• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сайлау 22 Шілде, 2021

«Ақымаққа – шапалақ» дегізбейтін әкім керек...

642 рет
көрсетілді

Павлодар облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлнар Аманжолованың мәліметінше, өңірде ауыл әкімін сайлау 44 ауылдық округте өткізіледі. Жалпы саны 75 мың тұрғыны бар 130 ауылдық елді мекенде 52 мың сайлаушы бар.

Ауыл әкімі болғысы келетін 168 үміткердің 35-і – Nur Otan партиясынан, 4-уі – «Ауыл» партиясынан, 8-і – «Ақ жол», 3-уі – АDAL партиясынан ұсынылған, ал өзін өзі ұсынғандар саны – 109. Олардың ішінде мұғалімдер, инженерлер, экономистер және ауыл шаруашылығы мамандары бар. Кандидаттардың 118-і – әйелдер, яғни ер-азаматтар­дан екі еседен аса көп. Гендер­лік тең­дік қызуа ма, әйтеуір, қыз-келін­шектеріміз әкім болуға асығулы.

Гүлнар Аманжолованың ай­туынша, өтініш берген 168 үміт­кердің 142-сі тіркеуден өт­кен. Ал қалғандары сайлауға жіберіл­ме­ген, себебі 18 адам әкім лауазы­мы­на кандидатқа қойылатын білік­тілік талаптарына сай келмеген болса, 2 үміткердің сыбайлас жем­қорлық құқық бұзушылыққа жол бергендігі анықталған, тағы бір үміткер зейнеткер екен.

 Мәселен, Аққулы ауданы аумақ­тық сайлау комиссиясының мә­лі­метінше, сайлауға қатысқы­сы келген үміткерлердің бірі кіріс бөліміне мерзімі өтіп кеткен құжаттар тапсырған. Сондай-ақ Павлодар облысындағы ауыл әкімі атануға үміткердің бірі – Нұр-Сұлтан қаласының, екіншісі Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары болып шыққан.

«Партиялық емес байқау ор­та­лығы» республикалық қо­ғам­дық бірлестігі облыстық фи­­лиа­­лының жетекшісі Алма Қоз­баева­ның айтуынша, мониторинг жүр­гізуге өңірде 400-ден астам байқаушы дайындалған. Олар 126 сайлау учаскесінде тиісті бақылау іс-шараларын жүзеге асырады.

Бұған дейін ауыл тұрғын­дары: «Біз осы ауыл әкімін неге өзіміз сайламаймыз? Мына әкім не бітіріп жүр, өзі қалада тұрады. Көлікпен келіп-кетіп жұ­мыс іс­тейтін адам дұрыс әкім бола ала ма?», деген сұрақ қо­йып жа­ту­шы еді. Енді, міне, Мем­ле­кет басшысы ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұ­жы­рым­дамасына сәйкес ауыл тұр­­ғын­дарының жергілікті әкім­­дер­ді өздері сайлап, ауыл­дық аумақтарды дамытуға және жер­гілікті маңызы бар мәселелерді ше­шуге қатысуын кеңейтуге қо­лай­лы мүмкіндік берілді.

Облыстағы ауылдық елді ме­кен тұрғындарының саны аза­йып, 223 мыңдай адам қал­ғанын ескерсек, әсіресе шалғай­дағы ауылдарға жанашыр да іс­кер әкімдер керек. Су мен жол жоқ, мектебі мен үйлері тозған ауыл­дардың әбден қажыған тұр­ғын­дары әділ сайлау өткізіп, өз бас­шы­сын өздері сайлауға ықы­ласты.

 Қазір кей аудан әкімдері су құбырларын тарттық, үйлеріне дейін жеткіздік деп есеп бе­ріп жатады. Ал іс жүзінде жағ­­­дай басқаша болып шығады. Мы­салы, құбыр тартылып, таза ауыз су келді деген Қожамжар ауылында іссапарда болғанымызда келген су ішуге жарамайтын болғандықтан, бөтелкеге құйылған суды сатып әкеп, шай ішкеніміз бар. Мұндай келеңсіз жайлар аз емес.

Ауыл халқы қазір оянған. Жайлы орынтаққа жайғасқан туысынан пайда болмаса, оның еркелігін көтере алмайды. Ай­талық, Майқайың кентінің тұр­ғын­дарымен тіл табыса алмаған әкім жұртшылық талабымен орнын босатқан. Қазір жергілікті тұрғындар өздері қолдаған жас әкім Ербатыр Молдатаевпен бірлесе жұмыс істеуде.

Бұған дейін біздің өңірде кейбір бұрынғы басшылар, аудан әкімдері ауылға жете мән бермей келді. Мысалы, күмбездері жарқыраған кесенелері, қыруар қаржы жұмсап ашылған музей­лері бар шалғай ауылдар аз емес. Алайда сол ауылдарда не су жоқ, не жол жоқ. Әлеуметтік жағ­дайлары төмен. Мектептері әбден тозған. Осындай ауыл­дардың кейбір әкімдері болып жоғары тұрған әкімдердің туыс­тары тағайындалып келгендігі жасырын емес. Мысалы, бір ауылдың әкімі болып жоғары жақта отырған «дөкейдің» табын-табын жылқысына бас-көз болатын жақын адамы та­ға­йындалған. Бұл жағдайды бүкіл ауыл біледі. Іссапарға бар­ғанымызда тұрғындар: «Неге бұлай? Әкімді өзіміз сайласақ қалай болады?» деп ішкі реніш­терін білдіргені есімізде.

«Серік Үмбетов Жамбыл облысының жаңа әкімі болып келгенде, ең алдымен Қарахан күмбезіне барып, дұға оқытты. Содан кейін Мыңбұлақтағы Бауыр­жан Момышұлының музе­йі­не барып, тағзым етті.

Ауыл әкімі:

– Мен Бауыржанның туысымын, – деп таныстырды өзін. Сонда:

– Туысы болсаң, мына музейдің төбесінен неге тамшы ағып тұр? Айналасы неге лас? – деді облыс әкімі.

«Бір кем дүние», деп жазған еді марқұм Шерхан ағамыз «Ақымаққа – шапалақ» деген жазбасында. Сол сияқты жаңадан сайланатын әкімдер «Ақымаққа – шапалақ» дегізбей, ауылға жанашыр болса екен дейсің. Ауылдан жұрт кетсе, қазақтың жері мен малына кім ие болмақ?

Ауыл әкімін сайлау ауыл тұрғындарының белсенділігі мен сана-сезімінің артуына ықпал етеді. Әрбір сайлаушы осы сая­си науқанға қатысу арқылы өз ауылының болашағына әсерін тигізе алатынын түсінуі керек.

 Өңірдегі ауылдарға жиі барып жүргендіктен, көп ауыл әкімін жақсы білеміз. Бірақ сана-сезімі сергек, көкірегі ояу, құла­ғы түрік, ауыл шаруасын дөң­гелетіп жүрген пысық әкім­дерді көргеніміз өте сирек.

 ...Бір ауылға барғанымда ауыл әкімі хатшы қызға:

– Айгүл, «Қазақстан егемені» деген газеттен тілші келді. Ауылдың әлеуметтік төлқұжатын сұрайды, мынау орысша екен, қазақшасын тауып берші бұл кісіге, – дегені бар. Ал енді халық тікелей сайлайтын ауыл әкімдері тым болмаса еліміздің бас басылымының атауын дұрыс айта алатын азаматтар болса екен деген тілегіміз бар.  

 

Павлодар облысы