Қостанай қаласында академик Кенжеғали Сағадиевтің құрметіне орнытылған ескерткіштің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Қостанай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Ел экономикасының дамуына, білім беру жүйесіне баға жетпес үлес қосқан көрнекті жерлеске ескерткіш ашу оның қызметіне деген құрмет пен алғыс болып табылады», деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.
Ескерткіш демеушілік қаражат есебінен тұрғызылған. Жаңа қала композициясының жалпы биіктігі 2,75 метрді құрайды.
Кенжеғали Әбенұлы Сағадиев Қазақстанның 5 ірі жоғары оқу орнын басқарды. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланған, Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы болды.
Төраға ретінде академик Сағадиев ҚР мемлекеттік бюджетін жоспарлау әдіснамасын дамытуға елеулі үлес қосты. Оның қызметінде адам капиталын дамыту және нығайту үшін маңызды сала ретінде білім және ғылым саласы елеулі орын алды. Өзінің ғылыми мектебін қалыптастырып 445-тен астам ғылыми жұмыстың, оның ішінде 20 монография мен оқулықтың авторы атанды.
Оның республикалық газет-журнал беттеріндегі жарияланымдары кеңінен танымал.