• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Шілде, 2021

Қағаз жүзінде көп, іс жүзінде жоқ

652 рет
көрсетілді

Жайылымдық жердің аздығы Жамбыл облысында күрделі мәселеге айналып отыр.

Шындығына келгенде, қағаз жүзінде көп жер іс жүзінде жоқ болып тұр. Кезінде өңірдегі жерлердің көпшілігі жекеменшіктің қолына өтіп кеткен. Содан да қазіргі кезде ауыл тұрғындары не мал жая алмай, не шөп шаба алмай, әуреге түсіп келеді.

Өңірдегі жайылымдық жер­лерден бөлек, шабындық жер­лердің де мәселесі осы. Жам­был өңірі негізінен аграр­лық ай­мақ болғандықтан, мұн­дағы ха­лық­­тың дені мал асы­рап кү­нел­­­теді. Ал ауыл шаруа­шы­лы­­­ғы мақсатындағы етектей жер­­­лер­­дің көбі пайдаланылмай жа­тыр. Иелерінің не өзіне, не өзге­ге жоқ жерлерінің бүгінгі жағдайы осы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев игерілмей жат­қан жайылымдық жерлерді ауыл тұрғындарына қайтарып беруді тапсырған болатын. Шынында да, бүгінде есігінің алдындағы малына ғана сеніп отыр­ған ауылдықтар үшін жер тап­шылығы түйткілді мәсе­ленің бірі­не айналған. Биыл шөп­тің аз­дығы болса мынау. Жері бар­лар мен үлескерлер ғана сол жер­ге малын жая­ды, шө­бін ора­ды. Ал бұрын ұшса, құс­­тың қа­на­ты талатын кең дала­дан қазір қа­ра­пайым шаруаға ұлт­а­­рақ­тай жер бұйырмай тұр. Б­ірақ Пре­зи­денттің бұл бастама­сы, әсі­ресе, қа­рапайым жұрт үшін жақсы жа­ңалық болды. Жер­гі­лікті ха­лық та алдағы күнд­ер­дің жақсы болатынына сеніп күнелтуде.

Президент тапсырмасынан кейін өңірде сең қозғалғандай болып, аймақ­та пайдаланусыз жатқан ауыл шаруа­шылығы жерлерін мемлекет қорына қайтару бойынша жұмыс топ­тары құ­рылды. Енді жыл соңы­на дейін 82 мың гектар ауыл­шаруашылық жер­лері мемлекетке қайтарылады де­ген жоспар бар. Есеп бойын­ша қал­ған бес айда бұл жос­пар орындалуға тиіс. Бұл ретте облыстық жер қа­ты­­на­стары басқармасының бас­шы­сы Бақтияр Көпбосынов бүгінде ауыл шаруашылығы мақ­сатындағы жер­лердің пайдалану тиімділігіне жан-жақты талдау жүргізілгенін жеткізді. Сонымен қатар өңірдегі әр­бір ауылдық округ бойынша ауыл шаруа­шы­лығы жерлерінің карта­сы да әзір­леніп, жер заңна­масының нормалары бойынша әдістемелік ұсынымдар дайындалыпты.

«Облыс бойынша жайылым­дық жер­лердің жалпы ауданы – 8,1 млн гектар. Бұл өңірде тіркелген 860,2 мың бас шартты мал басына шаққанда 9 гектардан келеді. Егер қолда бар жайылым қорын тиімді пайдалана білсек, онда жайылым тапшылығын ше­­шуге толық негіз бар», дейді Б.Көпбосынов.

Сондай-ақ тапшылық тұр­ғын­дар­ды тар қыспаққа түсіріп, түр­лі мәселе­лер туындатуда. Мәсе­лен, жайылым­ның жоқтығы­нан аймақтағы көптеген ауыл­­дың жеке және қосалқы шаруа­­шы­­лықтарында мал ұстауға қа­тыс­ты ветеринария талаптары сақ­талмай отыр екен. Енді атал­­ған мәселені ше­шу үшін аудан әкімдеріне бес негізгі ба­ғыт бойынша шара қабылдау тап­­сы­рылыпты. Бүгінге дейін 486,5 мың гек­тардан аса ауыл шаруашылық алқап­тарын пай­далануға келісім де жа­салған. Қа­зіргі таңда 100 ауылдың жер пайдаланушыларымен осындай ме­морандумға қол қойылыпты. Енді өңір­де жайылым мәселесі жүз пайыз ше­шіле ме, жоқ па, оны да уақыт көрсетеді.

Дегенмен жайылымдық жер­дің мәселесі әлі де өзектілігін жойған жоқ. Тіпті бұл қабыл­данған шаралар­дан бар­лық мәсе­ленің шешіліп кетуі де екі­талай. Себебі осы күнге дейін игеріл­меген жүз мыңдаған гектар жер­дің аз уақыттың ішінде игеріле қа­луы мүмкін емес сияқты. Бұл мә­се­ле де қағаз жүзінде ше­шіліп, іс жү­зінде қалып қой­маса болды деген қа­уіп бар. Мә­селен, облыстық жер­лерді пайдалану және қорғалуын ба­қы­лау басқармасының басшысы Әбіл­хайыр Тамабектің айтуынша, зерделеу жұмыстарының қорытындысы бо­йынша облыс аумағында 252 мың 277 гектар жайылым жердің пай­да­ла­нусыз жатқаны анықталған. Әсі­ресе, облыс орталығынан шалғайда орна­ласқан Мойынқұм, Сарысу және Қордай аудандарындағы көрсеткіш көңіл көншітпейтін болып шықты. Зерделеу барысында 269 мың 891 гектар жайылымға мал басы тіркелген екен. Алайда көлемі 6 124 гектар болатын 120 жер учаскесі иесіз мүлік ре­тінде есепке алынып, 11 мың 630 гек­­тар жайылымдық жерді пайдалану­шы­­лар өз еркімен мемлекет меншігіне қайтарыпты. Бұл міндет әрі қарай ­аудан әкім­дерімен қатар, ауылдық округ әкім­деріне де жүктеліп отыр. Ал­дағы уақыт­тарда әкімдерге ауылшаруашылық жер­лерін ұтым­ды пайдалану бойынша ат­қа­рылып жатқан жұмыстары туралы тұрақты түрде есеп беріп отыру мін­деттелген. Сондай-ақ аудан әкімдері тиісті басқармалармен бірлесіп, ауыл шаруашылығы жерлерінің картасын толықтыру бойынша жұмыс жүргізетін болады. Мұның барлығын мамандар жайылымдық жерлердің мәселесін шешу мақсатындағы жұмыстар ретінде қарастыруда. Өңірде пайдаланылмай жатқан жүз мыңдаған гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, ел игілігіне берілсе, бұл да біткен істің бірі болар еді.

Жамбыл облысы