Өткен дүйсенбіде Грузия, Молдова және Украина президенттері Еуропалық Кеңестің президенті Чарльз Мишельмен кездесіп, Еуропалық одаққа кіру мәселесін талқылады.
Саммит қорытындысы бойынша аталған елдердің Еуропалық одаққа ену мүмкіндігін талқылау жөніндегі декларацияға қол қойылды. Көптеген сарапшы бұл құжат Шығыс серіктестігіне мүше мемлекеттердің түбегейлі еркіндік алуына жол ашатынын айтады.
Шығыс серіктестігі деп аталатын алаң 2008 жылы іске қосылған болатын. Оған ЕО-ға мүше мемлекеттер мен Кеңес Одағының құрамында болған алты мемлекет – Украина, Беларусь, Әзербайжан, Грузия, Молдова, Армения енді. Дегенмен, биылдан бастап Беларусь Шығыс серіктестігі құрамынан шығып қалды.
Басты мақсат – аталған елдер мен қарт құрлық арасындағы сауда-экономикалық, екіжақты қарым-қатынасты нығайту. Сондай-ақ елдер арасында визасыз еркін қатынас орнатуға да маңыз берілген. Қазіргі таңда Грузия, Молдова және Украина Еуропалық одақ құрамына сыртқы саясат мәселесі бойынша қосылуға ынта білдіріп отыр. Бұдан бөлек осы мемлекеттердің азаматтары қарт құрлыққа виза алмастан-ақ еркін бара алады.
Биыл мамырда аталған елдердің сыртқы істер министрлері тығыз ынтымақтастық жөніндегі үшжақты келісім жасасты. Осылайша, келешекте Еуропадағы ортақ цифрлы нарыққа, кедендік және энергетикалық одаққа, Шенген аймағына енуге, еуропалық ортақ нарыққа қосылуға ниетті.
Сөз болып отырған мемлекеттер Еуропалық одаққа қосылуға ынталы екенін бұрыннан айтып келеді. Мәселен, Украинадағы 2014 жылғы «Еуромайдан оқиғасы» осы ЕО-мен келісімнің бұзылуына байланысты еді. Осыдан екі жыл бұрын Украинаның сол кездегі президенті Петр Порошенко 2024 жылы Еуропалық одақ құрамына қосылуға өтініш беретінін мәлімдеген еді.
Биыл Грузияның премьер-министрі Георгий Гахария қарт құрлықтың игіліктерін көруге ұмтылып отырғанын хабарлады. «Біз АҚШ, ЕО және НАТО-мен ынтымақтастықты жалғастыра отырып, аумақтық тұтастығымызды басқыншылардан қорғап, бейбіт жолмен қалпына келтіруге тырысамыз. Грузия 2024 жылы Еуропалық одақтың толық мүшелігіне өтініш беруге дайындалып жатыр», деп жазды Георгий Гахария Twitter-дегі парақшасында.
Грузия премьер-министрі бұл мәлімдемесін ел президенті Саломе Зурабишвилидің Брюссельге сапары барысында бөлісті. Яғни ресми Тбилиси қарт құрлыққа қосылуға шын пейіл танытып отырғаны анық.
Әңгімемізге қайта оралсақ. Батумиде өткен саммитте Еуропалық Кеңестің президенті Чарльз Мишель үштікпен өткен жиынды еуропалық интеграцияның маңызды кезеңі деп мәлімдеді.
«Біз үштіктің «бірлескен серіктестер» мен Брюссель арасындағы үйлестіруді дамыту жөніндегі бастамасын құптаймыз. Бұл қадам болашақта реформаларды жүзеге асыруға, күн тәртібіндегі озық тәжірибелерді бөлісуге жол ашады», деді Мишель мырза.
Сондай-ақ Чарльз Мишель саммитте сөйлеген сөзінде Грузия, Молдова және Украина тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтіп жатқанына назар аударды. Оның айтуынша, үштік бұл кезеңде түрлі қиындықтарды бастан өткерді.
Чарльз Мишель аталған елдердің әрқайсысы сыртқы күштердің ықпалымен ел аумағының біраз бөлігінен айырылып қалғанын атап өтті. Мәселен, Молдованың Приднестровье, Грузияның Абхазия мен Оңтүстік Осетия, Украинаның Қырым мен Донбасс өңірлерінде шиеленісті жағдай әлі өзгерген жоқ.
Сондай-ақ Еуропалық Кеңестің президенті Одақ пен үш ел арасындағы серіктестіктің оң нәтижесіне тоқталды. Оның айтуынша, екіжақты қатынас тауар айналымын ұлғайтуға жол ашқан. Мәселен, кейінгі кезде сауда-экономикалық байланыс 45 пайызға өскен.
Үш мемлекеттің азаматтары Шенген аймағына кіретін елдерге еркін кіре бастағалы жарты миллионға жуық адам визасыз режімнің пайдасын көрген екен. Сонымен қатар 80 мыңнан астам жас Erasmus бағдарламасы аясында қарт құрлықтан білім алып келген.
Жиын барысында Грузия президенті Саломе Зурабишвили үш елге ортақ мәселелер көп екенін атап өтті. Бұл – олардың бір мүдде аясында топтасуына жол ашып отыр.
«Бізде ортақ нәрсе көп. Өткеніміз ортақ, егемендігіміз бен аумақтық тұтастығымызға төнген қауіп ортақ, сонымен қатар қауіпсіздігімізге төнген мәселелер мен тұрақтылығымызға сыртқы және ішкі күштерден төнген қауіп те ортақ. Сөйте тұра өткен шаққа оралғымыз келмейтіні де бәрімізге ортақ. Сондықтан Еуропалық келешекке күресуге әзірміз әрі құлшынып тұрмыз», деді Саломе ханым.
