Алтын жүлдеге – 250 мың АҚШ доллары
Биылғы Сочи Олимпиадасында Қазақстан спортшылары чемпион атанып немесе жүлделі орындарды иеленіп жатса, қалыптасқан дәстүр бойынша мемлекет тарапынан қомақты сыйақыға ие болады.
Дүние додасының дүбірі
ХХІІ Қысқы Олимпиаданың басталуына 27 күн қалды
Алтын жүлдеге – 250 мың АҚШ доллары
Биылғы Сочи Олимпиадасында Қазақстан спортшылары чемпион атанып немесе жүлделі орындарды иеленіп жатса, қалыптасқан дәстүр бойынша мемлекет тарапынан қомақты сыйақыға ие болады.
Былтыр Олимпия ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлеріне және олардың жаттықтырушыларына төленетін қаржы жағы министрліктер мен республикалық бюджеттік комиссияның отырыстарында қаралып, жарыстың жеңімпазы мен жүлдегерлеріне мынадай көлемде сыйақы тапсырылатыны белгілі болды. Яғни, отандастарымыз Олимпиада чемпионы атанып жатса, оған 250 мың АҚШ доллары табыс етіледі. Екінші орынға – 150 мың АҚШ доллары, үшінші орынға 75 мың АҚШ доллары берілсе, төртінші, бесінші және алтыншы орын алған спортшыларға да сыйақы тапсырылады. Онда төртінші орынға – 30 мың, бесінші орынға – 10 мың, алтыншы орынға 5 мың АҚШ доллары беріледі.
Ал басқа елдерге келсек, Ресейде Олимпиада чемпионына 4 млн. рубль немесе 122 мың АҚШ доллары берілсе, Беларусьте бірінші орынға 150 мың доллар сыйақы тапсырылатыны хабарланды. Қытайда Олимпиада чемпионына берілетін сыйақы бұдан аздау. Бұл елде бірінші орынға 50 мың АҚШ доллары тағайындалса, Францияда чемпион 50 мың еуро немесе 68 мың АҚШ долларын алады. Германия болса, үздік спортшыларына 25 мың еуро немесе 34 мың АҚШ долларын дайындап отыр. Канадада 13 мың еуро немесе 17,500 АҚШ доллары тағайындалған. Бір қызығы, спортшылары Олимпиада чемпионы атанып жатса да сыйақы бермейтін елдер де бар. Мысалы, Жаңа Зеландия, Солтүстік Корея, Норвегия мен Швецияда Олимпиада үздігіне ақшалай сыйақы бермейді. Бірақ спортшыларын басқа жағынан қамтамасыз ететіні анық. Ал жүлделі орындардан үміткерлері көп елдер бәріне 250 мың, 150 мың және 75 мың доллардан берсе, біраз шығынға бататыны тағы бар. Осыны да ескеру керек секілді.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан».
Болливуд жұлдыздары Олимпиадаға баратын
үнді спортшысына ақша жинап жатыр
Сочидегі Олимпия ойындарына баратын бірнеше дүркін Азия чемпионы Шива Кешаванға қаржылай көмек көрсету үшін Үндістан мен өзге де мемлекеттерден «Ketto» онлайн-платформасы арқылы 15 мың долларға жуық қаражат жиналды.
Танымал болливуд жұлдызы Кунал Капур жетекшілік еткен компания аталмыш қорға 1 млн. рупий аударды. Кейіннен спортшыға қаржылай қолдау көрсетуге теннисші Леандер Паес, сондай-ақ, Абхишек Баччан мен Фрида Пинто атты актерлер де атсалысқан. Жиналған қаржы негізінен Шива Кешаванға жаңа шаңғы сатып алуға жұмсалатын көрінеді.
Шива Кешаван 1998 жылы Жапонияда өткен Олимпиадада ең жас шаңғышы ретінде өнер көрсеткен болатын. Кейіннен ол 2002, 2006 және 2010 жылдары өткен Олимпиадаларға қатысып, Азияда шаңғы спортынан бірнеше рет рекорд жасаған еді. «Мен Гималайдың бөктерінде туып-өстім. Ол жерде қыста, көшелердің барлығы қармен жабылған кезде, жергілікті балалар қолдан жасалған шаңғы мен шаналарын алып шығып, сырғанап ойнайтын. Осылайша, мен қысқы ойын түрлеріне қатты әуестеніп, 1996 жылдан бастап Үндістанда өткізілген жарыстардан қалмайтын болдым, – дейді спортшы ИТАР-ТАСС тілшісіне берген сұхбатында. – Жарыстардың бірінде маған австриялық жаттықтырушының көзі түсті. Менің спортшылық мансабым сол кезден басталды».
Алайда, он жылдан астам уақыттан бері Шива Кешаванның өз шаңғысы болмаған. Сондай-ақ, оған осы күнге дейін үкімет тарапынан ешқандай көмек көрсетілмеген екен.
Айдар ӨРІСБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».