловқа Токио татамиінен бір медаль бұйырар ма екен?! Жалпы Жансай – көңіл-күйдің балуаны. Кейде қаһарына мініп, қарсы келгенді жайпап өтетін мінезі бар. Ал кейбір жарыстарда оны мүлде танымай қалып жатамыз.
«Әлемдік рейтингте 14-орындамын. Менің салмағымда 33 балуан күреседі. Осымен екінші мәрте Олимпиада есігін қағып тұрмын. Жай қағып тұрған жоқпын, жүлде алу үшін келіп тұрмын. Кіл мықты осы салмақта жиналғанын білесіздер. Бірақ бұл – Олимпиада. Мұндай додада көптеген сенсация тіркеледі. Бағым мен бабым қатар шапса, мені Олимпиаданың биік тұғырынан көресіздер», дейді Жансай Смағұлов.
Рио Олимпиадасына он тоғыз жасында қатысқан Дидар Хамза Олимпия ойындарына Азия құрлығы арқылы жолдама алғаны баршамызға белгілі. 2018 жылғы жазғы Азия ойындарда топ жарған түркістандық балуан одан кейін анау айтқандай жеңістерге жете алмады. Халықаралық турнирлерде мүлт кетіп, әлемдік рейтингте керекті ұпайларын ала алмай біраз жүрді. Әйтеуір, абырой болғанда, Азия құрлығы арқылы Олимпиадаға қатысатындардың тізіміне кіріп, Жапонияға жолы түсті. Сондықтан да көштің соңында қалған отандасымызға 81 кило салмақта жүлдеге іліну өте қиынға соғады. Соған қарамастан біз Дидарға сәттілік жолдас болсын дейміз.
«Біздің жыл бойы дзюдодан қатысқан жарыстарымыз Олимпия ойындарына дайындық кезеңі болып саналды. Олимпиадаға лицензия алғанға дейін әлемдік рейтингте ұпай жинау мақсатында әлем чемпионаты, Азия чемпионаты, әлемдік Grand Slam және Grand Prix сынды ірі додалардың бәріне қатыстық. Қазір ұлттық құрама бас бапкері Ғалымжан Жылгелдиевтің жетекшілігімен дайындықтың соңғы кезеңін өткізудеміз. Қарсыластарымыз таныс, барлығына тосыннан әдіс жасауды жоспарлап жатырмыз. Менің салмағымда Жапония, Бельгия, Израиль және Грузия балуандары өте мықты. Бұл – менің екінші Олимпиадам. Рио Олимпиадасына қатысқанымда 19 жаста болдым және жолдамаға да тосыннан ие болдым. Ал Токио Олимпиадасына дайындық және жауапкершілік басқа. Олимпиада – әрбір спортшының арманы. Ал Олимпиаданың биік тұғырына қол жеткізу – арманымның шыңы. Осы мақсатта қазір қолымыздан келгеннің бәрін жасап, бар күшімізді салып жатырмыз», дейді Дидар Хамза.
Сол сияқты 90 килодағы Ислам Бозбаевтың да салмағында кілең «сен тұр, мен атайын» деген мықтылар жетіп артылады. Дегенмен, Азия чемпионатының үш дүркін жүлдегері барын салса, Олимпиаданың жүлдесін иеленуі бек мүмкін. Соған сенейік.
Ұрыста тұрыс жоқ
Олимпия ойындарына қатысатын дзюдошыларымыздың тізіміне қарасақ, 81 килода күресетін Дидар Хамзадан басқасының барлығы – отызды алқымдап қалған жігіттер. Яғни Токио Олимпиадасы олардың соңғы дүбірлі додасы болуы ықтимал. Осыдан бес жыл бұрын Бразилия жерінде қола жүлде алған Отгонцецег Галбадрахтың жасы 29-да. Елдос Сметов пен Жансай Смағұлов та осы күзде 29-ға толады. Ислам Бозбаев – 30 жаста. Яғни Токио Олимпиадасы аталған спортшыларымыздың кемеліне жетіп, нағыз тәжірибелері толысқан шағына дөп келіп тұр. Ендеше, ұрыста тұрыс жоқ.
Қазақстан дзюдошылары мына күндері белдеседі: 24 шілде – Елдос Сметов (60 кило); Отгонцецег Галбадрах (48 кило); 25 шілде – Ерлан Серікжанов (66 кило); 26 шілде – Жансай Смағұлов (73 кило); 27 шілде – Дидар Хамза (81 кило); 28 шілде – Ислам Бозбаев (90 кило).
ТОКИО