Әйтсе де, Еуропалық одаққа кез келген ел емін-еркін кіре алмайтынын айта кеткен жөн. Мәселен, Түркия 1999 жылы ЕО-ға үміткер ел ретінде қабылданды. Ал ұйымның толыққанды мүшесі болу жөніндегі жұмыстар 2005 жылы басталды. Соған қарамастан, әлі күнге дейін Анадолы қарт құрлықтың бас одағына ене алмай келеді.
Бұдан бөлек ЕО-ға үміткер 4 мемлекет бар. Солтүстік Македония – 2005 жылдан, Черногория – 2010 жылдан, Сербия – 2012 жылдан, Албания 2014 жылдан бері үміткер мәртебесін иеленді. Косово мен Босния мүшелікке кандидат атануға лайық елдер қатарында. Қысқасы, Еуропалық одаққа мүше болуға өтініш беру оңай болғанымен, оған қабылдану қиын.
Аталған елдердің Еуропалық одақпен қарым-қатынас орнатуға ұмтылуы бекер емес. Қазіргі таңда аталған ұйым әлемдегі ең үлкен одақтың, одан қала берді алпауыт нарықтың бірі саналады. Оның үстіне, ЕО-ның шартараптың түкпір-түкпіріне әсері ерекше. Мәселен, «Брюссель әсері» деп аталатын жаһандық заңнамаларға ықпал ететін феномен бар. Яғни ЕО әлемдегі ең үлкен тұтынушы нарығының бірі болғандықтан, көптеген трансұлттық корпорация Одақ құрамында қызмет етуі үшін оның ережелерін қабылдауға мәжбүр.
Еуропалық одақ экономикасының ауқымын мынадан-ақ аңғаруға болады. Қазіргі таңда қарт құрлық әлемдегі екінші экономика саналады. Ішкі жалпы өнім көрсеткішінің көлемі былтыр 15 триллион долларды құрады. Бұл жалпы әлем экономикасының алтыдан бірін құрайды.
Сондай-ақ ЕО әлемдегі ең ірі экспорттаушы ретінде белгілі. Мәселен, 2019 жылы Одаққа мүше мемлекеттер құны 2,13 триллион еуродан асатын тауарды басқа елдерге сатқан. Өз кезегінде 1,93 триллион еуроның өнімін импорттаған. Бұл – Еуропалық одақтан тыс аймақтармен жасалған сауда-экономикалық байланысы.
Айтпақшы, Еуропалық одақпен әріптестіктің тиімділігін биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің басшыларына жолдаған үндеуінде атап өткен болатын. Еуразиялық экономикалық одақ төрағалығын қабылдаған Президент осы ұйымның алдағы 5 жылдағы басым бағыттарын айқындап берген.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз үндеуінде сыртқы нарықтарға шығуды кезең-кезеңімен кеңейту, үшінші елдермен және интеграциялық бірлестіктермен сауда-экономикалық қарым-қатынастарды қарқынды дамытудың маңызына тоқталған. Мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін Мемлекет басшысы «ЕАЭО – ЕО» форматында диалог қалыптастыру жұмысын белсенділендіріп, жүйелендірудің маңызын атап өткен. «Еуропалық комиссиямен және Еуроодақтың өзге де органдарымен ынтымақтастық теңқұқылы және прагматикалық тұрғыда болуға тиіс», деп атап көрсеткен Қазақстан Президенті.
Жалпы, Еуропалық одақпен ынтымақтастық Қазақстан үшін тиімді болмақ. Мәселен, ЕО мемлекеттері Қазақстанның мұнай, газ, түсті металдар секторына қызығушылық танытады. Атом электр стансалары өте көп Франция секілді мемлекеттер Қазақстанның уран өнімдеріне зәру. Еуропалық трансұлттық компанияларды Қазақстандағы қолайлы инвестициялық ахуал қызықтырады.
Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері Еуропалық одақпен сауда-экономикалық байланыстарын жоғары қарқында дамытуға қол жеткізді. Бүгінде бұл Одақ – еліміздің басты сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі. Қазақстанның сыртқы сауда айналымы мен ел экономикасына тартылған шетелдік инвестициялардың жартысы ЕО үлесіне тиесілі.
Еуропалық комиссияның мәліметіне қарағанда, 2019 жылы Қазақстан мен ЕО арасындағы тауар айналымы 24,3 млрд еуроны құраған. Осылайша, біздің ел ЕО-ның сыртқы сауда әріптестері тізімінің 31-сатысына жайғасты. Соның ішінде қарт құрлыққа 18,3 миллиард еуро көлеміндегі өнімді экспорттасақ, импорттың құны 5,9 миллиард еуродан асты.
Тәуелсіздік алғалы бері «тоғызыншы аумаққа» 330 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылған. Соның 50 пайызға жуығы қарт құрлықтың еншісінде.
Қорыта айтқанда, Еуропалық одақпен ынтымақтастық жасасу, оның құрамына ену кез келген мемлекетке жаңа мүмкіндіктер сыйлайды. Сондықтан Украина, Грузия секілді Кеңес Одағының құрамында болған елдер аталған ұйымға үмітпен қарайды. Осы орайда Қазақстан ЕО-ға мүшелікке енбесе де, екіжақты сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға мүмкіндігі мол.